- Advertisement -

Теңдессіз тарихымызды паш еткен туынды

92

- Advertisement -

Ерқанат МАНЖУОВ,
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Ұлттық рухқа жол ашып, өшпес із қалдырып отырған Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы қараша айындағы «Ұлы Даланың жеті қыры» атты ой-толғау мақаласы әрбір қазақстандыққа терең ой салғаны ақиқат. Өйткені еліміз егемендік алған шақтағы Мемлекет басшысының «Әуелі экономика, содан соң саясат» деген қанатты қағидасы өзінің мәнін осы жиырма жеті жылға жуық мерзім ішінде толықтай ақтап шыққанына ешкім де шүбә келтірмес. Ал 2014 жылдың тамыз айындағы ұлтымыз үшін ең қастерлі де киелі мекенге айналған Ұлытау етегіндегі рухани болмысымызды түгендер сәттің келгендігі туралы тарихи сұхбатынан кейінгі «Ұлы Даланың жеті қыры» атты дүниесі «Мәдени мұра», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалаларының жалғасындай болып отырғандығын еліміз бен халықаралық деңгейдегі, әсіресе түркі әлемінің көрнекті саясаткерлері мен ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері тарапынан аса жоғары бағаға ие болып отыр.
Уақыт пен кеңістікке арқа сүйеген Елбасының түпкі мақсаты ел ертеңі жастарымыздың бойында тарихи сананы жаңғырту арқылы ұлттық санаға дән егуге бағытталып отырғаны анық. Туған тарих – әрбір ұлттың, әрбір мемлекеттің өткенін дәріптейтін, тағдырлы-тауқыметін айшықтайтын жарқыраған айнасы. Ал басынан небір қиындық пен күрделі кезеңдерді өткізген қазақ халқы тарихының көлеңкелі тұстары мен көмескі шақтары, әрине аз емес. Осындай жағдайларды айқындау мақсатында Елбасы идеясынан туындаған «Қазақ хандығының 550 жылдығы» мерекесі аясында көптеген келелі істер жасалып, нәтижелі тірліктердің, тарихи зерттеулердің арқасында көптеген тың мәліметтер ашылды. Ендігі кезекте осы басталған сан-салалы істерге Елбасы жаңаша сипат бере отырып, тағы да атқарылар жұмыстар жайлы тапсырмалар ауқымын нақтылап берді. Өйткені өткенімізді білмей, оны іздеуге бой ұрмай болашаққа қадам жасай алмайтынымыз анық. Қазіргі таңда әлемдегі озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды мақсат тұтқан Қазақстан осы тұста ұлттың рухын көтеріп, рухани даму кезеңіне жүйелі түрде аяқ басып отыр.
Туған халқына тағылымы мол мақала ұсынған Елбасы өскелең ұрпақтың тарихи санасын жетілдіру арқылы тәрбилеудің ерен үлгі-өнегесін көрсетіп, барымызды бағалай білуге, жоғымызды түгендеуге шақырып отыр. Ал бүгінде жеті елді таныған, жеті тілді меңгерген, жеті асудан асқан, жеті қазынасына ие болған қазіргі жас ұрпақ үшін төл тарихы мен шыққан тегін білумен қатар, ұлт ұлағаттарын тану – ұлы іс. Өйткені қазақ халқының мыңдаған ғасырлар бойы шамшырақтай жарқыраған терең тарихы болғанымен, отаршылық озбырын бастан кешіріп, бүгінгі ұрпаққа жеткен ұлт тарихы тамырына балта шабылған, тоналған ата тарих екені де аян.
Осындай шақта Елбасы ұлт дамуының жеті қырына толғана да тоқтала келе, әлемде тұңғыш қазақтың сайын даласында ер-азаматқа серік болған жылқы жануарын қолға үйретіп мінгенімізді, алтын, күміс, қола, мыс сияқты бағалы металдарды балқыта отырып, одан аса шеберлікпен жасалған бұйымдар жасай білу арқылы металлургия отын жаққанымызды, Ұлы Жібек жолының жаһандық өркениетке жол салғанын және Ұлы далада кіндік қаны тамған ұлы Әл-Фараби, Ясауи, Күлтегін, Бейбарыс, Дулати сияқты кемеңгер тұлғаларымыздың ұлағатты есімдерін қайта жаңғыртуға жол ашып отыр.
Бұған қоса, келешекті көре білген Көшбасшы осы көтерілген келелі мәселелердің алдыңғы қатарына шығарған Қазақстанның алма мен қызғалдақтың тарихи отаны болғанын үлкен мақтанышпен және тарихи дәлелдермен жеткізген. Мақаланы аса зейін қоя оқи отырып, мен үшін ыстық мекен, киелі топырақ, туған жерім Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы еріксіз ойға оралды. Өйткені алмалы бақтарға оранған Еңбекшіқазақ ауданы сол Іле Алатауы баурайында орналасқан. Ал ежелгі грек мифологиясындағы аңыздардың бірінде қаһарман Парис алтын алманы беру арқылы үш Құдай әйелдiң ең сұлуын таңдауы керек болады. Парис алманы Афродитаға ұсынады. Нәтижесінде үшеуінің арасында кикілжің басталып, соңы Троян соғысына ұласады. Сол заманнан бері Рим тарихшысы Юлиан жазбаларынан алма жемісі «азғыру амалдарымен» байланыстырылатын болған. Сонымен қатар Библияда алманы тістегеннен кейін Адам ата мен Хауаның жұмақтан қуылды деп айтылатыны тағы бар. Мүмкін, қазақ халқы алманы «алма» деп атауының себебі де осыдан шығар. Ал Адам деген атау – дәстүрлі діндерде адамзат атаулының атасы болып есептеледі. Бұл қазақ тілінде де «адам» деген мағынаны білдіреді. Сондай-ақ Іле Алатауы қазіргі замандағы алма түрлерінің түп-тамыры, жалпы алма атаулының арғы атасы – Сиверстің жабайы алмасының отаны саналатынын ескерсек, адам Африкада пайда болды деген тұжырымға да күмәнмен қарауға болатын секілді.
Міне, сондықтан да Ұлы Жібек жолы арқылы Жерорта теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге тараған бұл алқызыл алманың түбі жалғыз Іле Алатауының баурайы ғана емес, табиғаты қолайлы Қазақстанның оңтүстік өңіріне, оның ішінде біздің Жамбыл жеріне де келгені белгілі. Осы бағзы замандардан бастау алар Іле Алатауы етегінде ормандай ұйысқан алма тұқымының тарихи генетикалық болмысы жайлы алысқа көз тастаған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тағылымды пікірінен «ұрпағым білсін» деген терең ой-тілектің жатқаны айдан анық. Өкініштісі, осындай аса құнды тарихы бар алмамызды ұлттық брендке айналдыра алмай келеміз.
Менің осы алма тарихы жайлы әлеуметтік желіге жолдаған қысқа жазбамды бүгінгі таңға 4 мыңға жуық азамат оқып, қолдауы және жақсы пікірлер білдіруі, әрине, ұлттық құндылықтарымызға бейжай қарамаудың айқын нышаны деп санаймын. Сондықтан алманың шығу және тарау тарихы жайлы өзекті мәселелерді қайта қарау барысында терең білетіндігімізге шынайы сенімдімін. Тәуелсіз Қазақстанның табысты іске асырылып жатқан бүгінгі сыртқы және ішкі саясаты, орнықты экономикалық және қоғамдық-саяси ахуалы сияқты ұлттық құндылықтымыздың қатарынан алманың да алар орны болары сөзсіз.
Елбасы өз мақаласында қазақтың ұлан-ғайыр даласын әрбір көктем сайын әсем де сұлу алқызыл түске бояйтын қырдың қызыл қызғалдағының төрткүл дүниеге Ұлы Дала елінен тарағандығы ерекше көрініске ие болған. Иә, Қазақстан аумағында өсетін 35 түрлі қызғалдақтың бүгінгі әлемдегі қызғалдақтардың «атасы» деген ұғымнан әрбір азаматтың, оның ішінде жастарымыздың туған елі мен қасиетті жеріне деген шынайы көзқарастарының өзгерері ақиқат.
Жалпы, Елбасы мақаласы барша қоғамға, оның ішінде отандық ғалымдар мен тарихшыларымызға ордалы ой салумен қатар, аса жауапты міндеттерді де жүктеп отыр. Осы жағдайларды ескере отырып, облысымыздың әрбір патриот азаматы өзінің туған ауылынан бастап, өскен өлкесінің тарихына салғырт қарамай, оны мақтанышпен айтар кезге жеткізуге ықпал етсе екен деген ой туындайды.
Ендігі мақсат-мүддеміз Н.Ә.Назарбаев айқындап берген жеті құндылығымыз ұлттық болмысымыз бен идеологиямыздың және тарихи санамыздың темірқазығы болуы үшін атсалысуымыз керек деп есептеймін. Бір сөзбен айтқанда Елбасының төл тарихымызды төрге шығару мен ұлттық сана көкжиегін көтеруге бағытталған бағдарламалық сипаттағы толғанысқа толы мақаласы ұлттық рухымызды күшейтіп, болашаққа деген сенімімізді нығайта түсері анық.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support