- Advertisement -

Бабалар өмірінде өнеге бар

354

- Advertisement -

Майқы, Бақтияр, Ойсыл, Үйсін, Бәйдібек, Байұлы – тарихи тұлғалар. Олардың елдің елдігін сақтағаны, парасатты болмыстары, азаматтық, шешендік, қолбасшылық қырлары бүгінгі ұрпақ үшін тағылым, аңыз. Кейінгі ұрпақтары небір дауылдарда қайыспаған алып еменнің діңгегіндей болған сол көрнекті тұлға­лардың есімдерін әлі күнге қастерлеп, ардақтап келеді.

Түп атамыз Бәйдібек би Қарашаұлы 19-20 жасында жау әскеріне соққы беріп, ұлысбегі атанған. Рулы елді басқарған. Бәйдібектің үш әйелі болады. Үшінші әйелі Нүриладан Тілеуберді (Жарықшақ) дүниеге келіп, Тілеубердіден Албан, Суан, Дулат тараған. Дулаттың анасы – Бибіфатима. Дулаттан – Сиқым, Жаныс, Ботпай, Шымыр өрбиді. Бәйдібектің немерелері Дулат, Сарыүйсін, Шапырашты, Ысты, Ошақты, Албан, Суан бұл күнде рулы елге айналды.
Домалақ (Нүрила) анамыз өз ұрпағын имандылыққа тәрбиелеп, қазақ даласына мәдениет пен ізгілікті таратушы болған. Бәйдібек баба әулетінің күндердің күнінде өсіп-өніп, рулы ел болатынын Домалақ ана көрегендікпен айтып кеткен екен. Көзі тірісінде Жарықшақ баласымен ақылдасып, Жетісу елінің ұлысбегі лауазымын Дулатқа еншілеп берген-ді. Осы шешімге Албан мен Суан өкпелеп, шығыс жаққа көшіп кетіпті. Дулат бабаның жерленген орнының Құланнан табылуы осы жағдайдың растығына дәлел болса керек.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы бізді серпілтті, көпшіліктің көңіліне рух сыйлады. Талай құндылықтармен қауышуға мүмкіндіктер туып отыр. «Қазақ ұлты болмаған» дегендердің аузына құм құятындай біздің терең тарихымыз ашылып, аршылып жатыр. Жуырда Кейкі батырдың басын Ресейден тауып, елімізге әкеліп қайта жерлеген азаматтардың иманды тірлігіне риза болдық.
Құлан жерінде Дулат бабаның, оның балалары Сиқым, Жаныс, Ботпай, Шымырдың күмбездері Ұлы Жібек жолының бойындағы Құлан мен Жақсылық ауылына жақын «Қайқы» шаруа қожалығының иелігіндегі биік жотада менмұндалап тұр. Ғасырлар бойы жерленген жері белгісіз болған баба бейіті қайда екені анықталды.
2000 жылы дәл сол жерді Мұхтар Құтыкеев деген кісі қазып жатқанда қопарылып құлаған топырақтан адам сүйегі және жауынгер қалқаны (төрт бұрышында төрт барыстың бейнесі бар) қоса шығады. Қарсы алдынан көрінген атты атаға: «Ата, мына адам сүйегін не қыламыз?», – дегенде, ата: «Е, бір батыр адам дүниеден өткен ғой, сүйекті жиып ал да, анау бір бос жерге қазып жайғастыр. Жайғастырып болған соң, Құран оқы» – дейді. «Ата, сіз оқысаңызшы», – десе, ол мұның оқығанын қалайды. Мұхтар Құран бағыштап қолдарымен бетін сипағанда көрінген ата ғайып болып кеткен екен. Ол осыған аң-таң болады.
2006 жылы басына тақия киген бір орыс адамы: «Утренний намаз во сколько?» деп мені таңғалдырып тұр. Сөйтсем ол ислам дінін қабылдапты. Сонан соң Мұхтар екеуінің басын қосып, әңгімелестік. 1997 мен 2000 жылдары екеуінің көргендері де егіз қозыдай ұқсас екен. Құран аятының негізінде әрекет жасап, Дулат бабамыздың жаназасын оқып, қабіріне арулап жерлеп, басына көк тас қойдық. Жаны жәннатта болғай. Дүниеде адам өзін үш нәрсе құрап тұрғанына көз жүгірте бермейді екен. Ол – дене, рух, жан. Сол себепті аспан мен жер арасындағы нәрселердің барлығы материалдық өмір. Ал рухани өмірдің мәнін тылсым деп қана қояды екенбіз.
Әруақтың орыс ұлтының өкілі Александр Росляковпен кезінде орысша тілдесуі, Дулаттың осы жерде жерленгенін айтып білдіруі, осы жерден топырақ алуға тыйым салуы бекер болмаса керек. Дулат атаның қасында Росляковтың жетінші атасы да жатыр.
Мұхтар мен Росляковтың көргендерін салыстырсақ, ол жай адамдар атқаратын нәрселер емес. 2008 жылы Сыпатай атаның рухы түсімде: «Енді Дулат атаға барсаңдар, батасын береді» деп сездірді. Содан Дулат бабаның басына барып, Құран оқып қайттым. Түсімде Дулат баба: «Оқыған Құрандарыңа риза болдым», – деді.
1961 жылы дүниеден озарында құландық Дүйсебай Доспанбетов деген қария баласының үлкені Жеңісті шақырып алып: «Осы маңда Дулат баба жерленген дегенді үлкендерден естуші едім. Жуырда аян көрдім. Мені осы жерге жерлеңдер», – деп аманат айтыпты. Сол жерге көзінің тірісінде сағана салдырыпты. Кейіннен сол мүрдеге кемпірі мен балалары да жерленген. Ол кісілерге де Құран бағыштап жүрміз. Мұның өзі біздің сөзімізге дәлел болады деп ойлаймын.
Дулат баба рухына арналған игілікті істі журналистиканың ардагері, марқұм Арғынбай Бекбосын бастап берген еді. Облыстық «Aq jol» газетінде жарияланған «Тектіліктің белгісі» атты мақаласында Дулат бабаға ескерткіш орнату жөнінде көптің көңіліндегі жағдайды қозғаған-ды. «Жалпы, алаш жұртының үлкен бір атасы іспетті Дулатқа қойылар ескерткіш белгінің жөні басқа. Ол халық тілегінің материалданған туындысы болмақ», – деген еді Арекең. Осы пікірді құп көріп, елімізге белгілі ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Шындығында Дулат бабамыз өмірде болған адам. Ал баба бейітінің Құлан жерінен табылды дегені тегін болмаса керек. Менің ойымша, есімі ардақты тарихшылардың қаламына іліккен, кіндігінен қара ормандай қазақ тараған Дулат бабамызға құнарлы Құлан топырағында еңселі ескерткіш қойылса артық болмайды. Бұл тарих алдында да, болашақ алдында да абыройлы іс болар еді. Жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу, ата рухын қастерлеу шараларының керек екені ақиқат. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үндейтін шарапаты көпке ортақ орын болуға лайық, келешекте кесенеге сұранып тұр ғой бұл», – деп жазған екен.
Дулат бабаға байланысты ел аузындағы аңыздардың бірталайын жинақтаған тараздық журналист Тұрсынхан Толқынбаев «Аңызда да шындық бар» атты мақаласында Құланда ескерткіш қойылуын орнықты уәжбен жеткізіп, мынандай дерек келтіріпті. «1864 жылы екі ғасырдай жоңғармен алысып, соңғы 70-80 жылда ел жұрттың қанын сорған қоқандықтарға шабуылдауға жаңа отаршылдықтың туын көтеріп келе жатқан Черняев бастаған орыс әскерлеріне жол көрсеткен Ақмолда батыр мен Құдайберген датқа оларды Құлан қаласынан айналдырып өткізіп, «Бұл жерде қасиетті Дулат бабамыз жатыр. Ол жерді кәпірлерге бастырмаймыз», – депті» деген жауабын жазады.
2011 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Дулат ата жайлы жазылған, ауылдың 54 қариясы қол қойған хат жолданады. Сол кездегі Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамедтен жауап хат келіп, ол хаттың негізінде сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Төлепберген бізге қолдау білдіріп, «Дулат баба» қоғамдық қоры құрылған болатын. Ал Дулат баба кесенесінің бой көтеруіне облыстың Құрметті азаматы, бұрынырақта Т.Рысқұлов, Шу аудандарын басқарған Халил Бейсеев деген қария көп көмектесті. Х.Бейсеев әулетінің қолдау-көмегімен құм, тас, цемент материалдары жеткізілді. Кесенеге жер бөлгізген Сағи Ыбырайымов пен Сәтжан Мамырбаевқа, электр жарығының керек-жарағын әперген Наурыз Шуақбаевқа алғысымыз шексіз. Кесене құрылысына қуана көмектесіп, ниет білдірген Жаныс ата ұрпақтарына, кілеммен және жайнамазбен қамтыған Ағабек Сүгірәлиевке ризамыз.
Жуырда «Дулығалы Дулат баба» тақырыбымен М.Өзбеков атындағы аудандық Мәдениет үйінде ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Оған Мекемтас Мырзахметов бастаған есімі елімізге таныс ғалымдар қатысып, ой қозғады. «Мұхамед Хайдар Дулати» қоғамдық қорының президенті Мүсілімбай Дайырбеков Дулат бабаға қойылған ескерткіштің тәрбиелік-тарихи маңызы зор екенін, жас ұрпаққа берер тағылымы мол екенін кеңінен сөз етті.
Еліміз өркендеп, әр таңымыз арайлап ата берсін. Өткен тарихымызды түгендеп, елдігімізді таразылауда бабаларымыздың алатын орны ерекше екенін көңілге түйіп отырмыз. Ата-бабасын ардақтаған халқымыздың жолы даңғыл, мәртебесі биік бола беретініне сенемін.

Ақжақ қажы Райымқұлов,
«Дулат баба» қоғамдық
қорының президенті.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support