- Advertisement -

Адамзатқа төнетін қауіптің алдын алу – ең абыройлы парыз

89

- Advertisement -

Терроризм, экстермизм секілді қауіп-қатерге төтеп беріп, қарсы тұрудың шарты – ол оқу-жаттығу жиындарының жүйелі өтіп, нәтижелі болуы. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі облыстық жедел штабының күштері мен құралдарының террористік сипаттағы қауіп-қатерлерге дайындығын арттыруға бағытталған оқу-жаттығу жиынында біз осыған көз жеткіздік. Аталған жиынға Ұлттық қауіпсіздік комитеті филиалының, облыстық полиция және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы мен Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің сарбаздары жұмылдырылды.

«Карахан-Антитеррор-2018» деп аталған оқу-жаттығу жиынының сценарийі бойынша арнайы қызметкерлер мен сарбаздарға «Достық» алаңында бірнеше сағатқа ұласқан жаппай тәртіпсіздікті жою, агрессивті шерушілермен тиімді келіссөздер жүргізу, сондай-ақ кепілге алынған «Баспасөз үйінде» қызмет ететін тілшілер қауымын қауіпсіз аймаққа шығару міндеті жүктелді.
– Терроризм туралы сөз болғанда, көпшілігі бірден дінмен байланыстырып жатады. Бұл пікір дұрыс емес. Ол – бұл адамдарды зорлық-зомбылық арқылы қорқыту. Лаңкестер адамдарды кепілге алу арқылы өз мақсаттарына қол жеткізгісі келеді, – дейді ҰҚК департаментінің терроризмге қарсы орталығының бастығы Дастан Әділбай.
Негізі, сценарийға сәйкес «Достық» алаңында бейбіт шеру ұйымдастырылады. Үш жүзден астам наразылық білдірушілер (олардың рөлінде күштік құрылым қызметкерлері) бұрын ұсталған өз адамдарын қамаудан босатуды талап етеді. Ал әлгі қамаудағы адамдар тұрғындарға шабуыл жасап, оларға күш көрсетті деп айыпталғандар. Алдымен алаң аумағы қоршауға алынып, шерушілерге облыс басшысы, прокурор, полиция департаментінің бастығы заңды түсіндіріп,заңсыз митинг үшін жауапкершілікке тартылатындықтарын жеткізеді. Мұндай жауапқа қанағаттанбаған шерушілер жаппай тәртіпсіздік орнатуды көздейді. Айта кету керек, сырттан бақылай отырған біз бұл жай ғана қойылымдық әрекеттер екеніне сенер-сенбесімізді білмедік. Өйткені алаңдағы жағдай шынайы оқиғалар бойынша өрбіді. Агрессивті топ алдымен полицейлерге тастар мен шөлмектерді лақтыра бастады. Бұл көрініс қорқыныш пен үрей тудырды. Арнайы шлем және қалқандармен жабдықталған полиция қызметкерлері алаңнан адамдарды ығыстыра алды. Көп уақыт өтпей мұнда атты сақшылар да келіп жетті. Шерушілердің біразы қолға түсіп, қалған тобы қашу мүмкін емес екенін түсініп, «Баспасөз үйін» басып алды.
Бұдан кейін тұтқындарды босатуға және лаңкестердің көзін жоюға барлау және шабуыл топтары жұмылдырылды. Ал бұл уақытта арнайы құрылған штабта қылмыскерлермен келіссөздер жүргізілді. Олардың шарттары өзгермеген. Жолдастарын босатуды талап етуде. Бұл жай ғана оқу-жаттығулар болғанына қарамастан, келіссөздер голливудтық фильмдердегі атыс-шабыс көріністері секілді жүргізілді. Лаңкестер кепілге алынғандарды қорқытып, өз шарттарын орындауды сұрауда. Ал штабта жүзеге асатын іс-әрекеттерді егжей-тегжейлі жоспарлау үшін уақыт созылды. Сол мезетте қылмыскерлердің бірі көлік талап етіп, жағдайдан сытылып шығуға ниеттенді.
– Егер сізді кепілдікке алған жағдайда үрейленбеуге тырысыңыз. Террористер туралы көбірек ақпаратты есте сақтап, мүмкіндігінше терезелерден, есіктерден және ұрлаушылардың өзінен алыс орналасыңыз. Ғимаратқа шабуыл жасалған жағдайда ет бетімен еденге жату ұсынылады, – деп кеңес береді Дастан Әділбай.
Арнайы топ адамдарды құтқарғанымен, көлік талап еткен лаңкестер бір тұтқынды өздерімен бірге ала кеткен. Дегенмен оларды қолға түсіру аса қиындық тудырған жоқ. Мамандар аз уақыттың ішінде шалт қимылдап, лаңкестерді қолға түсірді. Арам ниетті лаңкестер қашқанымен қоймай, ғимаратты өртеп кеткен. Сол мезетте төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өртті өшіріп, тілсіз жауды ауыздықтады. Бұл жағдайдың барлығы дерлік бейнекамераға түсірілгендіктен (дрон) штабта іс-қимыл барысын бақылауға мүмкіндік туды.
Аталған оқу-жаттығу жиынын облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, облыстық ҰҚК департаменітінің бастығы Чапай Самақов және облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев бақылады.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Суреттерді түсірген
Виктор БАРБАШ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support