- Advertisement -

Университет тің 8 оқытушысы үздік атанды

58

- Advertisement -

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 8 оқытушысы 2018 жылдың қорытындысы бойынша республикада үздік атанды. Негізі «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысын» анықтаған байқауға білім ордаларының әрбір 50 оқытушысының ішінде біреуі ғана қатысуға тиіс болған. Мұндай мүмкіндік 12 қызметкерге бұйырып, соның 8-і жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұл – әр 3 оқытушы-профессордың 2-еуі байқау жеңімпазы атанып отыр деген сөз.
Байқауда бағы жанып, жүзден жүйрік шыққан оқытушыларды ТарМУ-да өткен баспасөз мәслихатында таныстырған университет ректоры Махметғали Сарыбеков олардың жетістіктеріне жеке тоқталды.
– Университетіміздің Мұнай, газ және механика факультеті, «Механика және машина жасау» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Сағат Жүнісбеков, профессор, техника ғылымдарының докторы Исан Сапиұлы, Ақпараттық технологиялар, автоматика және телекоммуникация факультетінің«Информатика» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Манат Тлебаев, Мұнай, газ және механика факультетінің «Электроэнергетика» кафедрасы доцентінің міндетін атқарушы, PhD докторы Сейітжан Орынбаев, Технологиялық факультетінің «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы мен конструкциялау және дизайн» кафедрасы доцентінің міндетін атқарушы, PhD докторы Бекжан Абзалбекұлы, Технологиялық факультеттің «Химия және химиялық технология» кафедрасы доцентінің міндетін атқарушы, PhD докторы Айша Нұрлыбаева, Технологиялық факультеттің «Туризм және сервис» кафедрасының доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Алтынай Молдашбаева мен Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетінің «Педагогика және психология» кафедрасының аға оқытушысы, магистр Сандуғаш Үсенова республикада үздік атанып отыр, – дей келе Махметғали Нұрғалиұлы бұл байқауға республикамыздың 80 жоғары оқу орнынан 481 үміткер қатысқанын атап өтті.
Байқау қорытындысы бойынша еліміздің тек 43 жоғары оқу орнынан 200 оқытушы-профессор «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері атаныпты. Кадр даярлайтын ұстаздарды қолдау мақсатында өткен аламанда үміткерлердің ғылыми-педагогикалық қызметі сапалық және сандық көрсеткіштеріне қарай бағаланған. Енді сертификат пен төсбелгіге ие болған азаматтарға «Үздік ЖОО оқытушыларының» арнайы гранты да табысталмақ. Бұл қаржы жеңімпаздарға әлемнің жетекші университеттерінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мен біліктілігін арттыру мақсатында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.
Махметғали Сарыбековтың айтуынша, конкурстың жыл санап талаптары да күшейе түскен. Бастапқыдай емес, қазір үміткерлер үшін өз сабағын жақсы меңгергені, студенттерге сапалы білім беретіні жеткіліксіз. Ол белгілі бір оқу орнының бекітілген штатында жұмыс істейтін, өзі жоғары деңгейдегі әдіскер, электронды және жазба оқытуды жетік білетін, көпшілік мойындаған ғалым, халықаралық қатынастарды, яғни шетелдегі таңдаулы оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан маман болуы қажет. Сондықтан байқауға қатысу – жай ғана бақ сынаудан бұрын, бірнеше жыл қатарынан дайындықты талап етеді. Сондай-ақ қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгеруі тиіс. Бұл ретте ТарМУ оқытушыларына Елбасымыздың алға қойған межелі міндеттерінің бірі үш тұғырлы тіл саясатына кең қолдау білдіріп, уақыт ағымына қарай, тіл үйренуге деген ұмтылыстары септігін тигізген. Қазірдің өзінде университеттің 47 оқытушысы өзге тілдерді де еркін меңгерген.

 

Альмира ОМАРОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support