- Advertisement -

Тараз қаласының аумағы ұлғайтылады

194

- Advertisement -

Кеше облыс әкімдігінде Тараз қаласының шекарасын Байзақ және Жамбыл аудандарының есебінен ұлғайтқан кезде туындайтын мәселелер мен оларды шешуге байланысты жиын өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша Тараз қаласы әкімінің орынбасары Сайлауғалы Байназаров баяндама жасады.
Облыс орталығының шекарасына таяу 10 километрлік аумақтағы жер көлемін есептегенде, Байзақ ауданы үлесінде 22652 гектар, Жамбыл ауданында 61536 гектар жер бар екені нақтыланған. Бүгінде аталмыш аудандар мен қаланың шекара аумағында кездесіп отырған түйткілді мәселелер де баршылық. Оларды уақыт оздырмай шешудің айрықша елеулі маңызға ие екені басқосуда да жан-жақты қаузалды.
Атап айтсақ, Байзақ ауданындағы Бурыл, Үлгілі, Сарыкемер, Бәйтерек, Ботамойнақ ауылдарының шекарасы, тұрғын үй құрылысының кеңейтілуі Тараз қаласы әкімдігімен бекітілген тәртіппен келісілмеген. Өзіндік қосалқы шаруашылық жер телімдері АИС ГЗК базасына толығымен енгізілмеген. Мұндай мәселелер Жамбыл ауданында да кездеседі.
Сайлауғалы Байназаров Тараз қаласының маңайында орналасқан Жамбыл және Байзақ аудандарындағы жер телімдерінің жалпы көлемі 84489,1 гектарға тең екенін, қаланың батыс бөлігін Аса өзеніне дейін, солтүстігіне қарай Жамбыл, Көлқайнар ауылдық округтері есебінен кеңейтуге болатынын жеткізді. Бұдан басқа Байзақ ауданынан Бурыл, Қызыл жұлдыз және Қостөбе ауылдық округтеріне тиесілі шамамен барлығы 33,0 мың гектар жер есебінен кеңейту мүмкіндігі бар.
Өңір басшысы Асқар Исабекұлы қала аумағын жақын маңдағы аудан жерлерінің есебінен ұлғайтуда аса мұқият болу керектігін ескертті. Сондай-ақ қала шекарасына таяу маңдағы Байзақ және Жамбыл аудандарының жер телімдерін бөлуге арнайы қаулы негізінде тыйым салу керектігін, тиісті қаулы қабылданғанша мораторий жариялауды тапсырды.

Редакциядан: Тараз қаласының аумағын ұлғайту және халқының санын көбейту туралы мақалалар облыстық «Aq jol» газетінде жиі жазылып келеді. Таяуда ғана басылымда «Тараз қаласының тұрғындары қайтсе көбейеді?» деген проблемалық мақала жарық көрді. Осыған орай, редакцияға оқырмандардан көптеген хаттар түсті. Олар мақалаға үн қосумен қатар өз ұсыныстарымен де бөліскен болатын. Хаттардың көпшілігі газет бетінде жарияланды. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінен келіп түскен хабар билік пен бұқараның ойы бір жерден шыққанын көрсетеді.
Ендеше, іске сәт!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support