- Advertisement -

Медициналық қызмет сапасы артады

90

- Advertisement -

Елбасының жақында жарияланған Жолдауы мемлекетімізде бұған дейін қолға алынған, сәтті жүзеге асырып келе жатқан индустрияландыру, цифрландыру, Қазақстанның үшінші жаңғыруы бастамаларына тың серпін беріп отыр. Стратегиялық құжат еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттерін нақты көрсетуімен құнды.
Ұлт саулығы – мемлекеттік саясаттың басты басымдығы. Президент Жолдауында көрініс тапқан денсаулық сақтау саласын қамтыған тың идеялар мен жаңа бастамалардың өз кезегінде медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға тигезір әсері көп. Мемлекет басшысы 2019 жылғы 1 қаңтарынан бастап учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын 20 пайызға көтеруді тапсырды. Осы мақсатта келесі жылы бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Яғни бұл – облысымыздың емдеу-алдын алу мекемелерінде жұмыс істейтін 551 учаскелік дәрігер мен 1500-ден аса медбикенің жалақысы келесі жылдың соңына дейін өседі деген сөз. Яғни әр маманның жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, оны жұмыс процесіне енгізу қабілетіне назар аударылмақ. Бұл өз кезегінде медициналық көмектің сапасын жақсартуға, негізгі аурулар кезінде асқынулар мен ауруханаға жатқызу санын азайтуға, сондай-ақ балалар мен жүкті әйелдерге сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау ұйымдарында 121 бастапқы медициналық құжаттама нысандарының 111-і электрондық нұсқасын қолданысқа енгізуде. Жыл соңына дейін барлық емдеу мекемесі осы жүйеге көшеді.
Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, медициналық қызмет сапасы – халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды көрсеткіші. Сондықтан ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек қолжетімді болуы тиіс. Облысымызда осы бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, бастапқы медициналық көмек сапасын арттыру үшін алдын ала талдау-саралау жүргізіп, өңірімізде 95 алғашқы-медициналық санитариялық көмек нысанының құрылысын салу қажеттігін анықтадық. Жыл соңына дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 30 мекемені пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2019 жылы – 40, 2020 жылы 25 мекеме іске қосып, ғимаратпен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізу көзделген.
Бюджет қаражатын тиімді пайдалану бағытында атқарылған шаралар негізінде 95 нысанның құрылысын жүргізу мерзімін 7 жылдан 4 жылға, құрылысқа жұмсалатын 6567,6 миллион теңге бюджет қаражатын нысандарды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салу арқылы 2376 теңгеге дейін қысқартып, нәтижесінде 4192 миллион теңге қаржыны үнемдеуге мүмкіндік туды.
Ал көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту әрі созылмалы аурулардың себептерінен өлім көрсеткішін төмендету мақсатында 20 емханаға емдеу ісін басқару бағдарламасы енгізіліп, 180 маман оқытылды. Жалпы өңірімізде 78 259 науқас диспансерлік есепке алынған. Оның 8688-і бағдарламаға енгізілді. Сөйтіп қамтылу көрсеткіші 11,1 пайызды құрап отыр. Жылдың соңына дейінгі меже – 20 пайыз. Сондай-ақ осы бағдарламаның жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен 20 пайызға көбейтілетін болды.
Ал бұл іс өз кезегінде жедел жәрдем қызметіне қайырылушылар санын азайтып, ауруханаларға жатқызылатындар санын қысқартады. Мәселен, 9 ай қорытындысында 1 жалпы практикалық дәрігерге 1696 адам тіркелген (республикалық көрсеткіш 1 дәрігерге — 1700). Алдағы уақытта 1 жалпы практикалық дәрігерге жүктемені азайту мақсатында 30 дәрігерлік учаске ашылады. Осы арқылы мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасының жоспарлы көрсеткішіне (1672) қол жеткізілмек.
Президент тапсырмасына сай өңірде денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқаға көшу ісі қарқынды жүргізілуде. Қазірдің өзінде жаңа жүйеге 121 бастапқы медициналық құжаттама нысандарының 111-і көшірілді. Барлық құжаттама жыл соңына дейін толық цифрлық нұсқада толтырылатын болады.
Облыс бойынша 11 медициналық ұйымға «Е – Kezek» электрондық кезекті енгізу үшін жергілікті бюджет есебінен 73 миллион теңге бөлініп отыр. Жыл соңына дейін «Е – Kezek» енгізіліп, қаржы толық игеріледі. Осы орайда жаңа жүйеде жұмыс жүргізетін мамандардың кәсіби даярлығына да көңіл бөлініп отырғанын айта кету керек. Қазір өңірде 43 денсаулық сақтау мекемесінде жалпы, 8686 медициналық қызметкер ақпараттық жүйелерде жұмыс істей біледі. Сондай-ақ ақпараттық жүйелерге 732 946 электрондық денсаулық паспорты енгізілген. Бұл «Халықты тіркеу регистрі» ақпараттық жүйесінде тіркелген тұрғын санының 65,9 пайызы. 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін көрсеткіш 100 пайызды құрайтын болады. Бұл ұзын-сонар кезекті, қағазбастылықты жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде елімізде сырқаттанушылық деңгейі жағынан жүрек қан-тамыр ауруы бірінші орынға шыққаны белгілі. Жылдың бас құжатында Елбасы жүрекке ота жасауға баса мән беріліп келе жатқанын айтты. Бұл ретте соңғы жылдары барлық облыс орталықтарында жүрекке ашық және жабық ота жасайтын орталықтардың ашылғанын үлкен жетістіктердің бірі деуге болады. Осының нәтижесінде өмірі қыл үстінде тұрған көптеген адамды ажалдан арашалап қалдық.
Елімізді алаңдатып отырған тағы бір мәселе – белең алған қатерлі ісік сырқаты. Дегенмен кеселді ерте анықтау, емді уақытында бастау оң нәтиже беруде. Ендігі міндет – шетелде шығатын аппараттарды сатып алып, емді ерте анықтауға барынша күш салу. Жолдауда Президент осыған дейін жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесін пайдаланып, 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастау керектігін айтты. Осы ретте аурушаңдықты, осы дерттен болатын өлімді төмендету және онкологиялық қызметтің сапасын арттыру мақсатында облыста онкологиялық диспансердің құрылысы салынып жатқанын айта кету керек. Оған республикалық бюджеттен 250 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 83 миллион теңге бөлініп отыр.
Елбасы атап өткендей әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуі тиіс. Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамның ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды.
Президентіміздің жыл сайынғы Жолдауында ең алдымен мемлекеттің қарыштап даму бағдарын айқындап береді. Сондай-ақ межеленген міндеттерді саралауға, ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді.

Марат ЖҰМАНҚҰЛОВ,
облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support