- Advertisement -

Соғымыңыз шүйгін болсын!

2 070

- Advertisement -

Желтоқсан айында күздегі күйбең тіршіліктен қолы қалт еткен ағайын соғымға дайындаған малдарын союды бастап та кетті. Әр отбасы әл-ауқатына қарай соғымға жылқы, сиыр, түйе секілді ірі мал соятыны сөзсіз. Мұндайда төрт түліктен, әсіресе жылқы малын іздейтіндердің қатары артады. Қыстың қамын жазда ойлайтын малы бар қазақтардың басым бөлігі ала жаздай соғымға деп арнайы бір малды белгілеп қояды. Кәрі құда қаһарына мініп, қыс қылаң бере бастағанда-ақ, сойыс малын шетінен пышаққа жыға бастайды. Ал қақаған аязға дейін шыдап отыра беруді жөн көрмейтіндері алдымен күздік соғымдарын сойып, күн күрт суытқанда қыстықтарына қол салады.
Соғым сою мен соғымға арналған малды баптаудың да өзіндік ерекшеліктері бар екенін ұмытпаған жөн. Шу ауданының тұрғыны Азамат Баялбеков иен тау мен жапан түзде жалғыз үй отырса да, қазақ батасыз соғым соймайды дейді. «Бұрындары әкелеріміз соғымбасын беруге жаздан бастап қамданып, бірнеше ай бойы дайындалатын. Осы аралықта соғым малының жайлы болуына үлкен мән беріп, бабына келтіреді. Бұның өзі үлкен жұмыс. Сол кездегі кісілердің жоңышқаны майдалап турап, бетін қайнаған сумен бүркіп, кеш бата жылы жерге кіргізіп қоятынын да көзбен көрдік. Соғым малына еті дәмді болады деп тәтті түбір, қазысы сары болады деп жүгері, жем беретін. Содан кейін барып мал әбден дайын болғанда сойып, көрші-қолаң мен туған-туыстарын шақырып, соғым басын беретін. Көп жерде, әсіресе қалалық жерлерде осындай дәстүр сиреп бара жатқанымен, ауылдағы ағайын әлгіндей дәстүр сабақтастығына әлі күнге сызат түсірмей келеді» – дейді ол.
Сонымен бірге соғымға деп арнайы мал соймай-ақ, көрпесіне қарай көсілетін қазақтардың кейбірі көк базардан ірі малдың етін сатып алып жейді. Алайда мұнда да асқан байқампаздық керек. Шудағы көк базарда ет сататын Ержан ағамыздың сөзінше, етті таңдағанда да көп нәрсеге мән берген жөн. «Көбіне-көп боз етті таңдау қажет. Өйткені арық жылқының еті қызыл болатынын бәрі білетін шығар. Еттің ішінен қан көрініп тұратын болса, оны алмай-ақ қойған абзал. Ол – малдың ауырғанының айғағы. Ал түсі сәл сарғыштау ет – ең дәмді ет. Егер де жылқының етін алуды құп көрсеңіз, оның семіз немесе арықтығын білу үшін жаясы мен қазы-қартасының қалыңдығын көріп алу керек», – дейді ағамыз.
Расын айту керек, қараша халық соғым басы уақытында «еттің бағасы шарықтап кетті» деп шыр-пыр болады. Осыған байланысты аудандағы еттің бағасын байқап көрген едік. Мысалы, аудандағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша құрылған штаб мүшелері аудан орталығы Төле би ауылы мен Шу қаласында орналасқан ірі сауда үйлеріне және көк базарға жиі-жиі бас сұғып, азық-түлік бағасының шамадан тыс көтерілмеуін бақылауда ұстауда екен. Аудандық статистика басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі кезде аудан нарығындағы бір келі жылқы етінің бағасы 1700 теңге болса, сиыр еті – 1550, ал қой етінің бір келісі 1500 теңгенің көлемінде. Қалай дегенде де, қонағы асықпаса ет асатын, қона жатса қой соятын қазекең қыс мезгілінде соғымсыз отырмасы сөзсіз.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support