- Advertisement -

Толған ел тарихын таспен жазады

347

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты тарихи-пәлсапалық мәні зор, өн бойы ұлттық идеядан тұратын мақаласын оқыған әрбір қазақтың кеудесінде мақтаныш сезімі атойлайтыны ақиқат. Себебі осы мақала Ұлы Даланы мекен еткен қазақ ұлтының бай тарихын, өмірлік ұстанымдары мен түбі бір түркі жұртының құндылықтары туралы жаңаша көзқарастағы ой айтылады. Ұлттық құжатқа айналатын жазбаны тебіренбей, толғанбай оқу — әсте мүмкін емес.
Иә, біздің бабаларымыздың асыл аманаты орындалды. Рухани тұрғыдан өстік, өндік, жетілдік. Қазақтың өмір салты дербес болғаны бүгін күллі әлемге белгілі болып отыр. Оны енді ешкім де жоққа шығара алмақ емес.
«Ұлы Даланың жеті қыры» атты Президенттің мақаласы барша қазақтың бойында ұлттық мақтаныш пен ұлттық намысты, ұлтжандылық пен отансүйгіштікті дамытатын құрал һәм төлқұжат. Ұлттық идеологияның қайнар көзі.
Елбасы «Ұлы Даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру қажеттігін айтып, баршамызға аса зор жауапкершілік жүктеп артып отыр. Бұл шындығында да ауқымды жұмыс екені талас тудырмайды.
Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жаңа еңбегінде Қазақстанды күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы» деп атады. Сол арқылы мемлекетіміздің мерейін тасытты. Мұны жалпы мойындалған, ешбір дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома десек те артық етпейтін шығар. Сонымен қатар Президент «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажет деген тың бастаманы айтып, осы жоба аясында алдағы жылы Астанада түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыруды, сондай-ақ Түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашуды ұсынған болатын. Біле білсек, бұның барлығы да түркі халықтарының басын қосатын, рухани үндестікті өркендететін қадамдар екені анық. Бұндай ізгі істер жақын арада жанданып, ұлтымыздың ұлылығын айғақтайтыны талас тудырмайды.
Ал «Архив-2025» атты жеті жылдық бағдарламаны жасау қажеттігін де Мемлекет басшысы алға тартты. Көңіл көзі ашық адамға архив – ұлтымыздың жады, халықтың жазылған хаты. Сондықтан бұл жоба қазақ тарихының жоқтаушысына, сақшысына айналуы тиіс деп ойлаймын. Солай болатындығына бек сенемін. Шетелдерде жатқан ұлт тарихы жинақталса, одан алты алаш жұрты ұтпаса, ұтылмайды.
Бұдан бөлек, «Ұлы Дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейі мен «Ұлы Даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құру, «Дала фольклорының антологиясын» жасау, «Ұлы Даланың көне сарындары» жинағын басып шығару жобаларының да ұлт мұрасы үшін маңызы мол. Жоғарыда аталған жобаларды Президентіміз «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастыру қажет деп атап көрсету арқылы екі мақаланың үндестігін айқындап берді.
«Ұлы Даланың жеті қыры» атты жаңа мақала ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің дамуындағы жаңа кезеңге жол ашты. Енді сол асыл миссияны бір атаның баласындай іске асырғанымыз абзал.
«Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады». Елбасының осы бір сөздері – ұлы мұраттарды алға қойған ұлт азаматтарын жігерлендіретіні, қанаттандыратыны, шабыттандыратыны анық.
«Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» – тарих, «Атқа міну мәдениеті» – этнография, «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» – экономика мен индустрия, «аң стилі» – мәдениеттану мен бейнелеу өнері, «алтын адам» – археология, «Түркі әлемінің бесігі» – тарихи география, «Ұлы жібек жолы» – тарих пен нарық. Осылай жалғаса береді. Қараңызшы, бір ғана мақала қаншама тармақты қамтып тұр. Мұны енді көрегенділік демеске шараң жоқ. Бұл салалардың барлығы бір-бірімен сабақтас, құрамдас десек те болады. Экономикасы бүтінделмеген ел өзінің байырғы тарихына бас ауыртпайды ғой. Өйткені әлеуметтік жағдай алдымыздан кесе көлденең күтіп алады. Алайда тарихсыз – болашақ жоқ. Қазақстан Президентінің бұл мәселеге дер кезінде назар аударуы – Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан иммунитетінің толысқанын тағы бір мәрте нығырлайды.
Президент мақаласындағы «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» атты тарауы көпшілікті ойландырады. Бұл қазақ кино өнерінің тарландарына үлкен міндеттер артады. Өйткені төл тарихымызды көгілдір экранға шығарған кезде енді біз ұлылығымызбен, дала философиясын көрсете алатындығымызбен жаһанды мойындатуға тырысқанымыз ләзім. Отандық киноиндустрия өкілдері енді мейлінше тарихи тақырыптарды қазақы қалыппен, ұлттық таныммен қамтуға жұмыстанатын шығар.
«Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» деу арқылы Елбасы біздің мемлекеттің табиғи байлығын да әйгілеп тұр. Көздің жауын алатын қызғалдақтарды бәріміз білеміз, көріп жүрміз. Алайда соны өзіміздің байлығымыз ретінде қадірлей алмай жүрген шағымызда Мемлекет басшысы санамызды дүр сілкіндірді.
Бүгінгі заман – шапшаңдықтың заманы. Уақыт шіркін ешқашан орнында тұрған емес, аялдай да алмайтыны анық. Өйткені бүкіл әлемде адамдар асығыс, технологияның дамуы – жылдам, әлемдік өркениеттің процестері – жедел. Себебі бүгінде әлем елдері бәсекелестік заманында ғұмыр кешіп жатқаны баршамызға белгілі. Ал бәсекелестік атаулы дүние барақат тіршілікті, жайқабарақттықты, өгізаяңға салынуды еш құптамайды. Ендеше, ұлт мұраты жолындағы ұлы істерде де қазақ халқына пайымды парасат пен бірге жылдамдық аса қажет-ақ.
Түйіп айтсам, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты ғажап мақаласы барлық сала мамандары білгірлерінің көкейіндегісін тап басып отыр. Мұндағы айтылған барлық ойлар құндылығымен жүрекке нұр құя түсетіні белгілі. Ұлт пен мемлекеттің дамуындағы жаңа бағдаршамға айналып отырған, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаланың заңды жалғасы іспеттес «Ұлы Даланың жеті қыры» – ұлттың олжасы. Қазақ халқы: «Толған ел — тарихын таспен жазады, тозған ел — тарихын жаспен жазады»-деген мән-мағынасы терең сөзді текке айтпаса керек-ті. Біз әлбетте, дербес ел ретінде алып қарасақ, жас мемлекетпіз, алайда аз ғана жылдар ішінде көптеген жұмыстар атқарылды. Оның бәрі – Президенттің салиқалы саясатының жемісі. Тәуелсіздік жылдарында тындырылған тірлік аз емес, бірақ, жүзеге асыратын жұмыс әлі де жеткілікті. Біз мұны жүрегімізбен түсінеміз. Президент мақаласы бәрімізден белсенділікті талап етеді. Ұлт мұраты үшін аянбай еңбек етуге қашанда дайынбыз дегім келеді.
Зүбайра Сембина,
облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support