«Бином» бір отбасына тегін баспана берді

Тараздық жалғызілікті ана Зарина Мұратәлиева Жаңа жыл мерекесін жаңа қоныста қарсы алмақ. Күні кеше оған жұбайы Асанәлі 2004 жылы жұмыс істеген «Бином» компаниясы тарапынан екі бөлмелі пәтердің кілті салтанатты түрде табыс етілді. Бұл шараға аталған компания басшысының жұбайы Балжан Олжабекова, ҚР «Құрметті құрылысшысы» Сламбек Тілегени, бас инженер Мәди Изембаев және Зарина Мұратәлиеваның өзі мен жақын туыстары қатысты.
– Заринаның жұбайы бұрын осы компанияда жұмыс істеген. Бүгінде оның артында бір ұл, бір қызы қалды. Дәл осы жағдайларды ескере отырып, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында компаниямыз қайырымдылық шарасын өткізіп, жалғызілікті анаға екі бөлмелі пәтерді сыйға тартып отыр. Айта кету керек, компаниямыз Елбасының бағдарламасына сәйкес осындай үйлерді көптеп тұрғызуда. Бүгінгі таңда «Бином» салған үйлер еліміз бойынша ең арзан болып табылады. Сондықтан тараздықтарға осындай пәтерлердің иесі атануына мүмкіндіктері мол. Оларды алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын, – деді шараның ашылу салтанатында сөз алған Балжан Олжабекова.
Бұдан кейін ҚР «Құрметті құрылысшысы» Сламбек Тілегени жетімін жылатпаған, жесірін жүдетпеген бабалардың ұрпағы ретінде «Бином» компаниясының басшысы Серік Олжабековке алғысын білдіріп, батасын берді. Жаңа пәтерге қол жеткізген Зарина Мұратәлиева өз кезегінде:
–Жаңа жыл мерекесі қарсаңында отбасымызбен қуанышқа кенеліп жатырмыз. Осы үйді бізге сыйлап отырған «Бином» компаниясының басшысы Серік Бектенұлына, үйдің тұрғызылуына атсалысқан құрылысшыларға айтар алғысым шексіз. Дәл осы компанияда жұбайым Асанәлі жұмыс істеп жүріп, 2004 жылы қайтыс болды. Компания басшылығына жұмыс бабында ажал құшқан жұбайымның еңбегін елеп-ескеріп, екі бөлмелі пәтер сыйлағаны үшін шын жүрегімнен ризашылығымды білдіремін, – деп ағынан жарылды.
Айта кетейік, жас анаға екі бөлмелі бір пәтері берілген жалпы тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарына «Бином» компаниясы 150 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсапты.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/