- Advertisement -

Сән индустриясын дамытудағы жастардың рөлі

38

- Advertisement -

Сән әлемі деген ұғым бүгін ғана пайда болған жоқ. Жалпы қазақ халқы сәнді әрі талғаммен киінуді, түстік композицияны жақсы білген. Оған дәлел – ерекше сәнмен тігілетін қос етекті ұлттық көйлектер, кимешек, жаулық, сәукеле, желек, тақия, камзол, кәжекей, кебіс-мәсі, шапан тағы басқа көптеген киім үлгілері. Тарихқа көз жүгіртсек, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында киім киюдің көптеген әдіс-тәсілдері, үлгілерінің қатары артқан.

Қазақстанда дизайн өнері 1960 жылдан бастау алады. Еліміздің көптеген жоғары оқу орындарында, арнайы мектептерде дизайнерлердің даярлана бастағаны да осы жылмен тұспа-тұс келеді. Ал М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-де 2000 жылы жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы және дизайн кафедрасы ашылды. Бастапқы кезде дизайн өнерін үйрену студенттерге оңай болмаған. Әрі бұл мамандыққа деген қызығушылық төмен еді. Сондықтан оқытушылар үшін жастарға дизайнерлердің қаншалықты сұранысқа ие боларын түсіндіруге тырысты.
Бірнеше саланы қамтитын мамандықтар: сәулет, графикалық, өнеркәсіп, сән, телевизиялық сахна дизайны. Қыздардың басым көпшілігі – сән дизайнын құп көретіні белгілі. Ал жігіттер графикалық дизайн саласына бейім келеді екен. Университетте жастарға бейіміне қарай шеберлігін танытуға көп мүмкіндік беріледі. Сән әлемінің сырына қанығып, өзіндік ерекше дизайн үлгісін көпшілік назарына ұсынып жүрген – ТарМУ-дың қыздарына қолдау көрсету үшін арнайы шеберхана да ашылған.
Сән әлеміне тамшыдай болсын үлестерін қосып үлгерген студенттер тігін шеберханасында көз жауын алатын ғажап дүниелер көп. Санында да, түрінде де шек жоқ дерсіз. Меруерт тастармен көмкерілген бас киім үлгілерінің, жібек матамен тігілген көйлектердің жиектері түрлі кестемен безендірілген.
«Былтыр студенттердің туындылары «ASPARA FASHION WEEK» сән апталығында талғамы жоғары көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көрсетілімде тек Қазақстан дизайнерлері емес, Италия, Франция, Өзбекстан тағы да басқа елдердің дизайнерлері өз топтамалары көрсетілгенін ескерсек, біздің студенттерімізге шет мемлекеттермен халықаралық деңгейде бақ сынасуға мүмкіндік туды. Бүгінгі таңда дарынды, білікті студенттеріміз, түлектеріміз өте көп. Гүлмира Сағилаева, Гүлжан Ташмұханбетова, Гүлзат Сұлтанжан, Мұхит Бұрханов, тағы басқа шәкірттеріміз көптеген байқаулардан бәйге алып, оза шауып жүр. Бұл – үлкен жетістік. Біз талантты жастарымызбен мақтанамыз!» – дейді кафедра меңгерушісі Маржан Тіріболсынқызы.
«Шебердің қолы ортақ» деген мақал ел ішінде бекер айтылмаса керек. Нағыз шеберлікке жету үшін табандылық, іскерлік, талғампаздық, білім қажет екендігі сөзсіз. Әсіресе сән әлеміне жастардың қосылып, тынбай еңбектеніп жатқаны қуантады.

Жансая САБЫРОВА,
М.Х.Дулати атындағы
ТарМУ-дың 4-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support