- Advertisement -

«Барымташы» ма, «ұры» ма?

462

- Advertisement -

Соңғы кезде бұқаралық ақпарат құралдарында «барымташы» деген сөз жиі қолданыла бастады. Теледидар жаңалықтарынан «ауыл тұрғындарының берекесін алған барымташылар құрықталды» дегенді құлағым шалды. Ел газеті «Егеменнің» ағымдағы жылдың 19 қарашасындағы 221-нөмірінде жарық көрген «Барымташылар неге басынады?» атты мақалада: «Ұрылар тиісті жазасын алмай, осылай сытылып кете берсе, шаруаны басынбағанда қайтсін?!» – деп жазылыпты. Ал өзіміздің облыстық «Aq jol» газетінен (10 қараша, 2018 жыл): «Талас ауданында соңғы төрт жылда 267 жылқы мен мүйізді ірі қара малы ұрланып, барымташылар қолға түспесе, былтыр және биылдың өзінде ұрланған 166 жылқы мен 17 мүйізді ірі қара малының ұрлығы ашылған жоқ», – дегенді оқыдым.

Осы мысалдарға назар аударсаңыз, барымташы сөзі «ұрының» (мал ұрлығына қатысты) синонимі ретінде қолданылып жүргендігін байқайсыз. Меніңше, бұл дұрыс емес. Олай дейтін себебім, бірінші, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» жүгінсек, онда: «Барымта – жауласқан екі рудың бірінің-бірі мал-мүлкін күшпен тартып алып, кек қайтаруы», – деп түсіндірілген. Екінші, «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» атты он бес томдықтың 3-томында: «Барымта – байырғы қазақ қоғамындағы құн дауы, жесір дауы, жер дауы тағы басқаға байланысты билер кескен құн мөлшерін айыпты жақ өтей алмағанда не одан бұлтарғанда, билердің келісімімен құн даулаушылардың қарсы жақтан өрістегі жылқыларды шауып, айдап алып кетуі», – делінген.
Аталмыш еңбектердегі барымтаға қатысты айтылған «екі рудың кектесу, бірінің малын бірі күшпен тартып алу» әрекеттері – барымташы сөзінің о бастағы мағынасын тереңірек ұғындырып, оның қолданыстағы өзіндік орнын айқындап тұр. Сондай-ақ қазақта «білсе – барымта, білмесе – сырымта» деген де сөз бар ғой. Сөздікке сүйенсек, сырымта – жасырын жолмен қарымтасын, есесін қайтару.
Енді ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Қараш-Қараш оқиғасы» хикаятынан алынған төмендегі мәтінді оқып көрелік: «Сол күні кешке шейін Жарасбайдың қалың жылқысы мен Қоқыш, Сәрсен жылқыларының ішіндегі желді-аяқ жүйрік ат-айғырдың он шақтысын таңдап отырып ұстатты да, қасына өзі іріктеп тоғыз жігітті алып, Бақтығұл ымырт жабыла атқа мінгелі жатты. Бұлар ұры емес, барымташы деп аталды. Осы себепті болыс мына жігіттердің өз аулынан аттануын жасырған жоқ».
Міне, бізді ойландырған, көптен бері көкейімізде жүрген сұрақтың жауабы, яғни сөзіміздің нақты дәлелі – «Бұлар ұры емес, барымташы деп аталды». Бұған қосымша аталмыш шығарма кейіпкері Қоқыштың аузына салынған мына сөзді де еске түсірсек, «барымташыны» ұры сөзінің орнына қолдануға мүлде болмайтындығына көз жеткізесіз: «…Билер! Бұл жұмыс барымтаға да, партияға да жанаспайды, басы ашық ұрлық».
Қорыта айтқанда, барымташы – қолданыстан ығыстырылған көнерген сөз. Толықтыра түссек, барымташы – барымта алушы, ол – ұры емес. Бүгінде барымташы сөзін қайта жандандырып, «ұрыға» синонимдес ретінде қолданысқа енгізбек әрекетіміз тіпті қисынсыз емес пе?

Құттымұрат РАМАНҰЛЫ.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support