- Advertisement -

Саябақтың сән-салтанатына қастандық жасаған кімдер?

128

- Advertisement -

Өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің бастамасына сәйкес, биылғы жылы шаһарымыздағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген болатын. Адам танымастай ғажап кейіпке енген демалыс аймағында Қала күні мерекесіне орай тыл еңбеккерлеріне, Ауған соғысы құрбандары мен қатысушыларына және Чернобыль атом электр стансасындағы апатты залалсыздандыруға қатысушылар мен ядролық сынақтан зардап шеккендерге арналған ескерткіштер мен «Үшбұлақ» жағажайы ашылып, қала жұртшылығының игіліне берілген еді.
Алайда көп уақыт өтпей-ақ қаламыздың көрікті жерлерінің біріне айналған осынау саябақта тәртіп бұзушылықтар орын алғаны анықталып отыр. Қалалықтардың кейбірі жаңаны жатырқады ма, әйтеуір мұнда біраз дүние бүлініпті. Мәселен, бүтінді қиратуды діттеген ниеті бұзықтар саябақтағы жарықшамдардың бірлі-жарымын сындырып, кейбірін, тіпті, қиратып үлгерген. Кісі есімдерін орындықтарға ерінбей жазғандар Ауған соғысы ардагерлеріне арналған танк үстіндегі жауынгерлер мүсіндерінің бірінің өкпе тұсына бұранда (шуруп) бұрап кетіпті. Бұзақылар, сондай-ақ «Ерлік» мемориалды кешеніндегі 105 мың жауынгердің тізімі жазылған «Даңқ» аллеясы тұсындағы құны 25 мың теңге тұратын павловния ағашының көшетін сындырған.
– Өздеріңіз көргендей, араға бірер күн салмай жатып саябақтағы сәнді орындықтарға кісі есімдерін жазып кету белең алуда. Оны біз өшірумен әлекпіз. Бұдан бөлек гүлзарлар мен газондарға орнатылған автоматты суару жүйелерінің жер бетіне шығып тұрған пластик түтікшелерінің кейбірінің бастары сынған. Бұл жастардың әрнәрсені бір ұстап, аяқпен теуіп көруінен болған іс деп ойлаймын. Бір әттеген-айы, тұрғындар жүргіншілерге арналған тас төсемесі бар жолмен емес, барар бағытына көгалды таптап, тіке қиып өтуде. Көкті басуға болмайтынын ескертсек, түсіністік танытатындар аз. Негізінен, мұнда жас газондар егілгендіктен, оларға әлі біраз күтім қажет. Мұндай көк шөптің үстімен жүру үшін ең болмаса, егілгеніне бір-екі жыл өтуі керек. Тұрғындар осыған түсіністікпен қарап, жастар қоғамға зиянын тигізбесе екен дейміз. Сондай-ақ тиісті орындар тарапынан әкімшілік ереже бекітіліп, қоғамда тәртіпсіздік танытқандарға айыппұл салынса деген ұсынысымыз бар, – дейді «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысының орынбасары Мұхамеджан Арзымбетов.
Айта кету керек, аталған саябақ «Ерлік» мемориалды кешені пайдалануға берілген 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесінен бері полиция қызметінің бақылауында. Тараз қалалық жергілікті полиция қызметі басшысының міндетін атқарушы, полиция мойоры Еркеғали Сартбаевтың айтуынша, бұл жерде тәртіп сақшылары күні-түні қоғамдық тәртіпті сақтауға күш салуда екен.
– Жалпы, облыстық, қалалық әкімдіктер тарапынан Тараз қаласының бірқатар аумағы көркейтілуде. Сол жердегі қоғамдық тәртіпті сақтауға, құқық бұзушылықты болдырмауға полиция қызметі атсалысуда. Мұндай маңызды нысандардың бірі – осы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы. Аталған саябақты екі ауысымды, яғни таңертеңгі сағат 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін 4 жаяу жасақ, кешкі 20.00-ден таңғы 8.00-ге дейін 6 жаяу жасақ бақылауда ұстайды. Жалпы саябақ ішін электрлі автокөлікпен аралап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудеміз. Сондай-ақ, жұртты тыныштық сақтауға шақырудамыз. Бір ескертер жайт, егер кімде-кім қоғамдық ортаға зиянын тигізетін болса, ол азамат заң бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жауапкершілігіне тартылып, сот арқылы сындырған затты және белгілі бір мөлшерде айыппұл төлеуге мәжбүр болады, – дейді Еркеғали Құрманғалиұлы.
Бір айта кетерлігі, бүлінген дүниелер сол мезетінде-ақ қалпына келтірілген. Дейтұрғанмен адамгершілікке жат қылық жасағандардың мұнысы санаға сыймайды. Сүйікті қаламыздың сәнін бұзуға әрекеттенгендер бұдан былай жауапкершілікке тартылып, заң аясында жазаланады.

 

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support