- Advertisement -

Зағиптар үйіне сәуле түсірген кездесу

173

- Advertisement -

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатымен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында облыстық зағиптар және көзі нашар көретіндерге арналған кітапхана оқырмандары ҚР Мәдениет қайраткері, драматург, Тараз қаласының Құрметті азаматы Әлібек Әмзеұлымен, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, композитор Үміт Битеновамен кездесу өткізді. Іс-шара таяуда өмірден озған Халық жазушысы Шерхан Мұртазаны бір минут үнсіз еске алумен басталды.
Шара барысында әуелі Әлібек Әмзеұлы сөз сөйлеп, жақында ғана жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы басты бағыттарды атап өтіп, аталған құжаттағы міндеттер жүзеге асқанда еліміздің әл-ауқаты, экономикалық әлеуеті өркендей түсетініне тоқталды. Сондай-ақ ол өңірдегі мәдениет ошақтары, театр туралы ойын ортаға салып, шет мемлекеттерге шыққан сапарларынан сыр шертті. Әлібек Әмзеұлының өнердің болашағы, айтыс өнеріне өңір таланттарының қосқан үлесі, жамбылдық айтыскерлердің қол жеткізген табыстары жайлы қызықты әңгімелерін көпшілік зор ықыласпен тыңдады.
Үміт Битенова бірнеше өлеңдерін оқып берді. Ақынның «Күзгі жаңбыр», «Ауылға сағыныш», «Мұқағалиға мұң шағу» өлеңдері оқырмандардың көңілінен шықты. Айтыскер ақын Ербол Қамбатыров жары Ү.Битенованың «Қыздар-ай, қыздар» әнін нақышына келтіріп орындады. Кітапхана оқырмандары, ерлі-зайыпты Нұрсұлтан Ақбаев пен Қолқанат Ақбаева және Сағымкүл Шадырқұлова қонақтарға арнап, әннен шашу шашты. Кеш қонақтарына оқырман Нышанкүл Әбішева, әдіскер Фарида Метерқұлова, кітапханашылар Мая Әзімқұлова, Қарлығаш Битөреева, Гүлнар Сейітбаева бірнеше сұрақтар қойып, жан-жақты жауап алды.
Соңыра аталған кітапхана директоры Айгүл Оразқұлова кеш қонақтары Әлібек Әмзеұлы мен Үміт Битенованың кітаптары Брайль жүйесіне көшірілгенін, енді ол шығармаларды зағиптардың да оқуына мүмкіндік туғанын жеткізіп, оларға сый-құрмет көрсетті.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support