- Advertisement -

Су – ырыс көзі

122

- Advertisement -

Аймақта мемлекеттік бағдарлама аясында ирригация саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп келеді. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек» деген міндет қойды. Облысымыздың аграрлық әлеуеті орасан. Аймақта жалпы суармалы жер көлемі 229,7 мың гектарды құрайды. Ирригациялық жүйелер кеңестік кезеңде салынған. Бүгінде олардың 70-80 пайызы тозған. Соның салдарынан суландыру жүйелерінің пайдалы әсері 45 пайыздан аспайды. Бұған қоса бізге судың 80 пайызы – бастауын Қырғыз Республикасынан алатын трансшекаралық Талас және Шу өзендерінен келеді. Демек, өңірде «өмір нәрі» өзекті болып саналады.
Егер аймақтағы суармалы егістікті толық әрі тиімді пайдалансақ, мол өнім алумен қатар, шаш-етектен пайдаға кенелуге болады. Бұл бағытта өңірде кейінгі кезде ауыз толтырып айтарлықтай игілікті шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін сумен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында өңірде «Агроөнеркәсіп кешенін 2017-2021 жылдары дамыту» бағдарламасына сәйкес 4 индикатор қарастырылған.
Бірінші индикатор бойынша жалпы көлемі 49 миллион текше метрді құрайтын «Ырғайты», «Қалғұты», «Ақмола» сынды 3 жаңа су қоймасының құрылысына 6,0 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр.
Қазір «Қалғұты» су қоймасының техникалық-экономикалық негіздемесін жасау аяқталып, сараптамаға өткізуге әзірленуде. «Ырғайты» мен «Ақмола» су қоймалары бойынша техникалық-экономикалық негіздеме жасалуда. Жоғарыда аталған су қоймалары салынса, суару кезеңінде Қырғыз Республикасының Шу және Талас өзендерінен су алу тәуелділігі азайып, 38,0 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ету жақсарады.
Екінші индикаторда республикалық меншіктегі апаттық жағдайда тұрған су қоймалар тізіміне кірген «Қарақоңыз», «Ынталы», «Тасөткел» су қоймаларын қайта жаңғырту жұмыстарына жалпы құны 2,7 миллиард теңге қаражат қарастыру жоспарланып отыр.
Қордай ауданындағы «Қарақоңыз» су қоймасын жаңғырту оның сыйымдылығын 8,5 миллион текше метрден 18,5 миллион текше метрге жеткізеді. Мұның өзі қосымша 4,0 мың гектар суармалы егісті сумен қамтуға мүмкіндік береді. Сарысу ауданындағы «Ынталы» су қоймасы қазір апаттық жағдайда. Қайта жаңғырту жұмыстары су қоймасының қауіпсіздігін және беріктігін қамтамасыз етеді. Шу ауданындағы «Тасөткел» су қоймасы жаңғыртылған соң сейсмокүшейту жұмыстары нәтижесінде сыйымдылығы, жобалық қуаттылығы 620,0 миллион текше метрге дейін жеткізіледі. Шу, Мойынқұм, Созақ аудандарының суармалы және шабындық жерлерін ылғалмен қамту ұлғайып, Шу ауданында қосымша 15,0 мың гектар суармалы жер сумен қамтылады. Жалпы, үш қойманы қайта жаңғырту жұмыстары қосымша 130,0 миллион текше метр су жинауға мүмкіндік береді.
«Қарақоныз» су қоймасы бойынша жаңғырту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде, аяқталу мерзімі 2019 жылға белгіленді. «Ынталы» су қоймасы бойынша жаңғырту жұмыстарының (суармалы жер көлемі – 3,8 мың гектар) жобалық-сметалық құжаттамасын Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты 2018 жылдың қыркүйек айында аяқтап, жоба сараптамаға өткізілді. «Тасөткел» су қоймасының да жобалық-сметалық құжаттары қаралу үстінде.
Қазір пайдаланылмай жатқан, бірақ қалпына келтіруді қажет ететін жер көлемі индикаторы бойынша өңірімізде 88 мың 842 гектар алқап анықталды. Бұл жерлерді банктерден несие алу арқылы қалпына келтіру жоспарлануда.
Сондықтан да, 2015-2018 жылдар аралығында өңірдің коммуналдық меншігінен республика меншігіне жалпы ұзындығы 2376 шақырымды құрайтын 274 канал берілді. Оның 50 мың 447 гектары қалпына келтіруді қажет етеді. Биылғымен қосқанда, 2019 жылдың соңына дейін барлығы 678 шақырымдық 213 нысан өткізіледі. Олармен 38 395 гектар жер суландырылып, қалпына келтіріледі. Нәтижесінде республика меншігінде 3054 шақырымды құрайтын 487 нысан болады, оларға бекітілген 88 842 гектар жер қалпына келтіріледі. Республикалық меншікке қабылданған нысандар бойынша жобалау жұмыстарын Жамбыл ауданы – 30, Байзақ ауданы 46 нысанды бітіріп, мемлекеттік сараптамаға өткізді. Оның ішінде Жамбыл ауданындағы «Бошмойын», «Бескемпир», «Талас-Аса» каналдарына, құрылыс жұмыстарына конкурс өткізілуде. 2019 жылы құрылыс жұмыстары басталады. Қордай, Меркі, Жуалы аудандары бойынша жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Азия даму банкі Шу, Талас, Сарысу және Т.Рысқұлов аудандарында техникалық-экономикалық негіздемелер әзірлеуде.
Коллектор-дренаж жүйелерін қалпына келтіру бойынша жалпы құны 4607,0 миллион теңгеге 281 дана вертикальды ұңғы қазу, 726 шақырым коллектор-дренаж жүйелерін қалпына келтіру және 39,0 мың гектар жердің мелиоративті жағдайын жақсарту жоспарланып отыр. Зерделеу барысында 281 дана вертикальды ұңғыманың 59-ы жекеменшікте, 229-ы иесіз екендігі анықталды. 726 шақырым коллектор-дренаж жүйелерінің коммуналдық меншіктегісі – 292, жекеменшікте – 45, иесізі – 219, республикалық меншікке өткізілгені – 170 шақырым. Бұл бағытта жүйелі түрде республикалық меншікке өткізу іс-шаралары атқарылып жатыр.
Сонымен қатар қазіргі уақытта ИДЖЖ-2 жобасының аясында облыс бойынша Жамбыл, Қордай және Шу аудандарында жалпы ауданы 15 мың 172 гектар суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту мен сумен қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жамбыл ауданы бойынша құрылыс жұмыстарына тендер ойнатылып, 3,6 миллиард теңге қаржы қарастырылған. 2019 жылы құрылыс жұмыстары басталып, 108 шақырым «Қапал» каналы 21 тармақтарымен жөнделіп, 5000 гектар жер сумен қамтылады. Қордай ауданы бойынша жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Ал Шу ауданы бойынша жоба сараптамада қаралуда. Бұған қоса, Жамбыл, Қордай, Сарысу аудандарында Қырғыз Республикасынан 2018 жылдың суармалы кезеңіне су жетіспеушілік қаупін болдырмау мақсатында 36 су шаруашылық нысандарына 350 миллион теңгеге механикалық тазалау жұмыстарын және Меркі ауданында құны 510 миллион теңгеге «Аспара» каналының су өткізу мүмкіндігін арттыру үшін бірқатар жұмыстар атқарылды.
Жалпы, механикалық тазалау жұмыстары Жамбыл ауданында – 17, Байзақ ауданында – 10, Қордай ауданында – 2 және Сарысу ауданында 7 каналға жүргізілді. Тазаланған каналдардың ұзындығы – 368 шақырым. Бұл жұмыстар өз кезегінде 25,0 мың гектар жерге су жеткізуді жақсартты.
Қысқасы, мемлекеттік бағдарламаның жоспарланған жұмыстарын іске асырған жағдайда облысқа 70 миллиард теңге инвестиция құйылады. Жылдық ішкі өнім жыл сайын қосымша 90,0 миллиард теңгеге, пайдалы әсер коэффициенті 85 пайызға өсіп, судың шығыны 2 есе азаяды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 77 пайызға артып, елу мың адамға жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарлануда.

Берік НҰРАЛИЕВ,
«Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы директорының кеңесшісі.

Аймақта мемлекеттік бағдарлама аясында ирригация саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support