- Advertisement -

Жолдастық кездесу қалай өтті?

54

- Advertisement -

Түркияның Анталия қаласында оқу-жаттығу жиынын сәтті өткізген «Тараз» футбол клубы бірнеше жолдастық кездесуде бақ сынап көргені туралы бұған дейін де жазғанбыз. Премьер-лигада топқа түсетін жамбылдықтар оқу-жаттығу жиыны аяқталар тұста екі мәрте жасыл алаңға шықты. Алдымен «Тараз» футболшылары Өзбекстанның 23 жасқа дейінгі құрамасын 1:0 есебімен жеңіп, жақсы ойын үлгісін көрсете білді. Бұдан кейін украиналық «Карпаты» командасына қарсылас атанған «Тараз» футболшылары қарсыластарына 1:3 есебімен жол берді.
Украиналық командамен өткен ойын алма-кезек шабуылдармен өрбіген секілді. Өйткені кездесуде қос команда футболшылары 4 мәрте мергендігімен көзге түскен. Жалпы ойын барысында «Тараз» футбол клубының бапкерлері барлық ойыншыларды сынап көрді. «Тараз» сапын толықтыруға үмітті легионерлер де жасыл алаңға шыққан көрінеді. Жолдастық кездесудегі жеңіліс жаңа маусымда жеңісті жорықтарға жол ашса, шіркін! Өйткені оқу-жаттығу жиыны футболшылардың шеберлігін арттыруға бағытталатыны белгілі ғой.
Сонымен Түркия төрінде тер төккен «Тараз» футбол клубының сапында қандай өзгерістер бар? Белгілі болғандай, команда сапына бірнеше легионер ресми түрде қосылыпты. Оқу-жаттығу жиыны барысында бірнеше голдың авторы атанған бразилиялық шабуылшы Рибейро Еливелто «Тараз» командасымен келісімшарт жасасты. Сондай-ақ сербиялық жартылай қорғаушы Немания Субботич, қорғаушы Михайло Йованович, грузиялық қорғаушы Лаша Касразде де алдағы маусымда «Тараздың» жейдесін киетін болды.
Деректерге сенсек, жаңа маусымда «Тараз» намысын қорғайтын бразилиялық Рибейро Еливелто әйгілі «Фламенго» футбол мектебінің түлегі екен. 28 жасар спортшы қазіргі кезге дейін бірнеше еуропалық командалардың құрамында болған. Ал грузиялық қорғаушы Лаша Касразде қазақстандық футбол жанкүйерлері үшін талдықорғандық «Жетісу» сапындағы ойыны арқылы таныс. Немания Субботич «Войводина» командасында тер төксе, Михайло Йованович белоруссиялық «Неман» командасында жақсы ойын өрнегімен көзге түскен.
Күн санап премьер-лига басталатын уақыт жақындап келеді. Алдағы күндері «Тараз» футбол клубы тағы да дайындықты пысықтайтыны талас тудырмайды. Әзірге жамбылдық команда жасаған трансферлерге қарап, көңіл толады. Бірақ аты аталған футболшылар қай деңгейде ойнайтынын уақыт көрсетеді. Әйткенмен жанкүйерлер бразилиялық шабуылшыға үлкен үміт артады. Себебі Еливелто бұған дейінгі командаларында өзін жақсы қырынан көрсете білген деседі.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support