- Advertisement -

Сексен елдің сарапшылары «Ақыртас» пен «Айша бибіні» мойындады

289

- Advertisement -

Түркия елінің Анталия қаласында туристік тартымдылық және туризмді жоғары деңгейде тұрақты дамыту мәселелері бойынша халықаралық комитеттің кезекті сессиясы ұйымдастырылды.

Халықаралық деңгейдегі шара барысында біздің облыстың туристік әлеуеті мен нысандарын таныстыру рәсімі өткізілді. Сессия кезінде ерекше тартымды туристік нысандардың қатарын толықтыру мәселесі күн тәртібіне қойылды.
Жаңа нысандарды қабылдау бойынша шешім комитеттің сессиясында қабылданады екен. Ал қазылар алқасының құрамына әлемнің сексен елінің сарапшылары енгізілген. Халықаралық комитет негізінен туристік тартымды нысандарды танымал ету мәселелерімен шұғылданады. Облыс әкімдігі туризм басқармасының өкілдері бұл күні өңірдің туристік мүмкіндіктерін жан-жақты таныстырды. Біздің облыс жоғары туристік-рекреациялық әлеуетке ие екендігін нақты мысалдармен дәлелдеп берді.
Өңіріміздегі «Ақыртас» сарай кешені мен «Айша бибі» кесенесі республикалық маңызға ие екендігі баршаға мәлім. Әлем таныған «Айша бибі» кесенесі мен «Ақыртас» сарай кешені басқарма қызметкерлерінің таныстыруынан кейін сессия кезінде ерекше туристік тартымды нысандардың тізіміне енді. Нәтижесінде сол санатты ресми нақтылайтын арнайы сертификат тапсырылды. Осынау нысандарды комитеттің сарапшылары бірауыздан қолдағанын да айта кеткен жөн.
Аталған ескерткіштер ерекше туристік тартымды нысандардың дүниежүзілік тізіміне енгізілгеннен кейін ерекше туристік тартымдылық нысандарын көпшілікке әлеуметтік желілер арқылы танымал ету мақсатында «World list – tourist attraction» белгісін (логотип) пайдалануға рұқсат етіледі.
Жалпы алғанда, бұл санатқа ену – зор мәртебе. Енді тиісті жұмыстар жүргізіліп, туризм саласын өркендетудің жаңа тетіктері пайда болмақ. Ол өз кезегінде облыс қазынасына кірістер түсіретіні сөзсіз. Сессия кезінде мамандардың «Айша бибі» кесенесі мен «Ақыртас» сарай кешенін мойындауы – туризм саласы бойынша өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарға берілген жоғары баға.

Табиғат Абаилдаев

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support