- Advertisement -

«Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылуы көңілден шыға ма?

77

- Advertisement -

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясы мен филиал жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы өтіп, онда «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының өңірімізде іске асырылу барысы қаралып, талқыланды. Оған құрылысқа жауапты мекемелер мен мердігерлік ұйымдардың басшылары да қатысты. Жиынды «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Бақтияр Алдашов ашып, жүргізіп отырды.

Ең алдымен құрамында филиал өкілдері мен облыстық мәслихат депутаттары бар бастамашыл топ тарапынан осы мәселеге байланысты жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытынды нәтижелері жөнінде зерделеу тобының жетекшісі Қасымхан Төлендиев хабарлама жасады. Оның айтуынша, ағымдағы жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 430,9 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Тоғыз айдың қорытындысымен 395,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл жылдық жоспардың 91,7 пайызын құрайды. Бюджет есебінен және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 12 285,8 миллион теңгеге 23 тұрғын үйдің құрылысы мен 31 инженерлік инфрақұрылым құрылыстары жүргізілуде. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша да тиісінше қаражат бөлінген. Сондай-ақ Тараз қаласы 15-шағын ауданында бір типтік 255 жеке тұрғын үй салынуда. Ағымдағы жылы олардың 30-ы ел игілігіне ұсынылмақ.
Алайда «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарға зерделеу тобы жүргізген рейдтік тексеру барысында бірқатар кемшіліктер орын алғаны анықталған. Мәселен, Тараз қаласындағы «Бәйтерек» және 15-шағын ауданы мен «Арай» алқабында салынып жатқан жаңа үйлер құрылысында айтарлықтай кемшіліктер бар. Көп қабатты үйлер негізінен салынып біткен, бірақ коммуникация желілерінің құрылысы енді қолға алынғалы отыр.
Жылыту маусымы әлдеқашан басталып та кетті. Ал әлгі үйлердің тұрғындары тоңсирақ күй кешіп, алды дабыл қаға да бастаған. Комиссия мүшелерінің алдына келгендері де бар. Зерделеу нәтижесі көрсеткендей, бұл аумақтарда ең алдымен инфрақұрылымдық жұмыстары жүргізілуінің орнына, бірден ғимараттар құрылысы салынып кеткен. Осы ретте неге жылдың ауа райы қолайлы 2-3-тоқсандарында міндетті түрде орындалуы тиіс құрылыс жұмыстары кейінге, суық мезгілге қалдырылған деген сұрақ та қылаң береді.
«Агроспецстрой» ЖШС-ның бас директоры М. Рахымбердиев барлық коммуникация жүйесін жүргізу ісі қараша айында өтетін тендер нәтижесінде шешімін табатынын айтады. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының бөлім басшысы Н. Қалдыбаев та қаржының инфрақұрылым жүргізілуіне жетпей қалуын биылғы жаз айындағы егжей- тегжейлі жобалау жоспарында ішінара өзгерістер орын алуымен байланыстырып бақты.
Тараз қаласы әкімінің орынбасары С.Байназаров бұл тұрғыда республикалық бюджеттен қосымша қаражат сұралып отырғанын, негізінен аталған тұрғын үйлерге газ бен ауызсу жүйелерін, уақытша жылыту қазандықтарын орнатуға қаржы бөлінгенін, олардың іске қосылуы электр қуатына байланысты болып тұрғанын жеткізді. Ал электр қуаты жуық арада болады деп айту да қиын.
«Пырақ-Құрылыс» ЖШС-ның директоры Ш.Әбсаттар жағдайдың неге бұлай күрделіленіп отырғанын егжей-тегжейлі түсіндіріп те өтті. Белгілі болғанындай, бұл жұмысқа олар әлі бел шешіп кірісе де қоймаған сыңайлы. Өйткені сегіз-тоғыз ай бойы жалғасқан сот үдерістерінде құрылыс компаниясы аталған жұмыстар бойынша өз құқықтарын қорғаумен келеді екен. Бұдан шығатыны не? Олар бұл істің ақ-қарасын анықтағанша, басқалары өз жұмыстарын аяқтап та қойған. Енді олардың ала жаздайғы еңбектеріне сызат түскелі тұр.
Айтпақшы, базбір мердігерлік ұйымдар басшылары осындай сәйкессіздіктен, дайын тұрған тұрғын үйлерді иелеріне уақтылы тапсыра алмаудан ғимараттарды айлап күзетуге мәжбүр болып отырғандарын, дайын баспаналар ішіне орнатылған газ плиталары мен еденіне төселген линолеуміне шейін ұрлану деректері орын ала бастағанын айтып қалды. «Барысхан» тұрғын алқабында құбыр жүйелері жүргізілуіне байланысты қазылған ор, шұңқырлардың айналасына сақтандыру белгілері қойылмай ашық-шашық жатуы жергілікті тұрғындар, әсіресе балалар үшін қауіп төндіріп тұрғаны да сын тезіне алынды.
– «Нұрлы жер» бағдарламасын игеру барысында жоба әкімшісі жауапсыздық танытып, құрылыс мәселесін егжей-тегжейлі қарастырмаған. Үй салынбай тұрып, алдымен тиісті инфрақұрылым жүргізуді ойламаған. Нәтижесінде кеш өткізілетін инфрақұрылымға байланысты тендер суық кезеңге түсіп, тұрғызылған үйлердің, жүргізілген басқа да құрылыс жұмыстарының барлығы дерлік ауа райының ерекшеліктеріне байланысты сапасыз орындалады да, тұрғындар зардабын шегеді деген қауіп бар. Сол сияқты, қаржы жетіспеушілігінен нысанға электр жүйесінің тартылуы, құрылыс нысандарына жол салу, абаттандыру да үлкен мәселеге айналған. Жыл соңына дейін 10 үйге электр жүйесін тарту тапсырылған, оған 1 миллиард теңге қажет болса, биылғы жылға қаралған қаржы 150,0 миллион теңге ғана екен. Демек, тапсырысты орындау үшін «Pro Құрылыс» серіктестігіне әлі 850 миллион теңге қаржы қажет.
Қорыта айтқанда, бұл, Тараз қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын Жамбыл облысында іске асыруға жауапты басшылардың, мердігерлердің салғырттығының, тұрғын үй құрылысы жұмыстарының кешенді түрде ұйымдастырылмағанының көрсеткіші, – деп атап өтті Қ. Төлендиев бұл тұрғыда.
Отырыста құрылыс жүргізу саласында кеткен басқа да бірқатар олқылықтар сөз болып, оны уақыт оздырмай түзету жайы талқыға салынды. Бақтияр Алдашов жиынды қорыта келе, «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы тікелей Елбасының бақылауында тұрған мәселе екенін, сондықтан да бұл істе ешқандай да салғырттық, жауапсыздық орын алмауы тиіс екенін еске салып өтті.
Жиында көтерілген мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support