- Advertisement -

«Нұр отан» халық үмітін ақтап келеді

1 547

- Advertisement -

«Нұр Отан» – 1999 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған саяси партия. Содан бергі уақытта атауы өзгергенімен бұл саяси ұйым халықтан іргесін алшақтатқан емес. Партия тарихына көз жүгіртсек, 1998 жылғы 21 қазанда Қазақстан Республикасында «Президентке үміткер Нұрсұлтан Назарбаевты қолдаудың қоғамдық штабы» қоғамдық қозғалысы болып тіркеліп, кейін «Қоғамдық штабты республикалық «Отан» саяси партиясы» ретінде қайта құрылған екен. 1999 жылғы 12 ақпанда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркеуден өтіп, өз жұмысын бастаған ұйымның 1999 жылғы 1 наурызда І құрылтай съезі өткен еді. Онда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірауыздан партия Төрағасы болып сайланды. Осы жиында жаңа ұйымның Қазақстан халықтар бірлігі партиясы, Қазақстанның демократиялық партиясы, Қазақстанның либералдық қозғалысы, «Қазақстан – 2030» қозғалысымен бірігуі туралы қарар қабылданды. 2002 жылғы 9 қарашада Алматы қаласында «Отан» республикалық саяси партиясының кезектен тыс IV съезінде «Отанға» Қазақстанның халықтық-кооперативтік партиясы мен республикалық еңбек саяси партиясы қосылды. 2006 жылы «Асар», Азаматтық және Аграрлық партиялардың «Отанға» қосылуы туралы шешім қабылданды. Осы жылы Қазақстанның жетекші саяси құрылымының атауы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы болып өзгерді. 2013 жылғы 18 қазаннан бері «Нұр Отан» халықтық- демократиялық партиясы «Нұр Отан» партиясы болып аталып келеді. 2016 жылғы 29 қаңтарда өткен кезектен тыс XVII съезінде «Нұр Отан» партиясының – «Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасы қабылданды. «Нұр Отан» партиясы идеологиясындағы басты құндылықтар – адам, бостандық, заңның үстемдігі, әділеттілік, ынтымақшылдық, болашаққа ұмтылыс пен отбасы және дәстүр. Құрылғалы бері 20 жылдың ішінде «Нұр Отан» шын мәнісінде халықтың сенімін жоғалт-қан емес. Еліміздегі көшбасшы партияның мерейтойына орай газетіміз партияның аумақтық филиалдары атқарған жұмыстар мен алдағы жоспарларын жариялау үшін жаңа айдар ашып отыр.

Бүгінде Президент тапсырмасына сәйкес «Нұр Отан» партиясы қызметін жаңғырту шаралары жүргізілуде. Елбасы – Партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес, 20 жаңа бастамашыл жоба ұсынылып бекітілді. Қоғам назарын өзіне ерекше аударып отырған бұл партиялық бастамаларды жүзеге асыру үшін партияның аудандық филиалы ауқымды жұмыстарды қолға алуда. Атап айтатын болсақ, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын өңірлерде іске асырылуына үлес қосу мақсатында ауданда 12 робототехника кабинеті мен балаларға арналған ақысыз 2 IT сыныпқа қажетті құрал-жабдықтарға жергілікті бюджеттен 84 миллион 994 мың теңге бөлінді. Жастарға ақпараттық технологиялармен жұмыс істеуді үйрететін екі мұғалімді оқытуға 900 мың теңге қарастырылып отыр. IT сынып пен робототехника кабинеттерінде 10-16 жас аралығындағы оқушылар қосымша білім алып, ХХІ ғасырдағы жаңа технологияның жетісіктерімен танысады. Қысқасы, олар ғылыми-техникалық білім алады.
Сондай-ақ ауданда жұмыссыз 4 азамат жұмыспен қамту орталығы арқылы М.Х.Дулати атындағы ТарМУ базасында ашылған ІТ мамандарын даярлау орталығында курсқа жіберілмекші. Оған 743 мың 888 теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар заман талабына сай ауыл мектептерінде ағылшын тілін үйретуге арналған «English for Jastar» жобасы қолға алынған. Жоба шеңберінде «Жастар тәжірибесі» арқылы еріктілер Наталья Гречкина мен №51 орта мектептің жас маманы Жадыра Сырлыбай 2 топқа бөлінген 27 оқушыға тегін ағылшын тілін үйретті.
Қазіргі кезде партия бастамасымен жүргізіліп жатқан жаңа жобалардың бірі –ауылдағы жаңа кітапхананың стандартын дамытуды мақсат тұтқан «Модельді ауыл кітапханасы». Осы атаумен арнайы типтік ереже қабылданып, №3 Әлжан ана кітапханасы 2018 жылдың 16 наурызынан модельді кітапхана ретінде аудан тұрғындарына қызмет етуде. Сондай-ақ аудандық орталық кітапханада цифрландырылған ақпараттық орталық – білім орталығы ашылды. Оған жергілікті бюджеттен 673 мың теңге қарастырылған.
Партиялық жаңғырудың өзегі – бастауыш партия ұйымдарының қызметін жетілдіру екені белгілі. 1 маусымда Астанада өткен партияның саяси кеңесінде Елбасы – Партия Төрағасы Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының алдына қойып отырған мақсат-міндеттері ауқымды екенін атап өтіп, мұны жүзеге асыруда бастауыш ұйымдар белсенді болуы керектігін баса айтқан болатын. Сондай-ақ бастауыш ұйым жетекшісі заман талабына сай жаңашыл, барынша қабілетті, көпшілік қолдайтындай, ел сеніміне лайық тұлға болғаны жөн екенін ескерткен. Сондықтан партияның аудандық филиалы бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыруға баса назар аударып отыр. Жыл сайын дәстүрлі түрде «Нұр Отан» партиясы Қордай аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауының аудандық іріктеу кезеңі өткізіліп тұрады. 2017 жылы «Масаншы» бастауыш партия ұйымы төрағасы М.Машанло республикалық байқауда үшінші орын алса, былтыр «Алға», «Болашақ», «Масаншы» бастауыш партия ұйымдарының жұмыстары облыстық кезеңде жақсы бағалануы – соның нәтижесі. Бұл шара аудандағы барлық бастауыш партия ұйымының ішінен үздігін анықтауға мүмкіндік беріп, партияның жағымды имиджін қалыптастыруға жол ашып отыр.
Кәсіби, партиялық және жеке сипаттары бойынша партия белсенділері арасынан партияның аумақтық, аймақтық резервіне үміткерлер іріктеліп, тізімі жасақталды. Партияның ұйымдық құрылымын жетілдіру жөніндегі жұмыстар қолға алынды. Бүгінгі күні 28 бастауыш партия ұйымында 197 партиялық топ жұмыс істейді. Міне, осы бастауыш партия ұйымдарының барлығында 2018 жылдың қазан айының 10-16 аралығында есеп беру-сайлау жиналыстары өткізілді.
Қазіргі уақытта аудандық мәслихат депутаттарының саны 17 болса, оның 16-сы аудандық мәслихаттағы партияның депутаттық фракциясының мүшелері. Олар өздерінің депутаттық міндеттерімен қатар, Президенттің 2017 жылдың 25 қаңтарындағы «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 141 Өкіміне сәйкес, мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттілікті қайта бөлу туралы мәселені, Елбасы Жолдауларын және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларын, «Нұрлы жер» бағдарламасын, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуін, партияның «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасының міндеттерін жергілікті тұрғындар, партиялық әріптестері арасында кеңінен насихаттауға атсалысуда.
Бүгінде аудандағы елді мекендерде жүріп жатқан барлық қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық үрдістердің бәрі депутаттық фракция мүшелерінің назарында. Олар мемлекеттік бағдарламалардың қалай жүзеге асырылып жатқанына да бақылау жүргізіп отырады. Осындай маңызды мәселелерді қарау үшін өткен жылы 4 кезекті фракция отырысы өткізілді. Айта кететін жайт, 2017-2018 жылдары шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына жаңадан сайланған 4 депутат та – партияның кадрлық резервінде тұрғандар. Партия аудандық филиалы өз жұмысының басым бағытын қоғамдық қабылдаулар арқылы сабақтастырып келеді. Қоғамдық қабылдау бөлімінің жұмысы – жұрттың «Нұр Отанға» деген сенімділігінің айқын көрсеткіші деп айтсақ, артық емес. Аудандық филиалында жергілікті атқарушы орган басшылары, аумақтық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшелері, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес пен Партиялық бақылау комиссиясы мүшелері, жергілікті прокуратура, құқық қорғау органдары басшылары қоғамдық қабылдау өткізіп, өтініш иелеріне нақты жауап беріп отырады. Өткен жылы да аудандық филиалдағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындардың 249 арыз-шағымы мен ұсыныстары қаралып, 136-ы оң шешімін тапты. Партия аудандық филиалының «2017 жылғы ең үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі» республикалық байқауында ІІІ орынды иеленуі – осындай нақты жұмыстардың жемісі.
«Нұр Отан» партиясының партиялық бақылау жүйесі 2008 жылы құрылып, бүгінде бұл жүйе аумақтық партиялық бақылау комиссияларын қамтитын бірыңғай құрылым ретінде қалыптасқаны белгілі. 2018 жылы бұл комиссия 6 отырыс өткізіп, «Нұр Отан» партиясының Жарғылық және Әдеп кодексі талаптарын сақтамағаны үшін 7 партия мүшесінің партиялық жауапкершілігін қарап, олардың 4-еуіне алдын ала ескерту түріндегі партиялық жаза қолданды. Сондай-ақ партия Жарғысының 3-тарауына сәйкес, 3 адам партия қатарынан шығарылғанын айта кеткен жөн.
Елдегі тұрақтылық және қоғамдағы өзара түсіністік, зор жауапкершілікпен жүзеге асырылған сарабдал саясат ел бірлігі мен татулығын нығайтуға негіз болып келеді. Ендігі мақсатымыз – тәуелсіздігіміздің тұғырын биік ұстап, «Мәңгілік Ел» атану. «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы партия жұмысын жаңғыртып, нақты шараларды қолға алып, осы арманды жүзеге асыруға өз үлесін қосады.

Дамира СҮГІРБАЙ,
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support