- Advertisement -

Баламалы энергия өндіру еселеп артуда

44

- Advertisement -

Елбасы өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Жасыл экономиканы» дамытуда Қазақстан ТМД және Орта Азия елдері арасында ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесін өткізу үшін әлемдік қауымдастық таңдап алған бірінші мемлекет болды» деп атап көрсеткені белгілі. Мұның өзі елімізге жүктелген жауапкершіліктің зор екенін де айқын аңғартады. Күні кеше ғана елорданы, тіпті күллі елімізді дүбірлетіп өткен осынау айтулы шараның тағылымы мен мән-маңызы еш ұмытылмақ емес. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, бұл бастама шын мәнінде де елімізге ірі инвестиция тартуға мүмкіндік туғызды. ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы Қазақстан «жасыл экономиканы» дамытуға тікелей септігін тигізетін жаңа технологиялар мен инновациялар алуда. Осылай еліміз халықаралық деңгейде алға ілгерілеуге батыл қадам жасады.

Бүгінде күллі әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Қазақстанның «жасыл экономикаға» түбегейлі бет бұруының мәнісі де сонда. Ал бұл еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалану мүмкіндігін, сондай-ақ мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, жалпы қажеттіліктің орнын толтыру үшін де тамаша мүмкіндік. Еліміздің сағатына 1 триллион киловатт энергия өндіруге мүмкіндігі бар екен. Бұған елордадағы ЭКСПО – 2017 көрме қалашығы толықтай баламалы энергия көздері арқылы жұмыс істеуге көшкенін және қосыңыз. Мұны көріп-біліп отырған сарапшы мамандар еліміздің мүмкіндіктері мен артықшылықтарын толық мойындауда.
Рас, бүгінде әлемде табиғи қазба байлықтар біртіндеп сарқылып, энергия көзіне деген сұраныс артып келеді. Әсіресе мұндай құбылыс Еуропа елдерінде қатты байқалуда. Міне, сондықтан да «РИО+20» Саммитінен кейін Елбасы «жасыл экономикаға» ауысу туралы мәселе көтеріп, Үкіметке тұжырымдамасын әзірлеткені белгілі. Соның арқасында еліміздегі табиғи қорды сақтай отырып, баламалы энергия көздерін пайдалануға бетбұрыс жасалды. Жалпы облысымызда, соның ішінде біздің ауданда да күн және су электр стансалары салынып, экономикамыздың артуына өз септігін тигізуде.
Нұрлыкент ауылының іргесінде орналасқан, Орта Азияда теңдесі жоқ 100 МгВт-ты құрайтын күн электр стансасы қазіргі таңда толық қуатында жұмыс істеп тұр. Оның алғашқы кезеңі 2015 жылы пайдалануға берілген-ді. Жобаның жалпы құны 23,5 миллиард теңгені құрады. Стансаға керекті құрал-жабдықтар, фотоэлектрлі панельдер құрылыс алаңына Германиядан жеткізілген еді. Жалпы алаңы 150 гектарды алып жатқан «Бурное солар-1» күн электр стансасының қуаттылығы 50 МгВт-ты құрайды. Сол жылғы шілде айында Индустрияландыру күніне орай Елбасының тікелей қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір барысында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асқан осынау күн электр стансасының алғаш тұсауы кесілгені де естен шыға қойған жоқ. Содан бері күн электр стансасының табысы жыл санап артуда. Алғашқы жылдары мұнда 3,3 миллиард теңгені құрайтын 82,4 миллион киловатт электр энергиясы өндірілсе, былтыр 81 миллион кВт энергия өндіріп, 3 миллиард 500 миллион теңге табыс тапты.
Ауданның қолайлы ауа райы да инвесторлар қызығушылығын туындатқаны белгілі. Сөйтіп араға біраз жыл салып барып өткен жылы «Бурное солар-2» күн электр стансасы құрылысының екінші кезеңінің жұмыстары басталған-ды. 50 МгВт-ты құрайтын «Бурное солар-2» күн электр стансасын салу үшін Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты аумақтан 151,8 гектар жер телімі бөлініп берілді. Жобаның жалпы құны 25 миллиард теңгені құрайды. Оның инвесторы – «Самұрық Қазына-Юнайтед Грин» ЖШС, ал қаржыландыру көзі – Лондондағы «Еуропалық қайта жаңғырту және даму банкі». Қазіргі таңда кешен аумағында «jinko Solar» компаниясының 185 174 фотоэлектрлік модулі және «Sungrow» өндірісінің 16 инверторлық стансасы жұмыс істеуде. «Бурное Солар – 2» де 2018 жылдың қарашасында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Индустрияландыру күнінде жалпыұлттық телекөпір кезінде ашылды. Мұндағы электр энергиясының жылдық болжамды өндірілу көлемі сағатына 78,2 миллион киловатты құрайды. Бұл шамамен 40 мың тұрғын үйді электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ол іске қосылған күннен бергі уақыт ішінде 47 миллион кВт энергия өндіріліп, ел қазынасына 2 миллиард 31 миллион теңге табыс түсіп үлгерді.
Бүгінде қуаттылығы 100 МгВт-ты құрайтын екі стансада күніне 660-680 мың кВт шамасында қуат өндіру әлеуетіне ие. 80 мың тұрғын үйді энергиямен қамтамасыз ете алады. Аталған қос стансаның жалпы жобалық құны 48 миллиард теңгеге түсіп отыр.
Біз 2018 жылдың мамыр айында «Еуропалық қайта құру және даму банкі» EMEA Finance тарапынан «Бурное солар-2» жобасы бойынша «Күн энергиясы саласындағы үздік мәміле» аталымы бойынша марапатқа да ие болдық. Сондай-ақ өткен жылы Нұрлыкент ауылдық округінің орталығындағы М.Ломоносов атындағы орта мектепке 280 мың теңгенің спорттық құрал-жабдықтарын әпердік. 100 ауыл тұрғынының республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», облыстық «Aq jol» мен «Знамя труда» және аудандық «Жаңа өмір» газеттеріне тегін жазылуына демеушілік жасадық. Енді, міне, Нұрлыкент ауылының бір көшесіне асфальт төсеп беру үшін жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау үстіндеміз.
Осылайша аудан экономикасының дамуына, елді мекендердің көркейіп, өсуіне қолымыздан келгенінше өз үлесімізді қосып келеміз.

Нұрлан ҚАПЕНОВ,
«Бурное солар» күн электр
стансасы ЖШС-ның бас директоры.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support