- Advertisement -

Қаржы нарығындағы ахуал қалыпты

61

- Advertisement -

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі облыстық филиалының директоры Евгений Шарыгин журналистермен «Облыстың қаржы нарығындағы ахуалы туралы» және «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» тақырыптары аясында баспасөз мәслихатын өткізді. Ол ең алдымен өңірдің бүгінгі қаржылық ахуалы мен өткен жылдың қорытындысына сәйкес нарық жағдайындағы баға бағамына жан-жақты тоқталып өтті.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Биыл Ұлттық Банк базалық мөлшерлемелердің 1 пайыздық қосу және алу ауытқуларын қарастыра келе ресми қайта қаржыландыру көлемін 9,25 пайыз деңгейінде қалдырып отыр. Ал инфляция деңгейі бұрынғысынша 5-7 пайыздық нысаналы дәліз шегінде сақталуда. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша былтыр бағаның өсуі елімізде 5,3, ал облыста 5,2 пайызды құраған. Алдыңғы жылы ол 7,2 пайыз көлемінде болған екен. Инфляцияның бәсеңдеуін мамандар азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының төмендеуімен байланыстырады. Есесіне өңірде ақылы қызметтер 3,8, тарифтер 6,5 пайызға өскен. Банк биыл инфляцияның жаңа, неғұрлым төмен 4-6 пайыздық дәліз шегінде сақталады деп болжам жасап отыр.
Облыстың валюта нарығында11 банк филиалы, 26 уәкілетті ұйым, «Қазпошта» АҚ-ы мен 104 ақша айырбастау пункті жұмыс істейді. 21 қаңтарда Қазақстан қор биржасындағы екі сессияның қорытындысы бойынша теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы 378,78 теңге көлемінде тіркелді. Жылдың басынан бастап төл теңгеміз 1,4 пайызға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 373,66-384,2 теңге аралығында өзгергенін атап өткен жөн.
Өңірдің депозиттік нарығында да долларсыздандыру үдерісі жалғасуда. 2018 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша екінші деңгейлі банк филиалдарындағы депозиттердің көлемі алдыңғы жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткіштен 15 пайызға немесе 17,9 миллиард теңгеге асып, 137,5 миллиард теңгені құраған. Оның мөлшерінің өсуіне депозиттердің теңгелік бөлігінің 20,8 пайызға немесе 17,7 миллиард теңгеге артқаны әсер еткен. Заңды тұлғалар депозиттерінің долларлануы 29,5-тен 22,4 пайызға, ал жеке тұлғалардікі 34,9-тен 30,2 пайызға төмендеген. Ал банк осы мерзімде облыс тұрғындарына 200,6 миллиард теңге несие таратыпты. Екінші деңгейдегі банк филиалдары арқылы берілген несие көлемі өткен жылмен салыстырғанда 15,5 пайызға өсіп, 162,9 миллиард теңгені құраған. Несиенің 99,95 пайызы ұлттық валютамен берілгені де қуантарлық жайт.
Евгений Шарыгин жиында, сондай-ақ «Астана Банкінің» салымшыларына қатысты жаңалықпен де бөлісті. Оның айтуынша, биыл 26 қаңтардан бастап «Еуразиялық банк» АҚ арқылы «Астана Банкі» АҚ салымшыларынан өтініштер қабылдау және кепілдікті өтемақы төлеу басталып, бұл іс осы жылдың 26 шілдесіне дейін жалғаспақ. Өтемақы төлеу 5 түрлі әдіспен, яғни депозитке, карталық шотқа, карточкаға, басқа банкке аудару немесе кассадан қолма-қол алу арқылы жүзеге асырылады. Кепілдікті өтемақы алу үшін салымшыларға ЖСН көрсетілген жеке тұлғаны куәландыратын құжаттың түпнұсқасын ұсыну қажет.
Филиал басшысы журналистер мен қала тұрғындарын банк тарапынан ұйымдастырылып отырған «Халықтан монета қабылдау» акциясына үлес қосуға шақырды.
Бұдан кейін «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» талаптарын филиал директорының орынбасары Нұрлан Берікбосынов түсіндіріп берді. «Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «7-20-25» бағдарламасы жұртшылық тарапынан қызу қолдау табуда. Бағдарлама қолға алынған сәттен бастап өңірде 57 өтініш мақұлданып, 47 адам 408 миллион теңге көлемінде несие алып, пәтерлі болды. Бағдарлама аясындағы жұмыстарды жандандыру мақсатында Тараз қалалық әкімдігі ғимаратының 1 қабатынан ақпараттық орталық ашылып, жұмыс істеуде. Ол жерден бағдарламаға қалай қатысуға болатыны жөнінде толыққанды мәліметтер алуға болады. Кеңес берушілер қатарында тұрғын үй-коммуналдық саласының облыстағы өкілдері де бар. Бүгінгі күні «Арай» шағын ауданы аумағында 100 пәтер өз иелерін күтуде. Аталған тұрғын үйден пәтер алам деген 53 азамат бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп, құжаттарын жинап жатыр», – деді ол.
Басқосуда журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да тиісінше жауаптар қайтарылды.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support