- Advertisement -

Соққысы сойқан сайыпқыран

66

- Advertisement -

Садриддин Ахмедов кәсіпқой рингте
алғашқы белбеуіне қол жеткізді

Әуесқой бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған соң көп ұзамай кәсіпқой боксқа ауысқан қазақстандық былғары қолғап шебері Садриддин Ахмедов кәсіби мансабында жетінші жекпе-жегін өткізіп, алғашқы белбеуіне қол жеткізді. Ол бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) бос тұрған, жастар арасындағы әлем чемпионына берілетін белбеуін жеңіп алды.
Бірінші орта салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген отандасымыз жетінші шайқаста мексикалық Абрахам Хуареске қарсы шаршы алаңға көтерілді. Тұңғыш рет 10 раундтық форматтағы жекпе-жек өткізген қазақстандық боксшы әдеттегідей мәселені ұзаққа созбады. Бұған дейінгі алты кездесуінің бәрін мерзімінен бұрын аяқтаған соққысы сойқан Садриддин мексикалық оғланды да жылдам сабасына түсірді.
Бірінші раундта бірнеше жойқын соққысын дарытқан Садриддиннен Хуарес кәдімгідей қаймығып қалғандай көрінді. Қорғанысты ұмытпай, шабуылын үдете берген Садриддиннің жылдам жеңіске жететінін сезген едік. Солай болды. Екінші, үшінші раундтарда тікелей және қапталдата жұмсаған соққылары мексикалық боксшыны біраз састырды. Әйткенмен Хуарес те қарап қалмай, барын салуға тырысты. Дегенмен оның шабуылдары сәтсіз шығып жатты. Төртінші раундта Садриддиннің жойқын соққылары нысанаға дөп тие бастады. Раунд ортасына таяғанда шаршы алаң төріне сұлқ түскен мексикалық боксшы есін жиып, бойын тіктеп үлгерген болатын. Алайда Садриддин Ахмедов бірден іске кірісті. Тікелей жұмсаған керемет соққы мексикалық Хуаресті тағы да жер жастандырды. Орнынан көтерілгенімен, жекпе-жекті жалғастыруға әл-дәрмені қалмаған мексикалық өренді төреші құтқарып, шайқасты тоқтатты. Техникалық нокаут! Керемет жеңіс!
Осы кездесуде WBC тұжырымы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионы атағын иеленген Садриддин Ахмедов рейтингте 116 сатыға жоғарылады. Бұған дейін бірінші орта салмақ дәрежесінде 201-орынға орныққан ол кезекті жеңісінен кейін 85-орынға көтерілді. Ал Абрахам Хуарес 103 сатыға кері кетіп, 206-орынға тұрақтады.
Канада төрінде тамаша жетістікке қол жеткізген отандасымыздың бұл жеңісі оның менеджері Анна Реваны қанаттандырып жіберген секілді. Шайқас аяқталған соң, ол өз ойын ортаға салып: «Бұл жеңіс баршамызды қуанышқа бөлегені жасырын емес. Жекпе-жек алдында Садриддин біраз толқыды. Алайда ол толқуын басып, өзін де, қарсыласын да жеңе білді. Біздің жоспарымыз өте көп. Бірінші орта салмақ дәрежесіндегі барлық белбеуді иеленгіміз келеді. Бүгін біз өзіміздің мықты команда екенімізді байқата алдық. Жалпы, Садриддин де, Батыр Жүкембаев пен Нұрзат Сабиров та әлемнің абсолютті чемпионы атануды армандайды. Сол бағытта талмай тер төгіп, еңбектенуге әзірміз», – деді ол.
Чемпиондық шайқас аяқталған соң Садриддин Ахмедов өзінің «инстаграмдағы» парақшасында қуанышымен бөлісті. «Ассалаумағалейкум, қазақстандық бокс жанкүйерлері! Мына белбеу 2018 жылы кеткен қазақ елінің көз жасына арналады. Денис Тен бауырымыздан айырылдық, Геннадий Головкин ағамыз аяқ астынан жеңілді. Өткен жылы қаншама қазақтың көз жасы төгілді. Алға, Қазақстан!», – деді ол өзінің бейнеүндеуінде.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support