- Advertisement -

Вайнер

112

- Advertisement -

Заманбек Таразда жүріп-ақ елге танылған

Қазір блогерлердің айтуынша, 2-3 минуттық бейнежазбалардың өзін көпшілік соңына дейін қарағысы келмейтін көрінеді. Ал ондай роликтерді ұялы телефонға жүктей беруге құрылғының жады да мүмкіндік бермеуі ықтимал. Сол себепті қысқа түсірілімдер тиімді екен. Содан болар бүгінде жарық жылдамдығынан да тез ғаламтор арқылы вайн, вайнер, никнейм, ютубердің тез таралып кеткені. Бұл ұғымдар көпшілікке әлі де түсініксіз болғанмен, оны әлдеқашан кәдеге жаратып, табыс көзіне айналдырғандар қаншама.
Вайн үлгісіндегі роликтер жастар арасында үлкен қызығушылық туғызып отырғаны да сондықтан. 2012 жылдың қазан айында «Twitter» компаниясы 6 секундтық видео түсіруге мүмкіндік беретін мобильдік қосымшасына «Vine» деп атау бергелі бері бүгінде 2-20 секундтық бейнетүсірілімдер де осылай атала бастады. Техника дамыған мына заманда вайндарды ұялы телефонмен-ақ, кез келген жерде түсіруге болады. Шағын роликтердің дені жеңіл әзілге құрылған. Көбінесе пародияға негізделіп жасалады. Оның әлеуметтік желіде жарияланған сәттен-ақ олардың ел ішіне тез тарап кететіні де сондықтан.
Мұндай видеоларды түсіретін адамдарды вайнерлер дейді. Олар көбіне өздерін ник атауымен көрсетеді. Яғни никнейм (ник; ағылшынның nickname /ˈnɪkneɪm/ – бастапқыдағы «лақап ат», орта ғасырдағы an eke name – «басқа атау», кейінірек бірдей дыбысталатын «a nick name» ұғымына өзгерген), желідегі бұл ұғым – ғаламтор пайдаланушының блог, форум, чаттарда қолданатын псевдонимі. Әлбетте, вайнды әлеуметтік желілердегі әзіл-шоулармен шатастырмау керек. Оның табиғаты өзгеше болады. Сондықтан кез келген бейнежазбаны түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялай беретіндердің бәрін вайнер деп атау қате.
Бүгінде Қазақстанда да вайнерлер күн санап көбеюде. Себебі көрерменнің оған деген сұраныс жоғары. Қалжың негізіндегі шағын роликтер миллиондаған қаралым жинайды. Ең қызығы, вайншылардың командасы – белгілі табысы бар, салық төлейтін «шағын кәсіпорын» екен. Сырт көзге бір-бірімен бәсекелестей көрінетін олар өзара тату әрі тығыз байланыста жұмыс істейді.
Дегенмен бұл жанрға ұлттық сипат беріп жүрген қазақтілді вайнерлердің саны саусақпен санарлық. Олардың ішінде көпшілік сұранысына ие болып жүргендері де жоқ емес. Солардың бірі – Заманбек Жаналиев.
Заманбек «Тараз – 2000» көңілді тапқырлар клубының жетекшісі болған, қазіргі «Әзіл әлемінің» актері «Аrmani», яғни Арман Жаналиевтің туған інісі. Тараздық IT маманы елімізге белгілі вайншылардың бірі. Оның вайн түсірумен айналысқанына 2 жылдың жүзі болыпты. Хоббиін табыс көзіне айналдыра білген Заманбектің отбасы, ата-ана, махаббат сияқты тақырыптарға арналатын түсірілімдеріне керек табысты тек жарнамадан тауып отыр екен. Себебі вайнердің бейнежазбаларын өзге желілерге жүктеп алатындар мен еліктеушілер артқанмен, өзі ютубер емес. 258 мыңнан аса жазылушысы бар @zamani.zhanaliev осы парақшамен тек Instagram-ды ғана қолданады.
«Алдағы уақытта «YouTube» каналын ашу жоспарда бар. Ол ақылы болады. Көздеген мақсатыма жетсем, қазіргідей жалғыз емес, топпен жұмыс істеуді де қолға алармын», – дейді Заманбек.
Заманбек бұған дейін көптеген компаниялардың жарнамасын мемлекеттік тілде түсіріпті. Ол қазақша түсірілімнің таралымы аз болады деген ұғымды іс жүзінде жоққа шығарған вайнер. Оның айтуынша, оған өтінімдер мен қаралым саны артпаса, үзілмеген екен. Солардың ішінде ерекше атап өтетіні – анасы мен жас әке туралы түсірілген бейнеролигі. Осы вайндарды миллионнан аса көрермен тамашалаған. Осындай жетістіктерге қол жеткізген Заманбек Жаналиев былтыр «Жыл блогері – 2018» атаныпты.
Негізінен мұндай түсірілімдерді жеткіншектер де тамашалайды. Сондықтан қайсыбір авторлар сияқты былапыт сөз бен бейәдеп қылықтарға жол бермей, вайндарын барлық жастағы көрерменге арнайтын Заманбектің еңбегі жанып, мерейі бұдан да үстем боларына сенім мол.

 

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support