- Advertisement -

Жаңа әліпбиді жатсынбау керек

60

- Advertisement -

Қазіргі кезде латын графикасына негізделген қазақ тілі емле-ережелерін көпшілікке түсіндіру жұмысы өзекті болып отыр. Мұндай түсіндіру жұмыстары облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен барлық ауданда жүзеге асты. Қорытынды кездесу Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйінде өтті.
Жиынды облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды. Ол қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру аса маңызды екенін айта келіп, жиналғандарды арнайы келген тіл мамандарын тыңдауға шақырды. Әуелі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Күлзинат Қарымбаева бұл бағытта республикалық төрт жұмысшы тобы құрылғанын, орфографиялық топ әзірлеген емле- ережелерді таңдағанымызды, бұл төменнен жоғары қарай жүретін үрдіс екенін айтты. Сондай-ақ ол тілдік реформаның өзектілігін, тіл заңдылығы қолданыстағы әріптердің өзгеруіне байланысты тарихта талай мәрте өзгергенін, бұл мәселе кезінде әліпби нұсқасын жасаған Ахмет Байтұрсыновты да толғандырғанына тоқталды. Одан әрі дауысты және дауыссыз дыбыстардың мүмкіндігіне, түсіп қалған әріптердің орны немен алмасатынына көңіл аударып, кеңінен түсіндірді.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Балмира Мырзабаева облыстық тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен дайындалған «Qazаlipbi.kz» онлайн бағдарламасының тиімділігін, қолжетімділігін жан-жақты әңгімеледі. Оның әрбір сабағы қалай өтетінін, қандай салаларды қамтығанын айта келіп, онлайн жүйесінде жұмыс істеу тетіктерін толыққанды баяндады. Тіпті залға жиналған жұртшылықпен байланыс орнатып, кейбір латын графикасымен жазылған мәтіндерді оқытып, деңгейлерін сынап көрді. Жалпы, семинарға колледждер мен орта мектептердегі тіл мамандары, студенттер мен оқушылар белсенді қатысты.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Сәтбекқызы 2025 жылды күтіп жүре бермей, мерзімді басылымдарда латын графикасымен жазылған мақалаларды оқып, мәтінді негізге алып жазып, көз бен қолды жаттықтыра беру аса қажет екенін тілге тиек етті.

Е.Алдаберген.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support