- Advertisement -

Тарифтер саласында тәртіп орнатылатын болады

43

- Advertisement -

Бүгінгідей жаһандық үрдістер мен басқа да жайларға байланысты қоғамның «қысқа күнде қырық құбылуы» орын алған өзгермелі өмірде қай салаға қатысты болсын заңнамалық құжаттарға дер мезгілінде өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп отыруы үйреншікті құбылысқа айналып та үлгерді. Қоғамның, халықтың сұранысы сондай. ҚР «Табиғи монополиялар туралы» Заңына өзі алғаш қабылданған 1998 жылдан бері екі-үш мәрте екшеліп, бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Енді бұл құжаттың күші жойылды.Ал жаңа жыл басталар қарсаңда, 2018 жылғы 27 желтоқсанда қабылданған ҚР «Табиғи монополиялар туралы» Заңы түбірінен қайта қаралып, жаңаша сипатта жарық көріп отырғанын атап өткен жөн. Ол табиғи монополиялар саласында туындаған жүйелі мәселелерді шешуді қаншалықты жеңілдетіп отыр? Облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерболат Дүйсембиевпен арадағы сұхбатымыз, міне, осы тұрғыда өрбіген еді.

– Жаңа заңның жаңалығы неде?
– Қазақстан Республикасы «Табиғи монополиялар туралы» заңына да арада өткен жиырма жыл бедерінде бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Ал мына жаңа қабылданған заңда қадау-қадау өзгерістер бар. Оның ішінде басты өзгерістердің бірі ол, табиғи монополия субъектілері уәкілетті органға (департамент) тарифті бекіту туралы өтініштерін қағаз түрінде емес, электронды нұсқада ұсынатын болады және тарифті өзгерту уәкілетті органның немесе табиғи монополия субъектісінің бастамасы бойынша жылына бір реттен жиілетпей жүзеге асырылатындығы қарастырылған.
Одан басқа жаңа заңда тариф құрудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті органның табиғи монополиялар субъектілерімен бірлесіп айына бір реттен сиретпей тұтынушыларды қабылдауды жүргізу, өзінің интернет-ресурсында электрондық жеткізгіште ұсынылған қоса берілетін құжаттармен бірге өтінімді және табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін мемлекеттік реттеуді жүзеге асыруға қатысты өзге де ақпаратты орналастыру бойынша міндеттері қарастырылған.
Сонымен қатар табиғи монополия субъектісіне жылына екі рет тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдында жарты жылдың және жылдың қорытындылары бойынша бекітілген тарифтік сметамен инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуы және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есептер беруді өткізу міндеттелген.
– Тарифтік көрсеткіштерді төмендету жөніндегі Елбасы тапсырмасы өңірімізде қалай орындалуда? Газ, су, жылу және электр қуаты қаншалықты арзандатылып отыр?
– Бүгінгі күні облыс бойынша табиғи монополиялар субъектілерінің Мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне 38 табиғи монополия субъектісі енгізілген.
Ал Елбасының тапсырмасына сәйкес, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап 15 субъектінің 16 қызмет түрі бойынша тарифтік көрсеткіштері төмендетілді. Оның ішінде газ және электр энергиясы салаларында қамтамасыз ету мен тасымалдау секілді қос-қостан қызмет түрлері көрсетіледі. Екеуі де әлеуметтік маңызға ие. Оның бірі табиғи монополиялық нысандар, екіншісі қоғамдық-әлеуметтік нарық тарапынан ұсынылады.
Мысалы, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 мың текше метр газдың тұтыну бағасын, қосымша құн салығын қоса есептегенде, 27 272,74 теңгеден 25 548,62 теңгеге, яғни 6,3 пайызға төмендетті. Бұл әрбір тұтынушының 1 мың текше метр газға төлем жасау кезінде 1539,4 теңге үнемдеуіне де септеседі. Ал «Таразэнергоорталық» АҚ-ның жылу қуатын есептегіш аспаптары бар тұрғындарына қарастырылған тарифі 1 Гкал үшін 193,3 теңге төмендетілді. Атап айтқанда, қосымша құн салығын қоса есептегенде, 1 897,65 теңгеден 1 681,21 теңгеге, яғни 11,4 пайызға және жылу қуатын есептегіш аспаптары жоқ тұрғындарға 1 шаршы метр үшін 11,1 теңгеге төмендетілді немесе қосымша құн салығын қоса есептегенде, 108,49 теңгеден 96,12 теңгеге, яғни 11,4 пайызға, «Жамбыл Жарық Сауда – 2030» ЖШС-ның электр қуатының 1 кВт/с үшін тұрғындарға орташа босату бағасы қосымша құн салығын қоса есептегенде, 14,95 теңгеден 13,87 теңгеге, яғни 7,2 пайызға төмендетілді. Сондай-ақ «Тараз Су» КМК-ның өткен жылғы 1 текше метр су үшін төлем тарифі қосымша құн салығын қоса есептегенде, 58,8 теңге болса, ол 2018 жылғы 1 қазан айынан бастап 22,9 пайызға төмендетіліп, 45,18 теңге көлемінде қалыптасып отыр.
Бұл – үнемделген қаржылар басқаның емес, тұрғындардың қалтасында қалады деген сөз. Мұның барлығы да кәсіпорындардың мүмкіндіктері мен әлеуеті жан-жақты қарастырылуымен жүзеге асырылып отырған шаралар.
Сонымен қатар департамент өз тарапынан 2017 жылға тарифтік сметалардың және инвестициялық бағдарламалардың орындалуына жүргізілген талдаулардың нәтижелері негізінде 12 табиғи монополия субъектісінің 15 реттелетін қызмет түрі бойынша жалпы сомасы 281 миллион 35 мың 850 теңгеге орындалмаған шығындар баптарын анықтап, осы сомаға қолданыстағы тарифтеріне уақытша өтемдік тарифтер төмендетіліп бекітілген болатын.
– Қарапайым тұрғындардың тұтынушы ретіндегі құқықтары мен мүдделерінің қорғалу мәселесі қаншалықты жетілдірілген? Бұл тұрғыда ауыз толтырып айтарлықтай қандай өзгерістер енгізіліп отыр?
– Табиғи монополия субъектілері мүдделеріне толығымен жауап беретін ережелер енгізілуі заңның тұтынушылар мен ТМС мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтау туралы мақсатына сәйкестігін қамтамасыз етеді деп сеніммен айтуымызға болады.
Ең бір атап өтерлігі, жаңа заңда ҚР Үкіметінің, сондай-ақ энергетика, темір жол көлігі, газ өндіру, тасымалдау, сақтау және көтерме саудада өткеру, тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткеру және тұтыну, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру салаларындағы өзге де мемлекеттік органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, ел астанасының құзыреттіліктері алғаш айқындалып, белгіленіп беріліп отыр.
Алдағы уақытта заң аясында құрылатын тарифтік саясат жөніндегі кеңес уәкілетті орган жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Оның құрамына Парламент депутаттары, уәкілетті органның және өзге мемлекеттік органдардың, Ұлттық кәсіпкерлік палатасының, қоғамдық, жеке кәсіпкерлік нысандары бірлестіктерінің, табиғи монополиялар субъектілерінің өкілдері, сарапшылар мен өзге де мүдделі тұлғалар кіруі мүмкін. Сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер құрылып, олар өздеріне қатысты заңнамада белгіленген құқықтардан басқа, табиғи монополиялар саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеуге қатысу, уәкілетті органға саладағы нормативтік-құқықтық актілер жобалары бойынша ұсыныстар жіберу құқықтарына да ие болады. Олар тарифтің және инвестициялық бағдарлама жобалары, бекітілген тарифтік смета мен инвестициялық бағдарламаның жүзеге асырылуы, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігі көрсеткіштерінің сақталуы және табиғи монополия субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуі туралы есептерді уәкілетті органдардың қарауына қатыса алады. Тұтынушылардың және табиғи монополия субъектілерінің құқықтары мен міндеттері туралы ақпаратты таратады әрі уәкілетті органмен, өзге мемлекеттік органдармен, табиғи монополия субъектілерімен, соттармен және басқа да тұлғалармен қатынастарда тұтынушылардың мүдделерін білдіре алады.
Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған былтырғы Жолдауында экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керектігін айтып, коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларындағы бірқатар кемшіліктерді атап көрсете отырып, алға асқаралы міндеттер қойғаны белгілі. Жаңа қабылданып отырған ҚР «Табиғи монополиялар туралы» Заңы осы талаптар үдесінен шығудың бір жетістікті қадамы әрі Елбасы тапсырмаларының нақты іс жүзіне асырылуы деп санаймыз.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан
Баймаханбет АХМЕТ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support