- Advertisement -

Сыбайластарды жазалаумен қоғамдық жүйе өзгермейді

52

- Advertisement -

Әлем елдері өркениетті қоғамға қадам басқанымен, экономиканың дамуына кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлық әрекеттерінен арыла алмай келеді. Бұл індет біздің жас мемлекетімізді де сырт айналып өтпеуде. Қолға алған ісін жедел аяқтауды көздеген, жеңіл баюды ойлағандар өз ортасын осындай қылмыстық істерге еріксіз итермелеуде. Жең ұшынан жалғасатын сыбайластар өзара астыртын әрекетін үдеткен сайын оған қарсы күрес шаралары да күшейіп келеді.
Дегенмен сыбайластыққа қарсы күрес жемқорды жазалаумен ғана шектелмейтіні белгілі. Жемқорлық әрекеттердің алдын алу үшін елімізде «делдалсыз» қызмет көрсету саласын дамытуға баса көңіл бөлінуде. Соның бірі – «Электрондық үкімет» механизмі. Қазір қазақстандықтар арасында «Электрондық үкімет» порталы күннен-күнге танымал болып келеді. Бұл жүйе әрбір азаматқа қолжетімді. Себебі электрондық-сандық қолтаңбасы бар кез келген азамат порталдағы барлық қызметтерді қолдана алады. Тіпті бүгінде картридер құрылғысы көмегімен анықтамаларды жеке куәлік арқылы алуға болады. Содан болар күн санап электрондық-сандық қолтаңба алған тұрғындар саны көбейе түсуде.
Электрондық сандық қолтаңба портал арқылы, үйден шықпай-ақ мемлекеттік қызметтерді алу үшін өте қажет. Бұл тұрғындар үшін ыңғайлы. Сонымен қатар өңірлерде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде ақпараттық орталықтар ашылып, көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлері автоматтандырылуда. Бір сөзбен айтқанда, Жолдаудан туындаған міндеттерді орындау үшін мемлекеттік қызмет көрсету автоматтандырыл­ған жүйеге көшірілуде.
Ақпараттық технологиялар дамыған кезеңде әділет органдары да мемлекеттік қызметті автоматтандыру мен оңтайландыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Мәселен, заңды тұлғаларды тіркеу жеңілдетілді. Бұл «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу» Заңына енгізілген түзетулер арқылы мүмкін болды. Сондай-ақ шағын кәсіпкерлік субъектілерін тіркеудің хабарлама жіберу тәртібі енгізілді.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев атап көрсеткендей, жемқорлықпен күрес – жалпы барша халықтың борышы. Рас, елімізде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданғаннан бергі 20 жыл ішінде жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер дәйектілікпен жүзеге асып келеді. Нәтижесінде сыбайлас жемқорлық көріністері біршама азайды. Десе де өз ісінің оңтайлы шешілуін қалайтындар көп жағдайда пара беруді тоқтатар емес.
Парақорлыққа қарсы нәтижелі күрес ең әуелі қоғамдық сананы өзгертуден бастау қажет. Өйткені бұл дерт мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, фбилік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді. Әсіресе қолында билігі бар уәкілетті орган қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа жиі жол беруі – қоғамда «бара бергенше, пара бер» деген ұғымның алға шығуына әсер етуде. Сондықтан да кез келген ұжымда ғасыр дертімен күреске басшы мүдделі болғаны абзал. Басшы ең әуелі өз құзіреті шеңберінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.

Жуаныш Асанбаев,
облыстық әділет департаментінің ұйымдастыру-талдау жұмыстары бөлімінің басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support