- Advertisement -

Жәнібек жекпе-жекке дайын

70

- Advertisement -

Орта салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген қазақстандық былғары қолғап шебері Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокс әлеміндегі бесінші жекпе-жегін өткізуге тастүйін дайын десек те болады.
Отандасымыз 3 ақпан күні таң алагеуімде америкалық Стивен Мартинеске қарсы шаршы алаңға шығады. Сегіз раундтық форматтағы кездесу АҚШ-тың Техас штатына қарасты Фриско қаласында өтеді. Жәнібек Сергей Ковалев пен колумбиялық Элейдер Альварестің қарымта жекпе-жегі басты шоуға айналатын бокс кешінің андеркардында шаршы алаңға көтерілмек.
Қазақстандық боксшының қарсыласы бұған дейін 22 жекпе-жек өткізіп, 18-інде жеңіске жетсе, төртеуінде жеңілістің ащы дәмін татқан екен. Дегенмен ол рейтингте Жәнібектен жоғары тұр. Стивен Мартинес орта салмақ дәрежесі бойынша boxrec.com-ның сайтында 128-орынға орналасса, Жәнібек Әлімханұлы 150-орынға жайғасқан. Дегенмен мамандар Жәнібек Әлімханұлының жеңіске жететініне бек сенімді. Олар Әлімханұлының техникасы мен шеберлігі шешуші факторға айналатынын алға тартады.
Букмекерлік кеңселер де Жәнібекті фаворит ретінде таңдапты. Мәселен, «Олимп» букмекерлік кеңсесі Жәнібектің жеңісіне 1,33 коэффициент ұсынса, Мартинес жеңімпаз атанады дегенге 3,60 коэффициент беруде.
Әйгілі «Top rank» промоутерлік ұйымымен келісімшарт жасасқан Жәнібек Әлімханұлы мүмкіндігінше жылдам әлем чемпионы атануды мақсат тұтады. Сол себепті де рейтингте өзінен жоғары тұрған боксшылармен қолғап түйістіруді мақұл көреді.
Кәсіпқой бокстың жілігін шағып, майын ішкен көптеген тұлғалар Жәнібек Әлімханұлының болашақ әлем чемпионы екенін айтып та, жазып та жүр. Кәсіпқой бокстағы мансабының бастапқы кезеңінде тәжірибелі боксшылармен қолғап түйістіруді жөн санаған отандас­ы­мыздың қадамы бізді де қуантады.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support