- Advertisement -

Партия пәрменімен атқарылған іс көп

43

- Advertisement -

Бүгінде Елбасы жетекшілік ететін «Нұр Отан» партиясы қазақстандық көшбасшы ғана емес, әлемдік деңгейде де бағыт-бағдары айқын және даму барысы дараланған партия болып отыр. Мемлекет басшысы дәстүрлі Жолдауларында әрдайым «Нұр Отанға» басымдық береді және қоғамдағы кез келген мәселенің шешілуіне партияның атсалысқанын қолдайды. Биыл наурыз айында 20 жыл толатын еліміздің бас партиясы «Нұр Отанды» құруға біздің ауданнан да азаматтар атсалысқан болатын. Олар кезінде белді қызметтерді атқарған, бүгінде бақилық болған Бұралқы Боранбаев, Көшербай Сабабаев, бейнетінің қазір зейнетін көріп отырған Тыныштық Бектөреева мен Алпыс Жақсылықов секілді азаматтар.
Партияның XІV съезінде «Халықтық ұйымға айналған «Нұр Отан» менің бастамаларыма қолдау көрсетіп, іргелі істердің ұйытқысы болуда» деген еді Партия Төрағасы.
Бүгінде бағдары айқын, болашағы жарқын партия біздің ауданда тың серпіліспен, жаңа тыныспен қоғамды алға бастап келеді. Сондықтан «Нұр Отан» үшін парияның ең негізгі ұстанымы – тұрғындар сөзі қашанда үстем тұрады. Ал біз халықтың жай ғана қызметшілеріміз. Уақыт үдесінде қандай қиындық болса да, ел cенімі үшін барымызды саламыз. Бүгінде біздер тұрғындардың әлеуметтік жағдайын ескеріп, елді мекендерде тұрақты түрде көшпелі қабылдаулар өткізіп келеміз. Өзекті мәселелерді дер кезінде шешу үшін жергілікті атқарушы билікті қатыстырамыз. Мұның елеулі игілігі болды және бола бермек. Соның айқын дәлелі – соңғы бес жылдың көлемінде Жаңатас қаласының өзінде 280 балаға арналған 2 типтік бөбекжай, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 2 бөбекжай-бақшасы ашылды. Қала ішіндегі саябақтар, гүлзарларға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи қалыпқа келтірілді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қала ішінде 6 «ақылды аялдама», «Рухани жаңғыру» орталығы пайдалануға берілді. Қызыл диқан және Арыстанды тұрғындарының көптен күткен ауылға ауызсу тарту мәселесі қолға алынды. Сөйтіп 2 елді мекенге күзден бастап ауызсу тартылатын болды.
Елбасы 2017 жылы қараша айында өткен партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партияны жаңғырту бағытында біршама тапсырмаларды жүктеген-тін. Ал былтыр партиялық жаңғырту бағытында жаңа 22 жоба қабылданды. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында да бірнеше бастама қолға алынды. Жоба аясында елімізде 1000 ІТ сынып ашылып, онда жылына 8-16 жас аралығындағы 150 мың бала бағдарламалау және робот техникасының негіздері жайында тереңдетілген білім алуы көзделген. Бұл бастама мектептерге факультативті пән ретінде енгізіліп, 3 айлық және 6 айлық курс ретінде жүргізіледі. Соның бірі – партияның аудандық филиалы мен аудан әкімдігінің білім бөлімі бірлесе отырып қолға алған, жақында ғана Ш.Уәлиханов мектеп-гимназиясы базасында ашылған аудандағы алғашқы IT сынып. Биыл осындай тағы бір сыныпты ашу жоспарымызда бар.
Мұнан бөлек, партияның «Білім орталығы» бастамашыл жобасы аясында былтыр 6 шілде Астана күнінде еліміздің бас қаласының 20 жылдық мерейтой құрметіне арналып, Жайылма ауылында аудандағы алғашқы ақпараттық білім орталығы құрылды. 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай аудандық орталық кітапхана базасында алғашқы коворкинг орталығы ашылды. Жалпы, биылғы жылы аталған жоба аясында аудан көлемінде осындай білім орталықтары 13 елді мекеннің кітапханасынан ашылады деп жоспарлануда.
«Нұр Отан» – еліміздегі ең көп мүшесі бар партия. Сәйкесінше, біздің филиалда да 5 мыңнан аса партия мүшесі бар. Олардың барлығы түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтар.
Партияның негізгі өзегі бастауыш партия ұйымдары болғандықтан, 2015 жылдан бері республикалық «Ең үздік бастауыш партия ұйымы» байқауы өткізіліп келеді. Оған сарысулық бастауыш партия ұйымдары да белсенділікпен қатысып жүр. Сол жылы «Қаратау» БПҰ облыста жеңімпаз атанып, республика көлемінде арнайы дипломмен марапатталды. 2016 жылы «Өндіріс» БПҰ облыстық деңгейде жүлделі екінші орынға, 2017 жылы бірінші орынға ие болып, партия Орталық аппаратының Алғыс хатымен марапатталды. 2018 жылы «Игілік» БПҰ облыста жүлделі үшінші орыннан көрінді.
Қазақстан бүгінде күн санап іргесі берік, ынтымағы жарасқан қуатты мемлекетке айналуда. Дамудың үдемелі жолын таңдаған мемлекетіміздің жаңаша сипатын қалыптастыруға әрқайсымыз мүдделіміз.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттің бүгінгі жарқын белесін қалыптастырған, болашағын айқындайтын сындарлы саясатының жергілікті жерде табысты жүзеге асуы ең алдымен халықтың қолдауына, сеніміне байланысты. Мемлекет басшысының «Қазақстан – 2050» Стратегиялық бағдарламасының басты бағыты халықтың әлеуетін көтеру, инновациялық инфрақұрылымды дамыту болып табылады. Аталған бағыттарға қатысты жұмыстарды іске асыруға аймағымыздағы алғышарттар жеткілікті.
Тұрғындардың рухани сауаттылығы мен әдеп-салтын қалыптастыруда халықтық дәстүрімізге негізделген мәдени шаралар, тағылымды жиындар жиі ұйымдастырылады. Осы жұмыстардың барлығында ел тағдыры үшін жауапкершілікті мойнына алған, Елбасының барлық стратегиялық жоспарларын іске асыруда сенімді тірегіне айналған «Нұр Отан» партиясының қолтаңбасы айрықша. Тәуелсіздік жылдарының басты жемісі – Ұлт Көшбасшысының мемлекеттік бағыт-бағдары Қазақстанның өсіп-өркендеуінің басты кепілі. Сол себепті біз әр азаматтың әлеуетін, жасампаздық күш-қуатын, болашаққа деген сенімі мен білімін өз Отанымыздың игілігіне жұмсауға тиіспіз! Ең бастысы – республикадағы барлық игілікті жұмыстың басында нақты істер мен партиялық жаңғырудың ұйытқысы болып отырған «Нұр Отан» тұрғанын естен шығармағанымыз абзал.

Қуаныш ҚҰЛЫБЕКОВ,
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support