- Advertisement -

Шарықтап ұшқан шағала

61

- Advertisement -

Көкдөнен ауылындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектепте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген игілікті шаралар жүзеге асырылуда. Арнайы жабдықталған кабинеттегі тәлім-тәрбиелік маңызы зор көрнекі құралдар мен құнды кітаптар еліміздің тарихы, әдет-ғұрпы және салт-дәстүрі туралы оқушыларға мол мағлұмат береді. Білім ордасында шәкірттерді отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында әдеби-мәдени шаралар жиі өткізіледі. 1966-1988 жылдар аралығында осында бастауыш сынып оқушыларын тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатқан, өмірден ерте кеткен Шекеркүл Есімбекованың рухына арналған «Шарықтап ұшқан шағала» атты еске алу кешінің тағылымдық әрі тәрбиелік мәні зор болды. Оған мұғалімдер, оқушылармен қатар, Шекеркүл Сәдуақасқызының бауырлары, балалары, бұрын бірге істеген әріптестері мен шәкірттері қатысты.
Басқосудың «Шарықтап ұшқан шағала» деп аталуының өзіндік сыры бар. Көлдер мен теңіздерде тіршілік ететін шағала шарықтап ұшса, айдынын тастап басқа жаққа кетіп қалады екен.Мектеп ұжымы мен шәкірттерінің аяулысы мен ардақтысына айналған Шекеркүлдің алтын ұясынан кеткеніне 30 жыл болыпты. Оның шәкірті, Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Алпамысұлы Шекеркүл Сәдуақасқызын анасындай жақсы көретінін, оқыту және тәрбие берудегі мәнері ешкімге ұқсамайтынын тілге тиек етті. А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің директоры Айгүл Касеналиева «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, аға буын ұстаздардың Ш.Есімбекованың алғыр, адал, еңбекқор және өз мамандығының шебері екенін әркез мақтанышпен ауызға алып отыратынын айтты. Қазір ұлағатты ұстаздың алуан мамандықтардың иелері болған шәкірттері еліміздің әр қиырында жемісті еңбек етіп жүр.
Жиналғандар оның інісі Құдайберген Есімбеков, келіні Бәтима, сіңлілері Мәншүк пен Гүлсімнің сағынышқа толы ғибратты сөздерін зейін қоя тыңдады.
– Абай атамыз «Адам өлген кезде емес, ұмытылғанда өледі» дейді. Шәкірттерінің жүрегіне жол тапқан әпкеміз қысқа ғұмырында көп нәрсе тындырды. Ұлы Бақытжан мен қызы Гүлфайрузды жеткізді.Ең бастысы, өз кәсібінің шебері болып абыройға бөленді, – деді Гүлсім Есімбекова.
Әріптестері Күләнда Көлбаева, Эльмира Тауасарова және Ләззат Тәжіманова «Рухани жаңғыру» аясында өткізіліп отырған бұл басқосудың ұстаздардың мәртебесін көтеретінін, жас ұрпаққа тағылымы мол екеніне айрықша тоқталды. Кеште мектептің өнерлі жастарынан құрылған «Домбыра – дастан» оркестрі ән мен күйден шашу шашты.

 

Ақылжан МАМЫТ

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support