- Advertisement -

Біз жанбасақ лапылдап…

55

- Advertisement -

Мен де Тәуелсіздік ұрпақтарының бірімін. Астана қаласындағы Қазақ агротехникалық университетінде агроном мамандығы бойынша оқып, бакалаврлық, сосын магистрлік біліктіліктерін меңгергенмін. Тараз қаласындағы орта мектепті бітіріп, алдымда тоқсан тарау жол тұрған тұста ауыл шаруашылығы саласын таңдағаныма тіпті де өкінбеймін. Бүгінде мемлекеттік қызметтемін. Еңбек жолымды бастағаныма екі жыл ғана өткенмен, үйренгенім көп-ақ.

Менің бір байқағаным, аталған саланың мамандары «қартайып» барады. Міне, сол кісілердің тәжірибелерін үйреніп, мектебінен өткеннің өзім үшін де тиімді болатынын жақсы түсінемін. Жас мамандар қатарының толығуы қай кездегіден де маңызды қазір.
Абай хакім айтып өткендей, жастардың «Я адвокат, я сот болсам деген бәрінде ой» әлі де. Бағзы кездегі сол бір ұғым-түсінік жастарымыз санасында мүлде өзгермеген қалпында сақталған сияқты. Мысалы, бір ғана ауыл шаруашылығы саласының өзінің әлі де шалғыны жапырылмаған күйінде тұр емес пе? Бұл салаға механизатор, малшы секілді қарапайым мамандық иелері былай тұрсын, жоғары білікті агроном, зоотехниктер де ауадай қажет. Елбасы да былтырғы Жолдауында аталмыш саланың әлеуетін арттыру керектігін тағы да баса айтып, бұл тұрғыда алдымызға зор міндеттер қойғаны белгілі. Ол негізсіз де емес. Халқымызды асыраушы сала да – осы. Азық-түлік өнімдерінің бәрі де ауылда өндіріледі, несібемізді малдан, одан қалды егіншіліктен айырып отырмыз емес пе? Өмір-тіршілігімізді ауыл шаруашылығынсыз көзге елестету тіпті де мүмкін емес.
Ауылда қалып қойып, заманауи өзгерістерден алшақтау, ұлттық томаға-тұйықтықта тіршілік кешу көп жастарымыздың қазіргідей өзгермелі өмірге, нарықтық қатынастар талаптарына тез бейімделіп кетуіне едәуір кедергісін де келтіріп отырған сыңайлы. Біз оларға кәсіппен айналысып, өнер үйренуіне мүмкіндік беруіміз керек. Осы тұрғыда өңірімізде былтыр өткен «Жерлестер форумында» Жамбыл ауданы, Аса ауылынан шыққан жас кәсіпкер Қуаныш Шоңбайдың алдағы екі жылда мыңға жуық жамбылдық жастың шетелге барып, кәсіп үйренуіне қолдау көрсету жөніндегі бастамасы да құптарлықтай. Қолдау осылай жеке кәсіпкерлер тарапынан да көрсетілуге тиіс.
Өз басым жоғары оқу орнында оқығанымның арқасында ел, жер көріп, көп нәрсеге көз жеткізе алдым деп ойлаймын. Мысалы, Еуропа елдерінде, оның ішінде Польшада, ТМД елдері аумағында, Беларуссияда өндірістік тәжірибеден өттім. Беларусь елі өздерінің брендтік өніміне айналып үлгерген доңғалақты тракторы мен картобы арқылы адамзат баласын асыруға, техникамен қамтуға атсалысуда. Біздің де кең-байтақ жерімізді игеріп, осындай деңгейге көтерілуімізге мүмкіндігіміз де, әлеуетіміз де әбден жетеді ғой. Ол үшін ең бастысы, ниет пен ынта болуға тиіс.
Шет мемлекеттердегі секілді біздің еліміздің ірі компаниялары да аграрлық жоғары оқу орындарының 4-5-курстарында оқитын студенттерін қазірден бастап қамқорлықтарына алып, жанашырлық танытып, өндірістік және шаруашылық жүргізу ісіне икемдеп, бейімдей беруі қажет. Жастардың ел, жер көріп, жаһандық озық тәжірибелерге ден қойып, жете таныса бергені артықтық етпейді. Бұл жағдайлар енді өсіп, қалыптасып келе жатқан жас маманның ойын, отансүйгіштік сезімін оятады, дамытады, жаңа жетістіктерге жігерлендіреді.
Мен де Елбасының Жастар жылының ашылуы рәсімінде сөйлеген сөзін ұйып тыңдадым. «Жас кәсіпкер» бағдарламасын жасап бекіту, жас кәсіпкерлерге бөлінетін гранттарды екі есеге дейін көбейту, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылды жерлерде жұмыс істеуге ниеті бар жастарға берілетін демеу қаржының көлемін 100 айлық есептік көрсеткішке жеткізу жөніндегі тапсырмаларының қай-қайсысы болсын жастарға қатысты. Әсіресе «Ең басты жетістігіміз, ол – жаңа буын қазақстандықтарды тәрбиелеп жатырмыз» деген сөзіне айрықша риза болып, қанаттанып қалдым. Бұл – Мемлекет басшысы бізге үлкен сенім артып отыр деген сөз. Сол сенім үдесінен шыға алу – бізге сын.
Меніңше, Жастар жылы бір жыл ішінде өте шығатын науқандық шара болып қалмауға тиіс. Ауыл жастарына, олардың әлеуметтік мәселелері оң шешілуіне тұрақты түрде көңіл бөлініп тұрғаны жөн. Әсіресе желкілдеп өсіп келе жатқан жас өрендеріміздің, әрине, жастардың да әжелер мен аталар институттары тәрбиесімен қамтылуы, еңбек ардагерлерінің өнегелі өмір жолдары үздіксіз үлгі етіліп, насихатталуы өте-мөте қажет іс деп санаймын. Бұл шаралар жастардың қоғамның белсенді бір мүшесі ретінде кірігуіне, мемлекетке пайдасын тигізетін азаматтар болып қалыптасуына едәуір ықпал етері анық.

Әбдірәсіл ЖЕЛЕУБАЕВ,
облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы
басқармасы егін шаруашылығы бөлімінің маманы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support