- Advertisement -

Мал ашуы – жан ашуы

282

- Advertisement -

немесе шаруа адамының шырылына кім құлақ асады?

Қарама-қайшылыққа толы қоғамда әділдікке көз жеткізу үшін ара-тұра бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен араша сұрайтындар да табылады. Әсіресе осындай мәселелермен облыс орталығынан шалғай аудандағы меншікті тілшінің есігін қағатындар көп. Олардың соңғы үміті өзіңде екенін аңғарған соң, айтарына құлақ салып тыңдайсың. Әрі «төртінші билік» өкілі деп талап-тілегін арқалай келгендердің меселін қайтаруға еш құқығымыз жоқ екенін де жете сезініп, мүмкіндігінше мәселесінің шешілуіне мүдделі болуға тура келетінін түсінеміз.
Шындыққа жету жолында шыр-пыр болған сондай азаматтың бірі – Шу ауданына қарасты Қорағаты ауылдық округінің тұрғыны Батырхан Өсербаев. Айдың-күннің аманында алпысты алқымдаған ақсақалды алаң еткен ауылдастарының жазған арызы екен. Ағамыздың әңгімесіне құлақ түрсек, ағайынның арасына жік салып жүрген құдайы көршісі ауыл тұрғындарын ұйымдастырып арыз жазып, дау шығарып жатқан көрінеді.

ДАУДЫҢ БАСЫ…

Батырхан Өсербаев, Қорағаты ауылдық округінің тұрғыны:
– Осыдан екі жыл бұрын 20 қосалқы шаруашылықтардың басын біріктіріп, сүт бағытындағы «Нұр-Ару – 2016» кооперативін құрдым. Шымкент қаласынан сүт сақтауға арналған танкер алатын болып, келісімшартқа қол қойдық. Сондай-ақ Меркі ауданындағы сыр зауытымен де келісімге келгенбіз. Өкінішке қарай, содан бері несие ала алмай, қазіргі кезде бастаған ісіміз жарты жолдан тоқтап тұр. Бұған қоса, өткен жылы 20 гектар жерге қант қызылшасын да ектім. Осылайша шаруашылық ақырындап жолға қойыла бастаған шақта көршім Марат Қажиевтың жазған арызы үлкен дау тудырды. Арыз иесі осыдан бірер уақыт бұрын 100-ге жуық ірі қарамды баққан болатын. Кейіннен өзгенің жеріне малды жайғаны үшін жер иесімен жаға жыртысып, жиырма күндей ауруханада жатты. Осы аралықта барлық малды баламыз екеуміз бақтық. Ол жазылып шыққаннан кейін, малды бағудан бас тартты. Содан кейін оның орнына басқа адам алдым.
Міне, сол сәттен бастап көршімнің маған деген көзқарасы өзгеріп шыға келді. Қит етсе үстімнен арыз жазып, ауылдастарымды айдап салатынды шығарды. Мал жайылымына баратын жолды жауып тастап, төрт түлікті өрістетуге кедергі келтіруде. Тіпті «Мал қораңнан шығатын иіс тынысымызды тарылтты» деп тиісті орындарға шағымданып та үлгерді. Ол аздай, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Қазақбай Байжұманов бастаған сыйлы азаматтарды қатарына қосып, «10 күннің ішінде ауылдан көшіңдер» деген шарт та қойған.
Сонымен қатар Батырхан Нұрманұлы Қорағаты ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Тәңірберген Жексенбиевтің аталмыш мәселеге шарасыздық танытып, оны шешу жолында тек бір тараптың сөзін сөйлеп, ешқандай шара қолданбағанына да өкпелі екенін айтады.

ТАРАПТАРДЫ ТЫҢДАСАҚ…

Ақсақал көңілін күпті еткен жайтты әңгімелеп болған соң, біз де мәселенің мәнісін білуге асықтық. Тілшілік түйсігімізге сеніп, байламға келместен бұрын тараптарды тыңдауға Қорағаты ауылына бет түзедік. Ең әуелі әңгіменің өзегі болған Батырхан Нұрманұлының үстінен жазылған арызбен танысып шықтық. Арыз ауылдық округ әкімі Алмасбек Сәулебаевтың атына жазылған екен. Арызданушылар ауыл тұрғыны Батырхан Өсербаевтың жүзге тарта ірі қараны үйінде ұстайтындықтан ауласында тазалық сақталмайтынын айта келе, оның балалардың денсаулығына зиян келтіретініне алаңдаушылық білдіріпті.
Мән-жайды түсіндіріп, арызда қолы қойылып, аты жазылған азаматтарды сұраққа тартқанымызда олардың дені бұл шағымға қол қоймағандықтарын айтып, ат-тонын ала қашты. Мәселен, арызда қолы қойылған Мұрат Қыдырбаев пен Ертай Іңкібаев есімді ауыл тұрғындары бұл арызға қол қоймадық деп отыр. Тіпті арызданушы ретінде аты аталған Әлдібай Диханбаев есімді азаматтың көршілері оны Қорағаты ауылдық округіндегі Еңбек ауылында тұрмайтынын айтады. Дегенмен ауылдастарының өздері жазған арыздан ат-тонын ала қашуының себебін шағымданушы Марат Қажиев былайша түсіндірді.

Марат Қажиев, арызданушы:
– Көршіміз Батырхан Өсербаев көше тазалығына мүлде мән бермейді. Бақшамызды суарып отырған арығымызды мал қиымен көміп тастады. Бұдан бөлек, жаздың аптап ыстығында малдың иісі де қолқаны қауып, соның әсерінен ауруханаға да түстім. Жабылған жолға келетін болсақ, ауыл әкімінің өзі «Бұл жолды жауып тастағаныңыз заңды екен. Қоқыс тастап жатса, жауып тастаңыз» деді. Ал арызға қол қоймадық деген тұрғындарға Батырхан Өсербаев сес көрсеткен, – дейді Марат Қажиев.
Алайда М.Қажиев өзінің жолды жапқанына қарсылық танытпады деген ауылдық округ әкімі Алмасбек Сәулебаевтың бізбен болған әңгімесі мүлде басқа сарында өрбіді.

Алмасбек Сәулебаев, Қорағаты ауылдық округінің әкімі:
– Ауылдың бірқатар ақсақалдары көктемде аталған мәселе бойынша арызданып келгені рас. Осыған байланысты жиналыс өткіздік. Ол жиында Батырхан Өсербаев 100-ге жуық ірі қарасын жайылымға шығару үшін және қора-жайын реттеп алу үшін екі-үш ай уақыт берулерін сұраған еді. Бірақ әлі күнге дейін өзгеріс жоқ. Ауыл тұрғындары қайта-қайта келген соң, аудандық ветеринария бөліміне арыз жаздым. Олар Батырхан Өсербаевтың қора-жайын тексеріп, ешқандай заңсыздықтың орын алмағанын айтты. Осы орайда, біздің тарапымыздан ауыл тұрғынына басқа жаққа көш деп айтуға құқығымыз жоқ екенін айта кеткен жөн. Оның үстіне, Батырхан Нұрманұлы мемлекеттік бағдарлама бойынша ірі қара алып, мал санын арттырып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға күш салып отыр.
Сондай-ақ Еңбек ауылының тұрғыны Марат Қажиев көпшілік пайдаланып отырған жолды жауып тастағаны заңсыз бола тұра, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне де көнбеуде. Бүгінгі күнге дейін бірнеше рет бардық. Алайда ол жабылған жолды ашпайтындығын жеткізді. Енді сотқа беруден басқа амалымыз қалмай отыр.
Ал Б.Өсербаев өзінің жерді пайдалану құқығын көршісі заңсыз шектеп отырғанын айтып, әділдік іздеп бармаған жері, баспаған тауы қалмағанға ұқсайды. Аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімі, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне, «Азаматтарға арналған үкімет» МК» мүлікті техникалық тексеру департаментінің аудандық бөлімшесіне өтінішпен қайырылған азамат М.Қажиевтың көпшілік пайдаланатын жолды жауып тастағанын дәлелдеп шыққан. Десе де заңсыз әрекетті тыюда ауыл әкімі дәрменсіздік танытуда. Расын айту керек, қарақты көз күшін бұл мәселе ауыл әкімінен әрі аспайтын, сол екі аралықта құқықтық негізде шешілетін түйін екені анық.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ:
Шынында да, алақандай ауыл тұрғындарын әуреге салған бұл мәселенің әлі де зерделеуді қажет ететін тұстары жетерлік. Әрине, істің төрелігін айтып, дұрыс пен бұрыстың аражігін ажырату тілшілік қызметіміздің құзыретіне кірмейді. Бірақ тараптарды тыңдап, мәселенің мәнісіне үңіле отырып көп жайтқа көзіміз жетті. Ең әуелі, ауыл әкімінің мемлекеттік қызметкер ретінде өз атына жазылған арыздағы ақпардың ақ-қарасын айыруға салғырттық танытуының себебі түсініксіздеу. Одан соң, арыз иесі Марат Қажиевтың жолды жабу әрекетін құптағанымен, оның заңсыз әрекетіне «құқық қорғау органдары шектеу қоя алмай отыр» деп ақталуы да ақылға қонбайды. Ал өзі бас болып бірнеше ауылдасы қол қойған арыз арқылы М.Қажиев ауылдықтардың денсаулығынан бұрын Б.Өсербаевпен жеке мәселесін шешу үшін шыр-пыр болып жүрген сыңай танытты.
Қалай десек те, істің қыр-сырымен толық танысып, кінәліні анықтауды құзырлы органдардың еншісіне қалдырған жөн. Дегенмен көзін ашқаннан төрт түлікпен күнелтіп, шаруашылықтың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген ауыл тұрғындарының «мал қораның мүңкіген иісі мазамызды алды» деп арыздануы естіген құлаққа түрпідей тиері анық. Оған қоса, ауыл тұрғындарының арасында 600-700-ге жуық қой бағып отырған тұрғындар да бар екен. Осындайда «Олардың малынан иіс шықпай ма?» деген заңды сауалдың көкейде қылаң берері анық. Сонда жөн сұрасқан кісіден жанның есендігі мен малдың амандығын қатар сұрайтын қазақы қалпымыз қайда қалды? Әрі-беріден соң ауыл тұрғындары үшін күнкөрістің жалғыз түрі мал шаруашылығы емес пе? Оның үстіне, Елбасының өзі мал санын арттыруға күш салып, ол үшін көптеген тиімді бағдарламаларды ұсынып отыр. Оны кәдеге жаратуға мүмкіндік мол, тек істейтін адамның мойны жар берсе деңіз. Ендеше ауылдағы ағайынның өрістегі малының санын өсіріп, ауылдықтарға аз-маз жұмыс көзін тауып, шаруашылығын дөңгелетуді ниет еткен ақсақалдың үстінен арыз айтып, мазасын алуының сыры неде?
Оқиғаның ортасында болып арызданушылар мен «кінә» арқалаған ақсақалдың айтарына мұқият құлақ түріп, көп жайтқа қаныққанымызбен, көкейде тұтас бір ауыл тұрғындарын алаң еткен мәселеге қатысты көптеген сауалдар қалып қойды. Қалай болғанда да, біз бұл жерде біреуді даттап, біреуді ақтап алудан аулақпыз, әрине. Әйтсе де, ауылдағы ағайынның арасында түсінбестік жайттардың орын алатынына, оны шешуде шенділердің шешімді сөз айта алмағанына қынжылыс білдіреміз. Жасыратыны жоқ, Қорағаты ауылдық округінде қалыптасқан мәселеде кімнің «ақ», кімнің «қара» сөйлеп тұрғанына да төрелік ете алмаймыз. Біз аталмыш түйткілге қатысы бар бірқатар азаматтардың пікірін тыңдадық, ендігі шешім тиісті орындарда.

Ерғали Қартайған

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support