Жеті ата

Дәрігер ретінде қазақтың ертеден сақталып келе жатқан салт-дәстүрінен халық медицинасы мен генетика іліміне негізделген «жеті атаңа дейін, яғни туысқаныңмен некеге тұруға болмайды» деген тұжырымды ерекше атап өтер едім. Соңғы аталған ұлттық заңдылық қай дәуірде енгізілгенін ешкім басып айта алмайды. Бірақ оның дұрыстығын қазіргі белгілі ғалымдар мойындап отыр. Тек деген сөзде үлкен қасиет бар екенін ата-бабамыз жақсы білген. Қыз алысып, қыз беріскенде қазақ текті жермен құда болуға тырысқан. Енді мұның ғылыми негізіне үңілсек, болашақ ұрпақтың денінің сау болуы – сол тегіне байланысты. Тұқымға тартқан деген сөзге мән беріңізші, баланың жүріс-тұрысына, мінез-құлқына қарап, тегі, тұқымы жақсы деп жатамыз ғой. Олай болса, біз қаншама дәуірлеп, жаһанданып кетсек те, жеті атамыздың тегін ажырата білу дәстүрімізден ажырамағанымыз жөн.
«Қазір жеті атадан асып кеттік деп қыз алып, қыз берісіп жатқан ағайындарымыз бар емес пе?» деген сұрақ дәрігер болғандықтан бізге жиі қойылады. Оған былай жауап беруге болады: Бұл жастардың бүлдіріп қойған дүниесін білдіргіміз келмей, бүтіндеп, өзімізді-өзіміз алдаусырату әрекеті ғана болмаса, тек, түп тұқымы бір емес пе?! Көзі ашық, көкірегі ояу адам бұл айтқандарымызды түсінер деп ойлаймын. Қазақта «Жеті атасын білмеген – жетесіз» дейді. Жалпы, жоғарыда айтылғандай, қазақ атамыз жеті атаға дейін қыз алыспау қағидасын қатаң сақтаған халық. Бұрынғы кезде мұндай туыстық некеге жол берілмеген, бірді-екілі кездескен жағдайда оларды қатаң жазалап отырған. Дәл осындай қатаң заңдылық әлемнің еш елінде болмаған. Ал қазіргі жағдайда бұл заңдылық бірте-бірте бұзылып келеді деп айтуға болады. Өйткені бірін-бірі сүйген жастар жеті атасын сұрамақ түгілі, өздерінің қай жүз, қай рудан шыққанын да білмейді, Міне, бұл бүгінгі күннің үлкен қасіреті екенін мойындауымыз керек. Өйткені бүгінгі таңда бір атаның ішінде жеті атаға толмай-ақ қыз алысып, қыз берісіп жатқандар кездесуде. Сол өкінішті. Олардың ұрпағы, қаны бұзылып, балалары кемтар, әлжуаз, аурушаң болып туылуы медициналық-генетикалық тұрғыдан әбден мүмкін. Сондықтан келер ұрпағымызға немкеттілікпен, бейжай қарау үлкен қателік. Генетика заңдылықтарына көз жүгіртсек, туысаралық неке міндетті түрде келер ұрпаққа кері әсер етеді: туа біткен генетикалық ауруларға (олигофрения – слабоумие, Даун ауруы және тағы басқа) ұшыратып, қанның бұзылуына, ұрпақтың майдалануына, әлжуаздыққа, әлсіздігіне алып баратынын білеміз.
Қазақтың неке туралы бұл заңдылығы, тіпті АҚШ, Жапония, Еуропа елдерінің генетик-ғалымдарын таңғалдырып отыр. Арнайы келіп, зерттеу жұмысын жүргізгендері де баршылық. Біздің бұл ұлттық тұжырымның өте орынды екенін түсінген көрші Өзбекстан, Тәжікстан және басқа мемлекеттер «Неке туралы» қабылдаған соңғы заңдарына оны енгізді. Сөйтіп, біздің сонау ерте заманнан ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан неке заңдылығы басқа халықтарға да өнеге болып отыр. Ойдан ой қуып, қазақ генетика заңдылығын қашан және қалай білген деп таңғаласың. Бұл – ата-бабаларымыздың тектілігінің тағы бір айғағы. Осы бағыттағы ізденістерге көңіл аударған жөн сияқты.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының
докторы, профессор.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/