- Advertisement -

Қоғамдық ахуалдың тұрақтылығы бәрінен де маңызды

66

- Advertisement -

Жалпы, жұрттың әлеуметтік көңіл-күйіне өңірдегі қоғамдық-саяси және экономикалық үдерістердің әсері басым. Тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға ықпал ететін бірден-бір фактор да осы екені даусыз. Дегенмен санада серпіліс болмайынша, қоғамның жаңғыруы мүмкін емес. Сондықтан елдегі жүзеге асырылып жатқан стратегиялық маңызы бар жоспарлар халықтың игілігіне арналғанын көпшілік айқын сезіну үшін оған түрткі болатындай, ортақ іске жұмылдыру аса маңызды. Ішкі тұрақтылықты сақтап, қоғамдық ахуалды жақсарту үшін ұйымдастырылатын шараларға баса мән берілетіні осыдан.
Қоғамдағы қалыптасқан ахуал, әлеуметтің көңіл-күйі дегенде, облыстық ішкі саясат басқармасы тарапынан ұйымдастырылатын іс-шараларды бір шолып шығарыңыз анық. Былтыр аталған басқарма өңірдегі қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыру үшін қандай бастамалар көтеріп, қанша шара өткізді? Бұл қадамдар көздеген мақсатқа қол жеткізуге ықпал етті ме? Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басқарма басшысы Берік Құрманғали осы сауалдардың нақты жауабын берді. Тараз қаласының орталығында қоныс тепкен «Баспасөз үйінде» жаңадан ашылған баспасөз орталығындағы БАҚ өкілдеріне арналған алғашқы мәслихатты ішкі саясат басқармасы басшысының өткізуі кездейсоқтық емес. Басқармаға қарасты өңірлік коммуникация қызметі жақында осы ғимаратқа қоныс аударған еді. Сондықтан бұл басқосу жаңа орталықтың тұсаукесер рәсімі деуге де болады.
Баспасөз конференциясында Берік Уәлиұлы 2018 жылы атқарылған жұмыстарға кеңірек тоқталды. Алда тұрған міндеттер туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Негізгі нәтижесі – басқарма тарапынан жоспарланған іс-шаралар мен көзделген мақсатты индикаторлардың толық орындалғаны.
– Өткен жылы басқарма 52 іс-шара өткізді. Олар ұлттық және мемлекеттік мерекелер, елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына арналған. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру жолдарын талқылап, алдағы жұмыс жоспарымызды түзіп алу үшін түрлі конференциялар ұйымдастырдық. Оған республикаға танымал журналистер, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, блогерлерді шақырдық. Жалпы, қоғам өкілдері қатысқан шаралардың аудиториясы мен форматы да әралуан. Жүргізген жоспарлы шаралардың нәтижесінде өткен жылы қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы сақталып, этносаралық және дінаралық шиеленістер орын алуына жол берілген жоқ, – деді Берік Құрманғали.
Бүгінде облыста 63 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Ақпараттық технологиялардың дамуы БАҚ-қа да әсер етуде. Соңғы жылдарда біздің өңірімізде де ақпараттық сайттардың қатары арта түсуде. Ал «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы телевидениенің хабар тарату жүйесіне өзгеріс әкеліп отыр. Өткен жылы аталған бағдарлама шеңберінде Маңғыстау облысы және Шымкент қаласымен бірге біздің өңіріміз де алғашқылардың бірі болып аналогты хабар таратуды тоқтатып, 100 пайыз цифрлық эфирлік хабар таратуға көшті. Басқарма басшысының айтуынша, облыстағы атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіліп, 2400 отбасыға жергілікті бюджет есебінен 13 528 мың теңге бөлініп, цифрлы жалғамалар /приставкалар/ әперген.
– Былтыр басқарма басшылары мен аудан әкімдері өңір басшысы бекіткен кестеге сәйкес өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өткізіп, сол күні атқарылып жатқан жұмыстарын «Jambyl» телеарнасының «Бірінші студия» бағдарламасында тікелей эфирде баяндағаны мәлім. Бұл тәжірибе биыл да жалғастырылмақшы. Жалпы, атқарушы органдар жұмысының жариялылығын сақтау бағытындағы қолға алған жұмысымыз өз нәтижесін беруде. Былтыр өңірлік коммуникциялар алаңында 165 брифинг өткізіп, республика бойынша 4-орын алдық, – деген Берік Уәлиұлы өткен жылы облыс бойынша әкімдіктер мен басқармалардың баспасөз хатшыларына арнайы 3 оқыту семинары өткізіліп, барлық мекемелердің әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары қайта жаңартылып, белсенді жұмыс жүргізілгенін айтты.
Бұл өз кезегінде мекеме жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, қоғам белсенділері көтерген мәселелердің дер кезінде назарға алынып, тиісті шара қолдануға ықпал етіп отыр. Нақты деректер де осыны көрсетеді. Мәселен, әлеуметтік желілер бойынша Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің ресми парақшаларында жалпы 4634 пост жарияланған. Сол арқылы 313 486 адам керекті ақпаратқа қол жеткізген.
Жайлы қоғам қалыптастыру үшін облыстық ішкі саясат басқармасы азаматтық қоғам институттарымен тығыз қарым-қатынас орнатуға да басымдық береді. Өңірде 80-нен астам этнос өкілдерінің құрған 26 облыстық, 1 қалалық және 47 аудандық этномәдени бірлестіктермен бірлесе жұмыс жүргізеді. Облыста 854 үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) тіркелген болса, белсенді жұмыс істейтін 200-дей қоғамдық бірлестікті ортақ мақсатқа жұмылдырып отыр. 2018 жылы облыс бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 49 бюджеттік бағдарламалар әкімшісі қаржы қарастырған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа жоспарланған қаржы сомасы 814,8 миллион теңге, ал жоспарланған жобалар саны 240 екен. Тапсырыстың 70 пайызы (590,0 миллион теңгесі) жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен бөлімдер тарапынан бөлініпті.
Осы және басқа да мәселелерді кеңінен түсіндірген басқарма басшысы алдағы жоспарлы шаралардың ішінде 1 қарашада бекітілген нұсқаға сай, Елтаңбаны ауыстыру жұмыстары назарда болатынын айтып өтті. Жергілікті атқарушы органдар мен білім беру мекемелері 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін, аумақтық департаменттер мен басқармалары 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін бұл жұмысты аяқтауы тиіс. Осы мақсатта Жергілікті атқарушы органдар тарапынан биылға 140,7 миллион теңге қарастырылып отыр екен.
– Жоспарланған шаралар өте көп. Атап айтсақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Рухани жаңғыру» жобалық офисі» коммуналдық мемлекеттік мекемесін құрып жатырмыз. Ішкі саясат басқармасының жанынан құрылатын мекемеде он адам тұрақты штатта қызмет атқарады. Бүгінде оның құжаттары рәсімделуде. Бұл – Мемлекет басшысының мақаласынан туындаған міндеттер. Офис тек «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ғана емес, «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласынан туындаған тапсырмаларды назарға алып жұмыс жүргізетін болады. Мақсат – осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру. Бұл біздің өңірімізде ғана емес, жалпы 14 облыста, 3 мегаполис қалада ашылғалы отыр, – дей келе Берік Құрманғали журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, биыл облысымыздың – 80, Т.Рысқұловтың – 125, «Знамя труда» газетінің – 100, «Jambyl» телеарнасының 30 жылдығы аталып өтіп, «Бірлік түбі – береке» қоғамдық форумы ұйымдастырылатынын тілге тиек етті.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support