- Advertisement -

Аспантаудың алдаспаны

243

- Advertisement -

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың
туған күні Тараз төрінде ерекше аталып өтті

«Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім» деп жырлаған Аспантаудың алдаспаны, қара өлеңнің құлагері Мұқағали Мақатаевтың туғанына биыл – 88 жыл. ХХ ғасырда жазылған ақиық ақынның мұрасы ХХІ ғасырда ескірген жоқ. Қайта жаңа ғұмырын бастағандай. Өзі де: «Мен жиырма бірінші ғасыр ұрпақтарының құрдасымын», деп айтып кетпеп пе еді?! Иә, солай. Солай екеніне күллі қазақстандықтармен бірге жамбылдықтар тағы да көз жеткізді.  

Ақынның туған күніне орай облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен «Есіңе мені алғайсың» атты әдеби-сазды кеш өтті. Ғасыр ақынының ғаламат жырлары оқылған іс-шараға Мұқаңның ұлы Жұлдыз бен келіні Бақытгүл Айдарова Алматыдан арнайы келді.
Ұлт поэзиясының алып бәйтерегіне арналған кеш ақынның бозбалалық шағы мен өмір өткелдерінен сыр шерткен көрініспен басталды. Бұдан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сөз алды. «Ол 11 жасында қолына қалам алып, өзінің әдебиетке таласы бар екенін танытқан. Мұзбалақ ақынның жасын жырлары жүректерге шипа. Ұлт поэзиясын жаңа биікке көтерген ұлы Мұқаңның шығармалары қай дәуірде болсын көнермейтіні анық. Оның өлеңдері қазақ халқының жүрегіне орныққан. Мәңгі жасай да бермек»,– деген Бекболат Серікбекұлы қазақы салт-дәстүрмен Жұлдыз Мұқағалиұлының иығына зерлі шапан жапса, Бақытгүл Мұқағаликелініне қамзол кигізді.
Бұдан соң Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан мінберге көтерілді. «Тараз – ұлт тарихының тамыры байланған жер. Қасиетті Әулиеата төрінде Аспантау алдаспанының кеші өтіп жатуы – заңдылық. Мен одақтың сәлемін жеткізіп отырмын. «Қабырғасыз ғалам» деген ғаламат жоба аясында ақиық ақынның туған күні Алматыда да аталып өтіп жатыр. Басқа қалаларда да тойлануда»,–деген ол сөзінің соңын әдемі өлеңмен түйіндеп, іс-шараны ұйымдастырып отырған жамбылдықтарға алғысын білдірді. Кейіннен белгілі жазушы Несіпбек Дәутай сөз сөйлеп, Мұқағали Мақатаев мұрасы туралы кеңінен толғанды. Сондай-ақ Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы да өз ойын ортаға салып, ұлт әдебиетінің ұстынына айналған ақын туындылары университет қабырғасында кеңінен насихатталатынын тіліне тиек етті.
Бұл күні әдеби-сазды кешпен қатар айтыскер ақындар арасында «Ақынға парыз көп ойлау, артық та емес доп ойнау» атты шағын футбол турнирі ұйымдастырылған болатын. Аладоп аламанына келген белгілі айтыскерлер Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Біржан Байтуов арнаумен шашу шашса, Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының меңгерушісі Ахметжан Өзбеков Мұқағали шығармаларына қатысты ел арасында айтылған қызықты әңгімелер топтамасынан үзінділер келтірді.
Іс-шараға жазба ақындар да белсенді түрде қатысты. Бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері Нұржан Қадірәлі мен жас ақын Марал Хантөреқызы ақын рухына арналған отты жырларын оқып, Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйіне жиналған жырсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Әдеби-сазды кеш соңында Мұқағали Мақатаевтың ұлы Жұлдыз бен келіні Бақытгүлге сөз кезегі тиді.
– Бізді әкемнің ұлы поэзиясы қасиетті Тараз төріне жетектеп әкелді. Мен әкемнің қасында көп жүрдім. Ол кісі: «Түбі менің өлеңдерім күллі қазақтың жүрегінен ойып тұрып орын алады», деп отыратын. Сол сөзі бүгінде шындыққа айналғанына баршаңыз куә болып отырсыздар. Осынау іс-шараны ұйымдастырып отырған облыс әкімдігі мен облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли мырзаға алғысым шексіз, – деді Жұлдыз Мұқағалиұлы өз ойын түйіндеп.
Бұдан соң ұлы ақынның келіні Бақытгүл Айдарова сөз сөйледі. Ол да өз сөзінде әдеби-сазды кешті ұйымдастырып отырған азаматтарға ризашылығын жеткізді.
Зор толқыныспен ойын сабақтаған Бақытгүл Айдарова Мұқағали Мақатаев атындағы қордың атынан белгілі ақын Қайырбек Асановты, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғалиды, кешті жүргізген ақын, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Қалқаман Саринді, жас ақындар Нұржан Қадірәлі мен Марал Хантөреқызын ақын атындағы төсбелгімен марапаттап, «Есіңе мені алғайсың» атты жыр жинақты табыс етті. Сондай-ақ ол кеш барысында мұзбалақ ақынның отты жырларын мәнерлеп оқыған бірқатар жасөспірімге де сый-сияпат жасады.
Іс-шара барысында Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Сарала қаз» әнін Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Дулат Жасұзақов шырқаса, Ғани Мәтебаев «Аңғал досым-ай», Мадина Сағымбекова «Ұнатамын мен сені», Оңал Азаматова «Есіңе мені алғайсың» әндерін шеберлікпен орындап, өнерсүйер қауымның қошеметіне ие болды. Кездесуді түйіндеген облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли: «Бүгінгі кештің және қонақтарға тарту етілген кітаптың «Есіңе мені алғайсың» деп аталуының өзінде бір үйлесімділік бар сияқты» деп, Таразға арнайы атбасын бұрған ақынның ұлы мен келініне алғысын білдірді.
Қазақтың ақиық ақынының:
«Сен маған шарфыңды бер, шарфыңды бер,
Сыйыңа сый жасаймын, нарқымды көр.
Қарызыңды мың есе қайтармасам,
Шапалақпен жағымнан тартып жібер», деп келетін екі шумақ өлеңі өлеңсүйер қауымға кеңінен таныс. Мұқағали Мақатаев бұл жолдарды Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жерлесіміз, ақын Күләш Ахметоваға арнағаны да баршаға мәлім. Кеш барысында осы шараның өтуіне ақын Күләш Ахметованың да айрықша үлес қосқаны сөз болды. Бұл да өлеңі өлмейтін ақынға деген қарындасының құрметі болса керек-ті.
Осы күні Мұқағалидың жүрек тербететін, көңіл толқытатын өлеңдері сахна төрінде оқылды. Залға жиналған жұртшылық сол өлеңдерді қосылып оқып отырғанын, әндерді бірге шырқағанын да көз көрді. Бұның бәрі арда ақын туындыларының құндылығы қашанда жоғары екенін байқатады. «Мен жиырма бірінші ғасыр ұрпақтарының құрдасымын» деп тұжырым жасап, өзінің қанша жаста бақилық болатынына дейін болжап кеткен Аспантаудың алдаспанын әулие ақын демеске де шараң бар ма?
Мақатаев шығармалары еліміздің барлық түкпірінде насихатталып жататыны белгілі. Әрине, түрлі деңгейде. Алайда республикалық ауқымда Тараз төрінде туған күнінің аталып өтілуі – құптарлық іс. Бұл шараның көпке үлгі болатынын қонаққа келген ақындар да, басқа да азаматтар кезек-кезек айтып жатты. Жақсы іске бастамашы болған білікті басшылардың қадамына біз де қуандық.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support