- Advertisement -

Елді мекендердің отыз сегізіне газ құбыры тартылған

55

- Advertisement -

Аудандағы 44 елді мекеннің 38-іне жоғарғы және орта қысымды газ құбыры тартылған. Дегенмен күл шығарып, отын тасытпайтын «көгілдір отынның» игілігін көру үшін Қарасу, Ақкөзқайнар, Жауғаш батыр, Мыхан елді мекендері және Тасөткел, Шемен разъездерінің тұрғындарына әлі біраз күте тұруға тура келеді екен. Аталған ауылдарға 2025 жылға дейін газ кіргізу жоспарланған. Бұл туралы аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков ауылдық округ тұрғындарының алдындағы есеп беру кездесулерінде айтты.
Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, Андас Батыр ауылындағы «Нововоскресеновка» газ реттегіш стансасының құрылысы биыл аяқталмақ. Бұл нысанды қайта жаңғырту жобасының құны 776 миллион 800 мың теңгені құраған екен. 2017 жылға облыстық бюджеттен 70 миллион теңге қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар басталған. Биылғы жылға республикалық бюджеттен 676 миллион 843 мың теңге қарастырылып, құрылыс жұмыстарын аяқтау көзделіп отыр. «Нысан пайдалануға берілсе, келешекте аудан аумағында орналасқан Тәтті, Қарасу, Ақ жол, Беларық, Ақермен, Алтын арық, Аспара, Қайыңды сай, Кеңес елді мекендерінде орналасқан 15 әлеуметтік нысан және 655 аула толыққанды «көгілдір отынмен» қамтамасыз етіліп, аудан 100 пайыз газдандыралады», – деді аудан басшысы.
Қ. Сарымолдаев ауылдық округінде өткен есеп беру кездесуінде былтырғы атқарылған жұмыстарымен қатар, алдағы жоспарлы шаруалар туралы айтып өткен аудан әкімінің есебіне тұрғындар оң бағасын берді. Атқарушы органдар жұмысының жариялы түрде жүргізілгенін қоштайтындықтарын жеткізген жұртшылық коммуналдық төлемдер жинауда да ашықтық сақталса деген ұсыныс айтты. Көпшілік жұрт тиісті қызметкерлер үйде адам болмаған кезде көрсеткішті ойдан шығарып жазып кететінін жеткізді.
Ақарал ауылдық округінде өткен жиында азаматтар 9 жыл бұрын пайдалануға берілген медициналық пунктке газ тартып берсе деген өтініштерін жеткізді. Аудандық орталық емхананың бас дәрігері Б.Құрманәлі жылыту жүйесін газға ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжат дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткенін, жақын арада бюджеттен қаражат бөлініп, бұл жұмыс іске асатынын айтып түсіндірді.
Жиында ауыл тұрғындары мектепке дейінгі жаяу жүргіншілер жолы салынса деп мәселе көтерді. Ақарал ауылдық округінің әкімі О.Жантайбеков осы мақсатта жобалық-сметалық құжат әзірленгенін, алайда құрылысқа 6 миллион теңге қаражат қажет болып тұрғанын айтып, оның шешімін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен келісе отырып табуға тырысатынын жеткізді.
Жалпы, ауданда 2018 жылы автожолдарды жақсарту мақсатында республикалық, облыстық және аудандық бюджеттен 744 миллион 577 мың теңге қаржы бөлінген. Оның 267,5 миллион теңгесі ауылішілік автомобиль жолдарын орташа және ағымды жөндеуге қарастырылған екен. Сондай-ақ өткен жылы аудандық маңызы бар «Беларық-Аспара» автожолының 1 және 2 бөліктерін орташа жөндеу бойынша 237,2 миллион теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілген еді. Аудандық маңызы бар «Андас Батыр-Гранитогорск» 12 шақырым автожолын орташа жөндеу бойынша облыстық бюджеттен 146,9 миллион, республикалық бюджеттен 92,9 миллион теңге қаражат қарастырылған. Сөйтіп жоспарлы жұмыстар былтыр толық аяқталған болатын. Соның нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша аудандық мәндегі жолдардың жақсы және қанағаттанарлық үлесі 80,4 пайызды құраған. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ.

Еркін ЖАСЫБАЕВ,
журналист.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support