- Advertisement -

Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовты еске алды

150

- Advertisement -

Тәртіп сақшыларының азаматтардың қауіпсіздігін сақтау жолындағы әрбір жасаған ерлігін Отан алдындағы және берген анттарына адалдық деуге болады. Бейбіт күнде тыныштықты бұзған лаңкестің жолын кесіп, азаматтардың өмірін сақтау үшін өз өмірін қиған қаһарман Ғазиз Байтасов – сондай ердің бірі.

Тура жеті жыл бұрын Тараз жұртшылығын дүр сілкіндірген оқиға орын алған еді. Жыл сайын осы күні облыстық полиция департаментінің қызметкерлері және Халық Қаһарманының жақындары қаланың көрнекті жері «Желтоқсан» скверінің маңындағы Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың бюсті маңына жиналып, рухына тағзым етіп, еске алады. Биыл да солай болды. Қоңыр күзбен қоштаспай жатып, ақ ұлпа қарға оранған қала, табиғат-ана да жұртымен бірге батырын еске алып тұрғандай.
Батырдың ерлігін ескеріп, құрмет көрсету – елге парыз. Осы арқылы өткеннің ұмытылмайтынына көз жеткізесің. Жиында облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев 2011 жылдың 12 қарашасы күні орын алған қаралы оқиға тек жамбылдықтардың ғана емес, еліміздің барша халқының жүрегін сыздатқанын жеткізді.
– Біз тәуелсіз Отанымызға адал қызмет еткен ержүрек жігіттерімізді жоғалттық. Лаңкес қолынан қаза болған біздің жамбылдық полицейлер Ғазиз Байтасов, Полат Аянқұлов, Жақсыбек Байсеитов қиын сәтте халық мүддесін бәрінен жоғары қоятын нағыз батыл, отансүйгіш азаматтар еді. Олар қысқа ғұмырында еңсесін жоғары ұстап, өз бастарын қатерге тігіп, қаншама адамның өмірін сақтап, артына өшпес даңқ қалдырды. Олардың ерлігі – Отан алдындағы қызмет етудің нағыз үлгісі, – деді Арман Молдиярұлы.
Халық Қаhарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовты еске алуға орай өткізілген кездесуде мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың жасөспірімдерден құралған «Полиция академиясының» мүшелері ант қабылдады.
Халқымыздың мәңгілік мақтанышы, Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовты еске алып, рухына тағзым етуге арналған шарада оның жұбайы Гүлжамал Тәжиева: «Бүгін Ғазиздың дүниеден озғанына жеті жыл болды. Осы уақыт аралығында Ғазизды елі ұмытпай еске алып, ерлігіне тағзым етуде. Ұлдары өсіп келе жатыр. Үлкен ұлы әке жолын қуып, жоғары оқу орнында заң факультетінде оқып жүр. Болашағымыз тек қана жарқын болсын», – деді.

Камила Борашова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support