- Advertisement -

Каллаурдың жазбасы Бөлтірік шешеннің тағы бір қырын ашады

227

- Advertisement -

Шымкенттік ғалым Саттар Өмірзақовтың маған жіберген «Оңғарбай шешен» деген зерттеу мақаласын оқи отырып, мына дерекке көзім түсті: «Оңғарбай Түркістанға полковник Черняев келгенде кездесіп, оған жанында жүріп, жол көрсететін «Үкілі» болып сайланған екен. Осы дерекке қарағанда Қоқан хандығының озбырлығынан әбден жиренген Бөлтірік шешен секілді, Оңғарбайдың да Ресей үкіметін жақтағандығы аңғарылады». Орайы келгенде айта кетейін, Оңғарбай шешен – Әулиеата өңіріне кеңінен танымал болған Керімбай болыстың замандасы, пікірлесі, сырласы. Ол Жуалының Қошқаратасында «Қаңлы сай» деген жерде туып, Сиқымның Құлмайынбеттерімен өмірінің соңына, яғни 1917 жылға дейін аралас-құралас өмір сүрген. Оның шешендігі мен сөзге жүйріктігі ел аузында аңызға айналғанын айғақтайтын әңгімелер көп.

Сонымен Саттардың зерттеуін оқығанда елең еткізгені – Бөлтірік шешеннің орыстарға жол басшы болғаны жөніндегі дерек. Бөлтірік шешен туралы көптеген мақалалар мен туындылар оқығанымда мұндай әңгімені естіген де, оқыған да емеспін. Рас, ел ішінде беделді азаматтардың сырттан келгендерге жол көрсетушісі, кейбір мәселелер жөнінде кеңес берушісі болатындығы жөнінде естігенім бар.
Мұндай жауапкершілік сол өңірге аса беделді, жөн-жосықты білетін адамға жүктелетін. Мәселен, Ошақты болысының көзі ашық, көкірегі ояу азаматы Тойшыбек деген кісі кезінде Әубәкір Диваевқа қажетті деректері мен мәліметтерін беріп тұрған. Ал жоғарыда аты аталған жуалылық Оңғарбай шешен патша әскерінің жанынан табылған. «Үкіліні» сол өңірдің билері мен болыстары сайлап қоятын болған. Оңғарбай да, Бөлтірік те, Тойшыбек те – сайланған тұлғалар. Үкіленген кісінің құқы өте үлкен, беделі билерге жетеғабыл болыпты. «Үкілі» деп атамағанымен мұндай үрдіс Кеңес заманында да жалғасқан. Беріректе Ұланбел мен Шуды мекен еткен Боранқұл Қошмағанбетов деген атақты күйші, сазгер, академик Әлікей Марғұланның сол өңірдің тарихы мен мәдениеті, жер-су атаулары, ән-күй турасында кеңесшісі болғаны да белгілі. Қаныш Сәтбаев Жезқазған өңірінде кен орындарын табуда жергілікті тұрғындардың аңыз-әңгімелері мен сілтеулеріне сүйенген. Жер бедерін жақсы білетіндерді жол басшы етіп алған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады.
Осындай деректерді ой елегінен өткізе келіп, «Бөлтірік шешен орыстарға не көрсетіп, нені айтты екен?» деген сауал ерекше толғандырды. Сондықтан да осы дерекке қатысты мәліметтерді іздестіре бастадым. Ақыры іздегенімді тапқандай болдым…
Бөлтірік шешенге қатысты деректі 1880 жылдары құрылған Түркістан археология сүйермендері клубының хаттамаларынан, Әулиеатаның әкімі болған Василий Каллаурдың жазбаларынан таптым. Хаттамаларды оқыған сайын орыс отарлаушыларының жанында жолсілтері болған жалғыз Бөлтірік шешен емес екенін білдім. Сол деректерді оқи отырып 1880-90 жылдары елде көзі ашық, сауатты азаматтардың көп болғанына көз жеткізесіз. Олардың барлығы да ортағасырлық қорғандар мен қамалдарға өздері қазба жұмыстарын жүргізгенін немесе сондай азаматтардың қазба жұмысында тапқандарын айтқан. Мәселен, В.Каллаур 1898 жылдың 1 шілдесі күні жазған «Талас өзенінің төменгі сағасындағы көнелер» деген есебінде Бөлтірік Әлменұлынан басқа бірнеше азаматтың атын атайды. Алдымен №6 ауылдың Тастөбе болыстығының азаматы Шешенқара Жангелдинді кездестіргенін, оның Тасбастау маңында жазуы бар тасты көрсеткенін жазған. Сонымен бірге Шешенқара сол өңірдегі қорғандарды қазғанын біледі. Өзгелердің әңгімелері бойынша Шешенқара сол қорғандардан алтын тостақ, сызғышқа ұқсас металдан жасалған қаңылтыр тапқан. Тектұрмастың маңында Байымбет Тоқбергенов деген кісіден жебенің ұшын, белгісіз металдан жасалған белдіктің жарты сынығын алғанын жазады. Ал Майкен Өтегенов пен Жұмабай Бекқұлин Көктал өзенінің Сасықбұлақ деп аталатын жеріндегі қорғандарды қазып, қазына іздегенін де естиді. Олар екі қорғаннан да жылқы сүйегін тапқан. Жылқының ауыздығы, жанында қатты тотыққан қылыш болыпты. Ал адам сүйегі болмаған. Қышкөпірге барғанда Қошқарата болыстығының болысы Шерім Тұрабековті жолықтырып, одан балбал тастар туралы мәліметтер алған. В.Каллаур осы сапарында Малдирбек Дөненбаевпен де, Жолшыбек Сапақовпен де жолығып, қоржынын тарихи жәдігерлерге толтырады. Оның осы сапарында үнемі жанында Бөлтірік шешен жүреді.
Василий Каллаурдың жазбасынан білгеніміз, ол Бөлтірік шешенмен бірнеше күн бірге болып, көптеген деректер білген, тіпті тарихи жәдігерлер алған. 1898 жылдың 18 сәуірінде Василий Каллаур Әулиеата қаласынан 128 верст қашықтықтағы Талас өзенінің сол жағалауындағы Жетітөбе қорғандарын көру кезінде Бөлтірік шешенмен жолығады. Бөлтірік биіктігі – 30, аумағы 200 қадам болатын қорғанды осыдан бірнеше жыл бұрын жергілікті адамдар қазғанын айтады. Қазба кезінде, алдымен жылқының, одан кейін адамның, иттің және қойдың сүйектері табылыпты. Бұдан кейін Бөлтірік Василийді Ошақты болыстығының №6 ауылының маңындағы Тектұрмас қамалының орнына ертіп келген. В.Каллаур қамалдың аумағы 830 қадам, биіктігі екі аршын екенін жаза келіп, оның орта тұсынан көптеген адамның бас сүйектерін, бояулы кірпіштерді көргенін жазады. Неге екені белгісіз, В.Каллаур Бөлтірік шешенді Шапырашты руынан деп жаза келіп, оның көп білетіндігін аңғартыпты. Шешеннің руы туралы ол қателескен болар. Бөлтірік бұл жерге осыдан 50 жыл бұрын Шымкент уезінен көшіп келдік депті. Сол кезде осы өңірде егістің және арықтардың сүрлеулері болыпты. Олар осы арықтарды пайдаланып, оны сексеуілдерден тазартып, Тектұрмасқа дейінгі аралыққа егін салыпты.
Жетітөбеден Тектұрмасқа дейін, одан кейін Атбайларға дейінгі аралықтан В.Каллаур жебе ұштарын көптеп тауыпты. Сонымен бірге сол кезде пайдаланып жүрген кетпеннен 4 есе үлкен кетпенді тауып алғанын жазған. Күйдірілген құмыралар мен құбырлар өте көп кездесіпті. Бөлтірік шешеннің айтуынша, осыдан 28 жыл бұрын Тектұрмастың шығыс жағынан сурет салынған кішкентай күміс ыдыс табылған. Сол күміс ыдыстан жергілікті зергерлер сырға, сақина және басқа да сәндік бұйымдар жасапты.
Бөлтірік шешен Тектұрмастың маңындағы егіс даласынан өзі тауып алған жебе ұштарын зерттеушіге берген. Табылған жебе ұштарының қыры әртүрлі болыпты. Олардың арасында сауыт бұзар сайгез жебелерінің болғаны да сөзсіз. Сонымен бірге Әулиеата қаласының әкімі Бөлтіріктен Тектұрмас туралы аңызды жазып алады. (Алдағы уақытта сол жазбаны іздестіретін боламыз.).
Талас өзенінің жағалауындағы аумағы 120 қадам болатын Атбайлар бекінісінің құрылымымен танысу кезінде жылқыға байланысты көптеген әңгімелер естиді. Бұдан кейін В.Каллаур Бөлтірікпен бірге Ақкесенеге келеді. Сол кездегі кесененің сипаттамасы мынандай екен: төрт қырлы мұнара шикі кірпіштерден қаланған. Аумағы – 30 сажен, биіктігі – 5, 2/1 аршын, қалыңдығы 3,4/3 аршын болатын мұнараның шығыс жағы биік белдеумен қоршалған. Ішінде – сексеуілмен жабылған мола. Мұнараның солтүстік-шығыс жағында 6 сажен болатын құрылыс орны бар екенін көрген ол мұндай құрылыстарды Әулиеата қаласының маңындағы дүнгендер мекендейтін Жалпақтөбеден кездестіргенін жазыпты. Мұнараның басына алып баратын айналма баспалдақтардың кейбіреулері құлап қалғанына қарамастан, жоғары көтерілуге болады дейді.
Тап осы жерден, яғни Талас өзенінің жағасынан басталатын тереңдігі – 24, ені 40 аршын болатын Қалмақ арық өтетіндігін суреттей келіп, бұл арық Төресүйек арқылы төмен қарай 100 верстке дейін созылып жатыр дейді. Қалмақарықтың батыс жағында 12 верст жерде Ақкесенеге ұқсас Көккесене бар екенін, оның қирап қалғанын, тек сілемдері ғана қалғанын жіпке тізіпті. Осы маңда Қаратөбе деген жерден ескі диірменнің қаңқаларын көрген.
Василий Каллаур балбал тастарды жергілікті тұрғындар «Келі тас» деп атайды дейді. Біздіңше, қазақтар балбалды «Киелі тас» деп атаған. Бұл жерде сөздің мәнін білмеген соң ол бұрмалап жіберген. Көктал өзенінің бойындағы қыш көпірдің ғажаптығын жаза келіп, осы жерден көне қорымды зерделеген.
Міне, осылардың бәрін көруге және нақты деректер алуға Бөлтірік шешен көмектескен. Осыдан-ақ от ауызды, орақ тілді, шешен туған жердің тарихын да, сол жердегі көне мекенжұрттарды да жақсы білгенін аңғару қиын емес. Әулиеата қаласының әкіміне Бөлтірік шешен салиқалы ой, өткір пікір, шешендік сөздер айтқаны анық. Бірақ оны В.Каллаур түсінбей қор болды ғой…

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,
жазушы-мұрағаттанушы.

Тараз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support