- Advertisement -

Елбасының ақыл-кеңесін орындаған Сайрамбай

342

- Advertisement -

Өңір экономикасын өрге сүйрейтін маңызды саланың бірі – аграрлы сектор. Бұл салада өз шаруасын шалқытып, ел әлеуетін көтеруге айрықша үлес қосып жүрген азаматтар баршылық. Соның бірі – Сайрамбай Дөненбаев. Ол ауыл шаруашылығы саласын дамытуға өз үлесін қосып қана қоймай, ауданды әлеуметтік-экономикалық тұрғыда нығайтуға атсалысып жүрген азамат.
Өзі туып-өскен Т.Рысқұлов ауданы Жарлысу ауылына 300 орындық асхана, тұрғын үй, медресе кешені мен зәулім мешіт, ашаршылық құрбандары мен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арнайы ескерткіш аллеясын, мал бордақылау алаңын, мал сою пунктін ашып, өз шаруашылығында еңбек ететін жас отбасыларды баспанамен қамтуы кім-кімге де үлгі боларлық іс. Оның малшы балаларына арналған 50 орындық интернат кешені мен 100 орындық «Тәттім-бүбі» балабақшасын салып беруі де атап айтарлықтай ізгі іс. Бұдан бөлек,Тараз қаласында ұйымдастырылған «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған мәдени іс-шараларға да демеушілік танытып, елдік тойдың жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Әрдайым ауданның жастары үшін жұмыс орындарының көптеп ашылуына да ықпал етіп келеді. Жағдайы төмен отбасыларға, мектеп оқушыларына қолдау көрсетіп, облыс, аудан деңгейіндегі ұйымдастырылған қайырымдылық шаралардың үнемі бел ортасынан табылуда.
Кеше Т.Рысқұлов ауданына жолымыз түсіп, «Шәушен» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысудың орайы келген еді. Сайрамбай Әліқұлұлының айтуынша, әкесі кезінде Алғабас қой кеңшарында белді қызметкер болып еңбек еткенімен, ата-анасы кейіннен аталған кеңшардың малын баққан көрінеді. Әкеге жастайынан қолғабыс болған ол еңбек жолын 1982 жылы шопанның көмекшісі болып бастап,1986 жылы аға шопан ретінде әкенің ақ таяғын өз қолына алады. Кейіннен сол кеңшардың бөлімше меңгерушісі, зоотехнигі болып екі жыл жемісті еңбек етті. Десе де кезінде мал баққан шаруа кеңшарда қызметкер бола жүріп, төрт түліктің жай-күйін, егіншіліктің қыр-сырына қанығудан бөлек, мал шаруашылығы саласына тән малдың есеп-қисабын жүргізу секілді шаруалардың да мән-жайын біліп өсіп, тәжірибе жинақтайды. Бұл еліміз азаттық алған алғашқы жылдардағы қиын-қыстау кезең еді. Заман өзгеріп, мемлекетіміз нарықтық экономикаға бет бұрғанда, 1996 жылы алғашқылардың бірі болып ағайынды үш жігіт осы «Шәушен» шаруа қожалығын ашыпты.

Сайрамбай Дөненбаевтың бүгінгі дәулеті кезінде шопан бола жүріп жинаған 300-ге жетер-жетпес уақ мал мен 26 жылқы, 12 сиырдан құралған. Ол кез бір қойды бір қап ұнға айырбастайтын тапшылық заман болса да, ағаларының ақылы мен тигізген қол көмегінің арқасында шаруашылықтың тірлігі тіктелді. Өз күштерімен егін егіп, қамбаға түскен астықты қол күшімен көлікке тиеп, элеваторға жөнелтетін ауыр бейнет бүгінде артта қалған.
Заман беті бері қараған мыңжылдықтар тоғысында мал басын көбейткеннен бөлек, оны асылдандырудың артықшылығын ойластыра бастайды. Осылайша ол шаруашылықты ет бағытына бұру үшін Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарынан уақ мал, Ресейден асыл тұқымды жылқылар сатып әкеледі. Бүгінде «Еділбай» асыл тұқымды қой мен ет бағытындағы асыл тұқымды жылқы өсіруші шаруашылық статусын иеленіп отырған «Шәушеннің» белді шаруашылық ретінде қалыпқа түсу кезеңі осындай. Қазіргі таңда шаруашылық иелігінде 2 200 жылқы мен 52 000 уақ мал бар. Бүгінде егістік жер көлемінің өзі 8 мың гектар болса, жайылымдық жері –19 668 гектарды құрайды.
Қазіргі заманда өзіңді жарылқап қана қоймай, өзгеге де қолұшын созып, жомарттық танытатындар сирек. Себебі оған мәрттіктен бөлек, қыруар қаржы қажет екені белгілі. Ал Сайрамбай Әліқұлұлы осыншама дәулетке өзінің алғырлығымен, жұмысқа деген ерекше ынтасымен, адалдығымен әрі еңбексүйгіштігінің арқасында жетті. Сондықтан да ол өзінің немере ағайыны тұрмақ, ауылдағы шаруаға бейім жастарды өз қанатының астына алып, еңбекке баулып, өз алдына шаруа қожалық ашып, кәсіппен айналысуына жағдай жасады.
– Еңбек қана адамды ерте есейтеді. Біз ата-ананың, текті тәрбиенің арқасында еңбекқор болып өстік. Қазір табыстың қалай келетінін, берекенің қадірін білетін жастар аз. Осыны үнемі өз балаларыма да айтып, мемлекетімізде кәсібіңді дөңгелетіп, тірлік жасауға барлық жағдай жасалғанын, ол үшін ерінбеу қажеттігін үнемі естеріне салып отырамын. Ақыл айту бар да, оны іске асыру бір бөлек. Соны түсінгендердің бүгінде тасы өрге домалап отыр. Бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаты мен мемлекетіміздің кәсіпкерлерге ерекше қолдау білдіруінің арқасы, – дейді ол.
Сайрамбай Дөненбаев Президентпен бірнеше рет жүздесіпті. Соның бірі – 2005 жылы Астана қаласында өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне арналған үлкен жиын екен.
– Жиында сөз кезегі маған берілгенде, жол бастаушылардың бірі қағазға жазып берген мәтіннен жаңылысып, амал жоқ ішімдегіні өз сөзіммен жеткізуіме тура келді. Президент мұныма көппен бірге бір күліп алды да, әр сөзіме ерекше назар аударды. Жиыннан кейін шақырып алып, өз ақыл-кеңесін айтты. Сонда Елбасымыз: «Сендей іскер азаматтар елге керек. Шаруашылығың аяққа тұрған екен, енді оны өзім таптым екен деп жамбасқа басып жата беруге болмайды. Шаруашылығыңның ауқымын шамаң келетіндей бұдан да әрі кеңейте түс. Жұртшылыққа жұмыс орнын ашып бер, шын мұқтаждарға көмектес,өз ауылыңның, өңіріңнің әлеуметтік жағдайына қарайлассаң, маңайыңдағыларды масылдыққа емес, еңбектің нанын жеуге баулысаң, сенің шаруашылығың шалқитыны анық» деді. Кейін бір сапарында ол кісі Сұмқайты жайлауына арнайы атбасын бұрып, дастарханымнан дәм де татты. Ол кезде де керек кеңесімен бөлісіп, арқамнан қақты. Мен Елбасымыздың айтқан әрбір сөздерінен ерекше қуат алдым, ол кісі мені жігерлендіріп, қанаттандырды. Бүгінде ауылға қажетті мешіт, балабақша, интернат, тұрғын үй секілді түрлі әлеуметтік нысандар салу мен өзге де қажеттіліктер үшін соңғы он жылда барлығы 5 миллиард теңгедей қаржы жұмсаппын. Бұдан мен алғыс арқаламасам, жаман болғаным жоқ.
Жалпы, адамға дәулет тынымсыз еңбек пен шүкіршіліктің арқасында келетіні анық. Бастысы – соның қадіріне жетіп, барды ұқсату. Өзіңде барды өзгемен бөлісу, айналаңдағыларға шарапатыңды тигізіп, жастарды еңбеққорлыққа тәрбиелеу. Үлкендердің қоғам алдындағы парызы – осы. Қазақтың қадірлі ақыны Қадыр Мырза Әлі «Қызығы жоқ қазынадан, қызуы мол қи артық» деген екен. Егер маңайыңдағыларға, мемлекетіңе, Отаныңа титтей де пайдаң тимесе, онда сенің ас та төк байлығыңның құны көк тиын. Қысқасы, елмен бірге жүрмеген тірлікте береке болмайды. Биыл Юбилейное ауылына 60 орындық балабақша, Жарлысу ауылына мұражай салып беруді жоспарлап отырмын.
Жалпы,«Шәушен» шаруа қожалығында барлығы 300 адам еңбек етеді. Оның 250-ден астамы тұрақты жұмыспен қамтылғандар, қалғаны маусымдық жұмысшылар. Олардың бәрі де еңбеққор, өз міндетіне жауапты, іске адал, тірлігіне тиянақты жандар, – дейді Сайрамбай Дөненбаев.
«Шәушен» шаруа қожалығындағы жұмысшылардың ішінде еңбекақысы 70 мыңнан басталып, 300 мың теңгеге дейін табыс табатындар бар екен. Көзге жақсы түскендерге 30 пайыз сыйақы берілетін көрінеді. Одан бөлек, жыл соңында түскен табыстың есеп-қисабы жасалып, соның 2 пайызы айлыққа қосылады. Ұжымдағы үздік шыққан егіншілерге, механизаторларға, шопандарға жыл сайын автокөлік, кейбіріне ақшалай сыйлық, мал беріледі. Мәселен, шопандар жаңа туған төлді шашау шығармай қатарға қосса, төл есебінен малды боп қалуы да мүмкін. Бұл шаруа баққан азаматтар үшін үлкен қолдау.
Шаруашылықтың негізгі табыстарының біраз бөлігі мал бордақылаудан түседі. Бүгінде байлауда 5 мың қой мен 100 жылқы тұр. Оның сойылып, етке өткізілгенінің орнын басқасы алмастырады. Мұнда жылына шамамен 300 мың тонна ет өндіріледі. «Меркі ет зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасасу арқылы Иран, Араб елдеріне де экспортқа ет жіберіліп тұрады екен.
Бұдан бөлек, тау бөктеріндегі Қарабұлақ «Тау-қымыз» емдеу-сауықтыру орнын пайдалану кешені де бар. Онда қымыз ішіп, атқа міну арқылы ем-дом алып жатқандардың разылығы өз алдына бір әңгіме.
Жарлысу ауылының тұрғыны Жандос Айтжанов осы шаруа қожалықта 2006 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтады. 2003 жылы ата-анасы шаруашылықтың қойын бақса, бұл үш жылдан кейін жұмысшы болып еңбекке кіріскен. Айтуынша, екі-үш жылдан кейін жұмыстан өз еркімен кетіп, сырттағы табыстан береке болмағаннан кейін осында қайта оралыпты.
– Анығы, еңбектегі бақытымды басқа жақтан іздегім келді. Бірақ оным бекер екен. Кейіннен, осында қайта оралып, адал еңбек етуге бел будым. Бүгінде тиянақтылығым мен жауапкершілігім басшымыздың көңілінен шығып, қызметім бірте-бірте көтерілді. Баспаналы да болдым, – дейді ол.
Оның қазіргі міндеті шаруашылықты қажетті керек-жарақпен қамтамасыз ету екен. Бес баланың алды мектепте оқыса, жасы кішілері Сайрамбай көкесі салып берген балабақшаға барады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге зор үлес қосып, абыройы артқан Сайрамбай аға еңбеқорлығы мен бәрі де елге болсын деген кең пейілділігінің арқасында ағайынға да, ауылдастарына да мәрт азамат ретінде танылған, ауыл шаруашылығы өндірісінің озат көшбасшысы атанып, даңқы облысқа жетіп отырған іскер азамат. Ол мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы салалары бойынша өнім өндіру көрсеткішін ең жоғары деңгейге жеткізіп қана қоймай, өзінің қожалығындағы еңбеккерлерді қоғамдық пайдалы еңбекке құлшынысын арттыру мақсатында үнемі ынталандырып келеді. Елбасының әлеуметтік салаға қолұшын беру жөніндегі тапсырмасын мінсіз атқарып отырған Сайрамбай Дөненбаев 2003 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2012 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған еді.
Бір кездері мына қазақ даласында Кеңес өкіметінің кереғар саясатындағыдай емес, халқының қамы үшін күн кешкен байлардың қатары көп болған. Олар жұртшылыққа тек байлығымен ғана емес, ақыл-парасатымен, жомарттығымен сыйлы болған. Бұрынғының байлары қол астындағы жұмысшыларының әл-ауқаты мен қал-жағдайын назарда ұстаумен қатар, бір өзі бір ауылдың асыраушысы болған, ешкімді көштен қалдырмаған. «Шәушен» шаруа қожалығының да ұстанған бағыты – осы.

Нұрым Сырғабаев,
журналист.

Т.Рысқұлов ауданы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support