- Advertisement -

Әңгіме өзегі – халықтың әл-ауқатын арт тыру

244

- Advertisement -

Елбасының биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын өңірлерде кеңінен түсіндіру үшін облыстық әкімдіктің мәжіліс залында республикалық ақпараттық топтың жетекшісі, Қаржы министрі Әлихан Смайылов облыс активімен және ардагерлермен кеңес өткізді. Жиынды облыс әкімі Асқар Мырзахметов ашып, Елбасы Жолдауының маңыздылығына тоқталып, Мемлекет басшысы сенім артқан Әлихан Асқанұлын жаңа қызметімен жерлестері атынан құттықтады.

Актив жиынында сөз сөйлеген Қаржы министрі Әлихан Смайылов биылғы Жолдауда Үкіметке, облыс әкімдеріне нақты міндеттер жүктелгенін, Президент 2019 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі 28 мың теңге жалақыны 42 мың теңгеге дейін өсіруді, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайтуды тиісті орындарға тапсырғанын айтты. «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасын жүзеге асыруға жыл сайын кем дегенде 22 мың жұмыс орнын құруға 30 миллиард теңге бөлініп отыратыны да зор қуаныш. Сондай-ақ ол ел қазынасынан төменгі жалақы мөлшерін ұлғайту үшін – 286 миллиард, салық шығындарын өтеуге – 10,4 миллиард, өңдеуші өнеркәсіп саласын дамытуға – 500 миллиард, химия парктерін дамытуға – 15 миллиард, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында «ҚазАгро» акционерлік қоғамына жыл сайын 30 миллиард теңге бөлінетінін айтып, нәтижесінде салық түсімдері 25 миллиард теңгеге ұлғаюы тиіс екеніне тоқталды. Актив кеңесіне жиналғандар апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептерді жоюға 75 миллиард теңге бөлінетінінен де, тұрғын үй құрылысын қолдау нәтижесінде 220 мың адам жаңа пәтерге қол жеткізетінінен де хабардар болды.
Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлнар Бижанова Елбасының биылғы Жолдауына байланысты облысымыздың бірқатар аудан, ауылдарында кездесулер өткізгенін, қарапайым тұрғындар тарапынан бірнеше сауалдар қойылғанын, ол мәселелерді жұмыс барысында шешуге күш салатынын айтты. Сондай-ақ ол Қаржы министріне: «Әлихан Асқанұлы, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы көбейеді дейміз. Алайда ол өсім айлықтың негізгі базалық көлеміне ғана қосылады. Олардың санаттарына, өтіліне, басқа жетістіктеріне қарай қосылатын ақша көбеймейді. Осы жағын қалай шешуге болады?», – деп сұрақ қойды. Әлихан Смайылов: «Мемлекеттік қызметшілердің құрамын қысқарту арқылы жалақыларын көтеруге мүмкіндік бар. Ал мұғалімдер мен дәрігерлер де назардан тыс қалмағаны дұрыс», – деп жауап қайтарды.

Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов Елбасы Жолдауын өзі басқаратын жоғары оқу орнының оқытушы-профессорлық құрамымен және студенттермен кеңінен талқылап, аудандарға түсіндіру жұмыстарына барып қайтқанын айтып, ауыл шаруашылығын ғылыми жолмен дамытудың маңыздылығын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол жердің жарамдылығын зерделеу, отандық тұқым өндірісін дамыту, жаңа технологияларды енгізу, субсидиялауды ілгерілету мәселелеріне тоқталды. Елбасының алдыңғы Жолдауында айтылған тапсырмаға сәйкес Тараз қаласындағы бұрынғы «Тараз» қонақ үйін университет есебінен сатып алып, күрделі жөндеуден өткізіп жатқанын, биылғы жылдың соңына дейін онда ТИГУ-дің 500 студенті орналасып, жатын орын үшін алаңдамайтынын жеткізді. «Тараз-су» мекемесінің директоры Марат Смайылов та Елбасының жаңа Жолдауынан кейін кәсіпорын жұмысшыларының орташа жалақысы 101 мың теңгеге өскенін айтты. Ол қызметкерлердің біліктілігін арттыру тұрақты жүргізілетінін, зейнетке шыққан кісілерге екі айлық жалақы көлемінде төленетінін жеткізді.
Облыс әкімі Асқар Исабекұлы өңірдегі 65 елді мекенде тұрғындар ауызсуды сағатпен пайдаланатынына, 30 елді мекенде зерделеу жұмыстары жүргізілмегеніне Қаржы министрінің назарын аударды. Облыс басшысы осы мәселеге орай бірыңғай оператор құрылымы құрылғанын айтып, Тараз темір жолының екі жағын жалғайтын жолдың қиындығына да тоқталды.
Министр Әлихан Асханұлы жиында көтерілген мәселелерді қолдайтынын, мүмкіндігінше қаржы бөлінуіне күш салатынын айтты. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев Әлихан Смайыловтың жаңа қызметіне табыс тіледі.
Жиынды облыс әкімі Асқар Мырзахметов қорытындылап, ел дамуы жолындағы ортақ мүдде аясында бірлесіп еңбек етуге шақырды.

* * *

Облыстық әкімдікте өткен актив жиынынан кейін Қаржы министрі Әлихан Смайылов қаладағы бірнеше нысандарды аралады. Жолдау жүктеген міндеттердің бірі – мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту екені белгілі. Елбасы атап көрсеткендей, адамда ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады. Сол себепті Президент бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарауды тапсырды. Ал білім беру үдерісін жетілдіру үшін өңірлерде балабақша кезегін жойып, жекеменшік мекемелерді қаржыландыру көлемін арттыру қажет. Қаржы министрі Әлихан Смайылов облыс орталығындағы «Медина» балабақшасына барып, қазіргі кездегі осы бір өзекті мәселенің шешімін табуға тырысты.
Облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетованың сөзіне сүйенсек, өңірде 504 балабақша бар. Оның 129-ы жекеменшік. 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту деңгейін арттыру мақсатында биыл жоспардағы 3100-дің орнына 5300 орын ашылып, балаларды қамту 97 пайызға жетіпті. Рахия Сейітбекқызының айтуынша, қазір жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерді балаларға жан басына шаққанда қаржыландыруға қаржы жетіспеуде. Мәселен, балабақшаның құны былтыр 19 мың болса, биыл жаңа әдістеме бойынша 27 мыңнан беріліп жатыр. 2,1 миллиард теңге қаржы жетіспейді. Министр бұл мәселенің шешімін табу үшін қажетті қаржы көлемі алдағы 2019 жылдың бюджетінен қарастырылатынын жеткізді.
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасының табысты іске асырылып жатқанын және тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасының қолға алынғанын айтқан болатын. Министр жұмыс сапары аясында 15 -шағын ауданнан жаңадан бой көтеріп, пайдалануға берілетін көп қабатты тұрғын үйлердің магистральды жылу желісімен қамту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Мемлекет басшысы өңірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту басты назарда болатынын атап көрсетті. Сондықтан баспана құрылысымен қатар, инфрақұрылым мәселесінің де әлеуметтік мәні маңызды. Мәліметке сүйенсек, тұрғын үйлердің бастапқы жобасындағы құбыр диаметрі 530 милиметр, ал жалпы ұзындығы 8,0 шақырымды құраған. Жобалау жұмыстарына бірқатар өзгерістер енгізілгеннен кейін құбыр диаметрі 630 милиметр, жалпы ұзындығы 13,5 шақырымға созылған. Соған сәйкес қосымша 2,5 миллиард теңге қаржы қажет. Көп қабатты үйлердің ішіне кіріп, аралап шыққан Әлихан Асханұлы қазіргі кезде туындаған осындай түйткілдер жайынан құлағдар болды. Құрылыс сапасына көңілі толатынын жеткізген министр бұл мәселенің шешімі табылатынын айтты.
Сонымен қатар министр «БТА» банкінің бұрынғы ғимаратына да барды, «Айша бибі» көшесіндегі жол өткелінің қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында елімізде 2015 жылдан бастап 2400 шақырым автомобиль жолы салынып, қайта жөнделгені және осы бағыттағы жұмыстар әлі жалғасатынын, 2020 жылға дейін қосымша 4600 шақырым жол пайдалануға берілетіні айтылғаны мәлім. Сондай-ақ Елбасы қаражатты алдымен өткір мәселелерді шешу үшін пайдалану керектігін атап көрсетті.
Өңірімізде Қырғызстан шекарасынан Тараз қаласына оңтүстіктен келетін айналма жол салу мәселесі өзекті. Жоба құны 4,0 миллиард теңгені құрап отыр. Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, бұл жоба іске асқаннан кейін қаланың орталығынан қала маңындағы тұрғын үй алқаптарына жол 14 шақырымға қысқарып, қала орталығы мен қала маңындағы 12 елді мекен арасында көлік ағыны 40 пайызға төмендемек. Қаржы министрі Әлихан Смайылов алдағы күндері бұл мәселелердің шешімі қарастырылатынын жеткізді.
«Aq jol»-дың тілшілері:
Есет Досалы, Камила Борашова.

Суреттерді түсірген
Виктор Барбаш.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support