- Advertisement -

СҮРІНГЕНДІ СҮЙЕУ –АДАМИ ҚАСИЕТ

74

- Advertisement -

Адамзат баласы үшін ең ауыр жаза – бас бостандығынан айыру. Тор терезе мен темір есіктің арғы жағында қоғамнан оқшауланып, кең даланың бір жұтым таза ауасына зар болған жазалы адамның тағдырын ешкімнің басына бермей-ақ қойса екен деп тілейсің. Дегенмен қылмыс жасап, қоғамнан оқшауландырылған азаматтардың қалыпты ортаға адами қасиеттерін жоғалтпай оралулары үшін оларды түзеу мекемелерінде тәрбиелеудің маңызы өте зор болмақ. Яғни тәрбие-тағылымның ең ықпалдысы – қылмыс жасаған адамдарды салауатты қоғамнан белгілі бір дәрежеде оқшаулай отыра, заң шеңберінде тәрбиелеп, қайта оралту. Темір тордың арғы жағына түскен жаза өтеуші азаматтарды түзу жолға түсіріп, бостандыққа дайындау «Қылмыстық-атқару» Заңының басты мақсаты болып табылады.

Жаза басқандарды түзеу орындарында еңбекке тартудың маңызы зор. Мұны, әсіресе қоныс колониясында жүзеге асыру көптеп қолға алынуда. Ия айтары жоқ, өмір болған соң, қателік те кетіп жататыны хақ. Ал біздің міндетіміз – шалыс басып, абақты табалдырығын аттаған жандарды қатарға қайта қосу. Осы ретте, тәрбиенің тиімді іс-шараларына жете мән берудеміз. Айталық, жылма-жыл мемлекеттік, үкіметтік емес, діни ұйымдардың қатысуымен Жаңа жыл, 8 наурыз, Наурыз мейрамы, мамырдың шуақты мерекелері, Конституция күні, Білім күні, Тәуелсіздік күні меркелерін атап өту дәстүрге берік енген. Сондай-ақ түрлі спорттық жарыстар мен көркемөнерпаздар байқауы жүйелі өткізіліп тұрады.
Түзеу жолына түскендерді, өнер көрсетуде белсенділік танытқандарды марапаттауға да қаражат қарастырылған. Бұл жағдайлардың бәрі дерлік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, атқарылып жатқан істің барысын көпшілікке жеткізіп отырамыз. Қолөнер бұйымдарының «Үміт» атты байқау-конкурсына қатысу дәстүрге айналды. Аталған байқау алғаш рет Мәдениетті қолдау жылына орай ұйымдастырылып, Ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығында жалғасып, содан бері жылма-жыл тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл шаралар сотталғандардың эстетикалық танымының дамуына және қоршаған ортаға сүйіспеншілікпен қарауға, сөйтіп бойларына инабаттылық, мейірімділік қалыптастырып, адамгершілікке тәрбиелейтіні сөзсіз.
Жабық мекемеде «Тіл туралы» Заңның қолданысына да назар аударылып келеді. Ал бұл шара негізінен «Ана тілің – арың бұл» тақырыбында жоспарлы түрде өткізіледі. Қазақ тілін оқып-үйрену үш топта – бастапқы, жалғастырушы және тереңдету бағытында жүргізіледі. Осыған орай мемлекеттік тілді меңгергендердің деңгейін анықтап отыруға да жеткілікті мән берілуде. Мұндағы атап кететін тағы бір жайт, мәдени-көпшілік және спорт шаралары көбіне-көп қалаға іргелес Шөлдала ауылындағы 119-есептік квартал ғимаратының 2 оқыту базасында өткізіледі. Мәселен, Жыл басы – Наурыз мерекесін жылдағыдай сонда өткізіп, қызметкерлеріміз отбасыларымен бір жасап қалды.
Қорыта айтқанда, бас бостандығынан айыру орындарындағы сотталғандардың Конституциялық құқықтарының қатаң сақталуына әркез ерекше назар аударылуы бүгінгі күннің талабы ғана емес, оны нақты жүзеге асыру – баршамыздың ортақ абыройлы міндетіміз.

Венера ҚАРАКӨЗОВА,
облыс бойынша
ҚАЖД ЖД-158/5 мекемесінің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік психологиялық жұмыстар бөлімінің жасақ бастығы, әділет аға лейтенанты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support