- Advertisement -

Қазақшаң қалай, кәсіпкер?

91

- Advertisement -

зерделеу апталығында бірқатар кемшіліктердің беті ашылды

ҚР «Тіл туралы» Заңының «Деректемелер мен көрнекі ақпарат тілі» атты 21-бабында «Мемлекеттік органдардың мөрлері мен мөртаңбаларының мәтінінде олардың атаулары мемлекеттік тілде жазылады. Меншік нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерінің, мөртабандарының мәтіні мемлекеттік тілде және орыс тілінде жазылады. Бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылады» делінген. Ал оларды орындамаған тұлға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексінің 75-бабы бойынша жауапкершілікке тартылуы ғажап емес. Нақтырақ айтар болсақ, «ҚР Тіл туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық» деп аталатын бапта былай көрсетілген:
«3. Деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру жөніндегі талаптарды бұзу – ескерту жасауға әкеп соғады.

  1. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет – лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады».
    Сондықтан жауаптылықтар қарастырылған заңнама талаптарын, әсіресе сауда және тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету орындарында, қоғамдық жолаушылар тасымалдау автокөліктерінде көрсетілетін қызмет түрлеріне қатысты кәсіпкерлер де бұлжытпай орындағаны абзал. Аталған мәселеге байланысты облыстық тілдерді дамыту басқармасы зерделеу апталығын жүргізді. Ол үшін құрамында қалалық тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары; кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм; сәулет және қала құрылысы; мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері бар жұмыс топтары құрылды. Қаладағы қонақ үй, мейрамхана, сауда үйлерін қамтыған зерделеу барысында олар барлығы 124 кәсіпкерлік нысан мен 30 қоғамдық жолаушылар тасымалдайтын автокөлікке заң талаптарын ғана түсіндіріп қоймай, заңнамалардан үзінділер келтіріліп, тегін кеңес берілетін 8 (7262) 431887 «Жедел желі» мен www.lang-zh.kz сайттары көрсетілген әдістемелік нұсқаулықтың 500-ін таратты.
    Зерделеу жұмысының нәтижесінде бірнеше кемшілік анықталды. Олар: сатылатын тауар немесе көрсетілетін қызмет түрлерінің бағалары жазылған көрнекіліктер және кейбірінің есіктеріндегі тақтайшалары ресми тілде ілінген.
    Латын графикасына көшу мемлекеттің алға қойып отырған басты мақсаттарының бірі екендігі белгілі. Осыған байланысты бірқатар нысандардың атаулары латын жазуымен алмастырылған. Бұған дейін де жазып жүргеніміздей, мұнда да қателер баршылық. Мысалы, «Гауһартас» мейрамханасының атауы латынша дұрыс жазылмаса, «Ақсарай» мейрамханасының ішінде атауын сол жағына ағылшын тілінде, оң жағында қазақ тілінде жазып қойған. Сондай-ақ көптеген қонақ үйлерде көрсетілетін қызмет түрлері тек ресми тілде жазылған.
    Зерделеу аясында тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық бөлім басшысы Набира Сүйманова мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Әйгерім Құдайбергенова тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің кезекті өндірістік жиналысына қатысып, жұмыс топтары анықтаған автобустардағы кем-кетіктерді көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар басқарма тарапынан қала тұрғындарының қоғамдық көлікте қазақ тілін пайдалануына қатысты жүргізген әлеуметтік зерттеуінің қорытындысын баян етті.
    Негізі қоғамдық көліктердегі бағыттар көрсетілген тақтайшаларды осыдан 7-8 жыл бұрынғы нұсқаларымен салыстыруға келмейді. Өйткені қазір олар төл тілімізде түсінікті әрі біріздендіріліп, қатесіз жазылған. Десек те «Бес саусақ бірдей емес». Мәселен, №56 (мемлекеттік нөмірі – 502 ОНА) автобуста бағыттардың ресми түріндегі тақтайшасы ғана ілінген, сөйте тұра тайға таңба басқандай, «30 лет Сейфуллин» деп жазыпты. №57 (мемлекеттік нөмірі – 325 ОҒА) қоғамдық көлігінде бағыт сілтеуші тақтайшасы жоқ болып шықты. №20 (мемлекеттік нөмірі – 237 KL) маршрутта С.Мұқанов көшесінің атауы қазақша нұсқасында С.Мұқанова, №55 (мемлекеттік нөмірі – 787 NAA) автобуста Ы.Сүлейменов – Сулейменов, №33 (мемлекеттік нөмірі – 520 АА) қоғамдық көлігінде Гродеково – Гродикова деп кеткен. Сондай-ақ №27 автобуста Қант зауыты аялдамасы – «Қант зауыд», 2015 жылы көшенің атауы С.Аққозиев болып өзгергенімен, №34 және №37 бағыттағы автобустардың бағыт сілтегіш тақтайшаларында ол әлі де Л.Мирзоян екен.
    Ал қаланың мың жарым тұрғынын қамтыған сауалнама қорытындысы бойынша «Тараз қаласындағы жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктерде аялдама, көше атаулары көбіне қай тілде хабарланады?» деген сауалға пікірін білдіргендердің 46,3 пайызы мемлекеттік тілде десе, 45,5 пайызы қазақ және орыс тілдерінде деп жауап берген. Ал ресми тілде дегендері 7,8 пайызды құраған.
    «Қоғамдық көліктердегі мәтіндердің мемлекеттік тілде сауатсыз жазылуының себебі неде?» дейтін сауалға пікір білдіргендердің 26,2 пайызы көлік кәсіпорындары басшыларының тілге немқұрайдылығынан деп жауап берсе, 35,9 пайызы мемлекеттік тілге құрметтің төмендігінен, ал 36 пайызы көлік кәсіпорындарында тілді білетін сауатты қызметкерлердің жоқтығынан дейді.
    «Қоғамдық көліктерде аялдамаларды, көшелерді осы күнге дейін ескі атауларымен хабарлайды. Осыған қалай қарайсыз?» дейтін сауалға адамдардың басым бөлігі, яғни 42,7 пайызы қолданысқа тезірек енуі үшін жаңа атаумен хабарлау керек депті. Ал 29,1 пайызы бір жыл жаңа атауымен қоса ескі атауларын бірге, кейін тек жаңа атауларымен хабарласа деген ойын жеткізген.
    Тараз қалалық тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары алдағы уақытта жіберілген кемшіліктерді жойып, халыққа қызмет көрсету деңгейін жақсартатынын айтты.
    Жалпы алғанда, облыстық тілдерді дамыту басқармасы анықталған олқылықтарды болдырмау және олардың алдын алу мақсатында кемшіліктердің жойылуын күн тәртібінен түсірмей, үнемі бақылауда ұстамақ. Алайда «Жалғыздың үні шықпас» демекші, мемлекеттік маңызды мәселеге басқа құзырлы орындар да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып атсалысса игі. Өйткені жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатыны белгілі.
  2. Тараз қаласы.
    Альмира ОМАРОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support