- Advertisement -

Сахарадағы сән — салтанат

479

- Advertisement -

АБУ-ДАБИ АҢЫЗЫ

Біз осы Абу-Даби деген сөздің қайдан шыққаны туралы ойланып көрдік пе?
Аңыз бүй дейді. Араб аңшылары Лива атты оазистен бір еліктің соңына түседі. Жанына қауіп төнген сұлу аң сахара үстімен құйынперен боп құйғытып ұзақ қашып, Парсы шығанағына келіп тіреледі. Бірақ аялдамастан сол күйі суға күмп беріп, теңіз ортасындағы аралдан бір-ақ шығады. Аңшылар да ерегісіп жандәрмен болған жануардың соңынан қалмайды. Елік болса қашқаннан қашып отырып тәп-тәтті мөлдір суы бар бір бұлақтың қасынан өтеді. Дала еркесін қуамыз деп тәтті бұлаққа тап болған аңшылар көзі жәудіреген мақұлықты өлтіруге дәттері жетпей, оны аман-есен жөніне жібереді. Кейін осы бұлақтың басына орналасқан арабтардың елді мекенінің аты Еліктің атасы, яғни Абу-Даби болып кетеді.
Сол Абу-Даби қаласы – БАӘ-нің астанасы, сонымен бірге Абу-Даби әмірлігінің орталығы. Сапар барысында Абу-Дабидегі «Emirates Palace» деп аталатын қонақ үйді көруге де мүмкіндік таптық. Шейх Зайд салдырған бұл қонақ үй араб мәдениеті мен архитектурасының ғажайып көрінісі десе де болады. Оның іші мен сыртындағы алтынмен апталып, мәрмәр таспен қапталған архитектуралық кереметтерді тамашалау үшін туристер жүдә көп келеді екен.
Сондай-ақ «мен» деген мемлекеттердің басшылары да осы қонақ үйдегі резинденцияларға аялдағанды дұрыс көретін сияқты.

ДҮНИЕЖҮЗІН
ТАМСАНТҚАН
ДУБАЙ ДУМАНЫ

Табан ақы, маңдай термен тапқан ақ-адал ақшаңа демалғанға не жетсін! «Армада» қонақ үйінде қағазға шұқшиып отырған жерімнен Бурдж-Халифа, Дубай Молл, Әуенмен астасқан субұрқақты көруге барып, Дубай думанының қызығына бір кенелдім.
Дубай Молл – әлемдегі ең үлкен сауда мен сауық-сайран орталығы. Оның аумағы 1,2 миллион шаршы метр, сауда алаңы 350 244 шаршы метр. 2008 жылы күзде ашылған бұл «құдіреттің» жобасының басында әмірліктегі өте беделді «Emaar Malls Group» фирмасы тұр. Дубай Моллды «құдірет» дейтінім, жоба иелері бір шатырдың астына бәрін сыйдырған. Ау, ондағы 1200 дүкеннің өзі жәй адамның жағасын ұстатпай ма? Мысалы, Gold Souk-ті 220 дүкеннің басын «бір қазанға сыйдырған» әлемдегі орасан зор алтын базары десе де болады. Көлемі 44 000 шаршы метр жерді алып жатқан «Модылар аралы» деп аталатын 70 дүкенде Versace, Burberry, Roberto Cavalli, Galliano, Hermès, Givenchy, Cerruti, Missoni, Tom Ford и Ermenegildo Zegna сияқты жарнамасы дүниені жаулап алған элиталы фирмалардың өнімдері ғана сатылады.
KidZania – көлемі 8000 шаршы метрді алып жатқан балаларға арналған сауық-сайран орталығы. Aquarium of the Dubai mall – әлемдегі көлемді океанариумдардың бірі. Ал кинотеатрлар кешенінде 22 экран қойылған. Мұз айдынының аумағы олимпиадалық спорт түрлерінің өлшеміне сай. Әрине, бұдан басқа кереметтері де көп, оларды айтпай-ақ, тек қана 14 000 автокөлікке арналған үсті жабық автотұрақтың өзі халыққа деген үлкен қызмет пен құрметтен хабар бермей ме.
Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық. Мұндай ғажаптарды тек қана көру керек, көру аз, арнайы барып үйрену керек. Өз елімізде, туған қалаларымызда да осындай сән-салтанатты жасауды батыл қолға алуымыз қажет.
Дубайдағы әуенге ілесіп билейтін субұрқақтар да туристердің ең көп жиналатын жері. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін қуанышы ғажап енді. Ол көлемі 12 гектар жерді алып жатқан жасанды көлдің айдынына орналасқан. Дәл қасында Дубай Молл мен әлемдегі ең биік ғимарат Бурдж-Халифа асқақтап тұр. Биші субұрқақты арабтар 218 миллион долларға (800 миллион дирхам) салдырыпты. Ұзындығы 275 метр, судың атқылау биіктігі 150 метр (50 қабатты үймен бірдей), сондай-ақ субұрқақ 25 түрлі түспен жарықтандырылып, 6600 нысаналы прожекторлармен жарақтандырылған. Өнер туын­дысына балауға болатын осы су бетіндегі шедеврге қол шапалақтау бақыты біздің қаламыздың тұрғындарының да пешенесіне жазылса екен деп тілейік.
БАӘ билігінің өзге ұлттар мен ұлыстардың тілі мен дініне, мәдениеті мен өнеріне, әні мен әуеніне деген құрметі – осы субұрқақта шарықтап жатқан дүниежүзі халқына таныс та ортақ классикалық әуендерден де анық байқалады. Арабтардың «сенікі бізге жат», «менікі маған тонның ішкі бауындай» деп елден ерек оқшауланбай, қайта өнер туындысына ортақ игілік ретінде қарауға деген ұстанымдары да үлгі тұтарлық.

БАӘ – ҚОНАҚ
ҮЙЛЕР ҚАЛАСЫ

О, қандай қонақ үйлер десеңізші!?.
Архитектуралық ақыл-ойдың асқар шыңы болатын зәулім де алып кешендерді қонақ үйлер емес, осы елдің халқы мен қонақтарына эстетикалық тәрбие беретін бейнебір ұлттық музейі, тарихи кешені немесе тағы да басқа мемлекеттік маңызы бар нысандары екен деп қалуыңыз ғажап емес. Бірақ, сіз көрген көкке ұмсынған биік те ғажап ғимараттардың бәрі қонақ үйлер болып шығады. Әлбетте, бірінші, екінші, үшінші қабаттары әлемдік брендтерді түпнұсқасынан ұсынатын үлкен-үлкен дүкендер, балалар мен жасөспірімдерге арналған ойын-сауық атракциондары мен тағы басқалар болуы әбден мүмкін.
БАӘ-нен тағы бір байқағаным, бұл ел өркендеген мемлекеттерге қарап өсіп-өркендеп келе жатқан сияқты. Сондықтан да болар Парсы шығанағы жағалауындағы (өздері Араб теңізі дейді) Дубай мен Абу-Даби қалалары Токиоға да, Нью-Йоркке де қатты ұқсайды.
Ал бізде ше? Бізде Астананы Нью-Йоркке, Дубайға, Абу-Дабиға ұқсататын зәулім де алып биік үйлер мен кешендер неге мемлекеттік мекемелер болып келіп, ал жекеменшік қонақ үйлер бұрынғы кеңес өкіметінің таптаурын болған жолы – сұрқай жобалармен салына салады?
Қандай өкінішті! Біздікілер де шетелден келген туристерді мына суреттердегі араб қонақ үйлері сияқты әуежайдан түсе салысымен менмұндалап шақырып тұрса ғой, шіркін! Шіркіннің ар жағында Форбс журналындағы миллиардерлер қатарында тұрған қазақстандық бай-бағландар қыруар қаржыларын сыртта (офшорда) сақтамай, шетелден сан миллиондаған долларға виллалар сатып ала бермей, игілігін өз елі көретін әлемде теңдесі жоқ ғимараттар, диснейлендтер салдырса ғой деген арман мен тілек тұр.
БАӘ-де мұнай мен газдың арқасында өмір сүріп отыр. Бірақ өмір сүру деңгейі, мәдениеті мен өркениетті түрде даму талаптары бойынша көш соңында емес, көш басынан көрінуге тырысып келеді. Архитектурасымен, қалаларына дүние жүзіндегі барлық брендтерді ғана шоғырландыра білуімен. Біздің елде ары кетсе Мерседес, Тойота сияқты тағы басқа автосалондар болса, бұл елде Феррари мен Ламборджини сияқты әлемге танымал атақты спорттық автомашиналардың салондарына кіріп, таңсық тауарды сатып алмасаңыз да, армансыз аралап көріп, тамашалай аласыз. Осы дерек пен дәйек және көшелерінде АҚШ, Еуропа, Жапонияда шығарылған жаңа машиналардың соңғы модельдерінің жүруінің өзі-ақ бұл елдің әлдеқайда алға кетіп қалғанын амал жоқ мойындатады. Көшеден көне автокөлік көрмек тұрмақ, моторы мен тағы бір жерінен май тамшылап тұратын техникаларды да көре алмайсың. Даңғыл жолдардағы асфальттар да, қонақ үйлердің алдындағы тас төсеніштер де май дақтарынан тап-таза.
Әңгімені БАӘ-дегі асқақ та зәулім қонақ үйлер мен өзіміздегі өңкей бір өңдес қонақ үйлердің сұрқай кескіндерінен бастамап па едік. Ойымды сол сарынмен аяқтасам, біздің сәулетшілер бұдан былай баяғыдан келе жатқан «ергежейлі» жобаларынан біржола бас тартып, ендігі жерде ерік-жігерлерін АҚШ, Жапония (БАӘ де осы елдерден алып отыр ғой үлгіні) архитектурасын зерттеп, қолға алуы керек сияқты.
Ал маған Араб теңізінің жағажайында манго суын анда-санда сіміріп қойып, осы сөздерді елім деген ет-жүрегіммен елжіреп жазып отыру да бақыт. «Өсер елдің баласы арманшыл келеді» деген де осы болар, сірә.

«FERRARІ» МІНГЕН ПОЛИЦЕЙЛЕРДЕ
АРМАН БАР МА?!.

Дубай көшелерінен біздегідей бес қаруы сақадай сай қаптаған полицейлерді некен-саяқ көресің. Дубайдың даңғыл жолында ызғытып келе жатып бізге қызмет көрсеткен бір мекеменің жүргізушісі, әзірбайжан жігітінен:
– Бұл жақта жол бойында полицейлер жүрмей ме? – деп таңғала сұрадым шыдамай.
– Жоқ, бұл жақта ондай жоқ, – деп күлді ол.
Шынында полицейлерді көшеден де, үлкен дүкендердің ішінен де, қонақ үйлердің маңайынан да кездестірмейсің. Соған қарағанда, біздің елдегідей күн сайын жұртты шулатып жататын ұрлық-қарлық, бұзақылық, қарақшылық шабуыл деген сияқты т.б. құқық бұзушылықтар БАӘ-де аз, не мүлде жоқтың қасы-ау.
Қайсыбір күні «Хилтон» қонақ үйлер кешенінің жанындағы жағажайға барып, суға түсуге ниет қылған кезімде ғана полицейлерге тап болдым. Маған олар полиция қызметкерлері емес, туристерге көрсету үшін арнайы қойып қойған «манекендер» сияқты көрініп кетті. Әуелгіде олармен сөйлесуге, қасында тұрып суретке түсуге болмайтын шығар деп ойлағам. Сөйтсем, жер-жерден келген туристер ештеңеден қымсынбастан сөйлесіп, бірге тұрып суретке түсіп жатыр.
Бақсам, бұл жақтың полицияларына істейтін жұмыс «пәшти» жоқтың қасы екен. Ал арулар сынына қатысатындай боп сызылып тұрған сұлуларыңыз сол полицейлердің қатарынан болады. Ал мінген машиналары… о, сіз сұрамаңыз, мен айтпай-ақ қояйын, мұндай машинаны біздің генералдар тұрмақ, «Мен – баймын, мен – Құдаймын!» деп шіреніп жүргендер де міне бермейтін шығар! «FERRARI» (ФЕРРАРИ) деген атының өзі-ақ көп нәрсені меңзеп тұр емес пе!?.
Міне, өмір деп осыны айт! Қайтеміз, біздің туған еліміздегі қаракөз бауырларымыз да осындай игіліктерге ертерек жете берсін деп тілейік.
Ал менің үстімде, әдеттегідей, өзімнің сүйікті «Ақ жолымның» аты жазылған футболка. Бұған да шүкір…

АБУ-ДАБИДЕГІ
АҚ МӘРМӘРМЕН
ҚАПТАЛҒАН МЕШІТ

БАӘ-нің астанасы Абу-Даби қаласында әлемдегі үлкендерден (сыйымдылығы жөнінен Мекке мен Мединеден кейін үшінші) саналатын мешітке жер-жаһаннан жиналған жамағаттың сапына тұрып елдің, жердің, ағайын-туыстың және достардың амандығы мен бақытын тілеудің де орайы келе кетті.
Шейх Зайд мешіті 2007 жылы ашылды. Бір ерекшелігі, бұл мешітке мұсылмандармен бірге басқа наным-сенім иелері де бас сұғып, оның сән-салтанатымен емін-еркін танысуға рұқсат берілген. Оның үстіне оларға да мешітке кіру тегін.
Мешіттің мәрмәр еденіне төселген кілем дүниежүзіндегі алып кілем болып табылады. Оны осы мешіт үшін «Иран кілемдері» компаниясы арнайы дайындапты. Кілемдегі ою-өрнектер суретші Али Халики қиялынан туған. Кілемнің аумағы 5627 шаршы метр. Мұндай дүниені жасау үшін 1200 тігінші, 20 техникалық топ, 30 жұмысшы еңбек етіпті. Кілемнің салмағы 47 тонна, оның 35 тоннасы жүн, 12 тоннасы мақта. Кілемнің құрылымындағы түйіндер 2 268 000 болады. Сондықтан да шейх Зайд ибн Сұлтан ән Нахаян мешітіндегі кілем әлемдегі ең үлкен кілем деп саналады.
Мешіттегі аспалы шамды да (люстра) сирек жасалатын бағалы затқа балауға болады. Өйткені ол да көлемі жөнінен дүниежүзіндегі теңдесі жоқ люстра болып саналады. Мысалы, оның диаметрі — 10, биіктігі 15 метр, ал салмағы 12 тонна болады.
Мешітке бір мезгілде 40 мың адам келіп, намаз оқуына болады.

ПАРСЫ ШЫҒАНАҒЫ.
АРАБ ТЕҢІЗІ. ЖЫП-ЖЫЛЫ СУ…

Түркияның Ақтеңізіне шомылған кезде қырғыз байкелердің Ыстық көлді «ыстық» деп жүргені бекер екен ғой деп ойлаған едім. Енді Парсы шығанағындағы Араб теңізіне түскенде, сізге өтірік, маған шын, шым-шым болмаса да, нағыз ыстық ваннада отырғандай болдым.
Ақтеңіздің шеті ғана жылы келіп, белуардан асатын жерінің асты кәдімгідей салқын болатын. Ал мына Араб теңізінің жағалауы ғана емес, кеңірдектен мелдектеп баратын жеріне дейін жүзіп жетсем де судың жылылығы басылмады. Ал тізеден келетін жағалаудың суын «қайнап тұр» десе де болады.
Қараптан-қарап тұрып қызығып кеткенім-ай сол кезде арабтарға! Неткен бақытты халық еді! Мұнайды да, газды да, миллиардтаған долларларды да, аспанға ұмсынған зәулім ғимараттарды да, автокөліктердің мықтыларын да (О, тоба, «Тойота Камри-70» пен «Лексус-350» автокөліктері такси қызметіне жегіліпті!!!), он екі ай бойы жып-жылы боп жағаны ұрып жататын жанға дәру суы бар теңізді де Құдай осыларға бере салыпты.
Айтпақшы, Парсы шығанағының жағалауына Оман, БАӘ, Сауд Арабиясы, Катар, Бахрейн, Кувейт, Ирак және Иран елдері орналасқан. Сондықтан болар, араб елдері Парсы шығанағы деген атаудың орнына Араб шығанағы немесе теңізі дегенді қолданғанды дұрыс көреді екен.
Сол Араб теңіз – Үнді мұхитымен жалғасады десек, мен теңіз емес, дүниежүзіндегі ең алып мұхиттың бір пұшпағына шомылған болдым-ау, сірә.

АРАБТЫҢ МҰНАЙЫ АРАБТЫҢ ҚАНЫНАН
БАҒАЛЫ ЕМЕС

Шейх Зайд Аль-Нахайян Абу-Даби сияқты құм мен шаң басқан шағын ғана қаланы қалайша бай, бақуатты, өркениет талаптарына сай өсіп-өркендеген мегаполиске айналдырды?
БАӘ-ге қызық қуып келгендер бұл сұраққа бас қатыра бермейді. Олар жағажайды шайып жатқан жып-жылы суға шомылса, неше түрлі тағамдарды тоя жесе, сосын Еуропа мен Америкада шығарылған бренд киім-кешектерді ғана сататын, бағасы удай үлкен дүкендерді аралап, көңіл нәпсісін қанағаттандырса болды.
Ал бір кездегі құм кезген бәдәуилер бұл өркениет пен мәдениетке қалай қол жеткізді? Ол үшін не істеу керек болды? Деген сұрақтар, сірә, мыңнан бірінің ғана миына кіріп-шығатын шығар.
Шейх Зайд Аль-Нахайян 1971 жылдан 2004 жылға дейін БАӘ Президенті қызметін атқарды. Бірақ сонау 1966 жылдан басталатын Абу-Дабидің әмірі деген билігін де ешкімге берген жоқ, яғни Президенттік лауазымымен қоса атқарды.
Міне, осы жылдар ішінде Парсы шығанағындағы (өздері Араб шығанағы дейді) араб халқының бұрын-соңды көзі көріп, құлағы естімеген өркениетке қол жеткізілді. Ең бастысы сол, шейх Зайд «тек қана азаматтарға арналып, тек қана азаматтар үшін құрылған мемлекет (государств для граждан и ради граждан)» деген түсінікті қалыптастырған әлемдегі аз ғана елді ұйымдастыра білді. Сөйтіп, ол дүниежүзіндегі ең ақылды көшбасшылардың бірі ретінде тарихқа енді. Ең қызығы, шейхтің, тіпті, мектепті бітірді деген де құжаты жоқ болатын. Бірақ мықты мінез бен біліктілік, мұсылман діні негіздерін терең түсіне білуінің арқасында ол ислам әлеміндегі үлгі мен өнегеге толы аңыз адамның біріне айналды.
Шейх Зайд – Шейх Сұлтан ибн-Зайд ибн-Халифа Әл-Нахайянның төртінші ұлы болды. Оның үстіне кенжесі еді. Атын атасы шейх Зайд ибн-Халифаның құрметіне қойыпты. Ол да кезінде «Ұлы Зайд» деген атаққа бөленіп, өз әмірлігіне 1855 жылдан 1909 жылға дейін билік жүргізген. Шейх Зайдтың әкесі 1922 жылы таққа отырғанымен 1926 жылы өлтірілді. Бұдан кейін билікті қолына алған шейх Сакр да 1928 жылы еркінен тыс ажал құшты. Осы кезде таққа шейх Зайдтың ағасы шейх Шахбут отырады.
Былай қарасаңыз, шейх Зайдтың тәж киюіне мүмкіндігі мүлде жоқ болатын. Ал төрт баланың анасы Салам бинт-Бутти әл-Кубаиси бірінен кейін бірі жалғасқан өлімдерді тоқтату үшін ұлдарына бір-біріне күш қолданбау туралы ант қабылдаттырды. Олар ана алдындағы анттарына адал болды.
Аз ғана білімі бар шейх Зайд сонау 1927 жылдан бастап Әл-Айн даласында бәдәуилермен бірге өмір сүрді. Осы қатал өмір оны тіршілік үшін күресуге, кең дала кемеңгерлігіне және стратегиялық ойлау жүйесіне үйретті. 1946 жылы шейх Зайд Абу-Даби әмірлігінің (орталығы әл-Айн) губернаторы болды. Содан бастап ол өте кедей тұратын, жиі-жиі індет жайлап кететін аймақты жаңаша дамытуды қолға алды. Әсіресе өлкені суландыру мәселесіне баса мән берді.
Бұл бер жағы. Шейх Зайдтың ең басты еңбегі – ел басына күн туғанда адалдықтан ауытқымауы болды. Сауд Арабиясының әскері Бурами оазисіндегі Хамса мекенін басып алғанда, шейх Зайд қол астында қалың сарбазы болмаса да бір сүйем жерін басқыншыға бермеді. Сауд Арабиясының мұнай үшін әлімжеттік жасап отырғанын сезді. Сондықтан 30 миллион фунт (!) парадан бас тартты.
Шейх Зайд пен оның ағасы шейх Хазза Женева трибуналында сөз сөйлеп, өздеріне жасалып отырған басқыншылық әрекет пен қоқан-лоққыны дәлелдеп берді. Трибуналдың шешімінен кейін Ұлыбританияның әскери күші Бурами оазисін оларға қайтарып алып берді. Сөйтіп бұл мәселеге 1974 біржола нүкте қойылды. Бірақ бұл қақтығыстағы жеңіс кемел келешекке жол ашып, мұнайлы аймақты бақылауда ұстаудың мәні мен маңызының қаншалықты қымбат екенін ұқтырды. Ал 1958 жылы Абу-Дабиден мол мұнай қоры табылып, 1962 жылы алғашқы мұнай өнімін жөнелту басталды. Бұл істе Маргерет Тетчердің рахымы да көп болғанын айта кету керек шығар. Бірақ тақ иесі шейх Шахбут мұнайдан түскен қаржыны елдің дамуы үшін жұмсауға асықпады. Бұл отбасының наразылығын тудырып, олар тақ иесін орнынан алу керек деп шешті. Ал таққа иелік етуге шейх Зайд қай жағынан да лайық еді.
1966 жылы 7 тамызда шейх Шахбут тұтқындалып, Лондонға жөнелтілді де, Абу-Дабидың жаңа әмірі болып Шейх Зайд тағайындалды. Міне, осыдан кейін елде жаңа үйлер, мектептер, ауруханалар құрылысы басталды. Шетелдерден мамандар шақырылды. Шейх оларға азаматтық та бермек болды, бірақ одан олардың өздері бас тартты. Сөйтіп шейх Зайд небәрі 40 000 тұрғыны бар Абу-Даби қаласын үлкен мегаполиске айналдыру жобасына құлшына кірісіп кетті. Қаланың бас жоспарын жасау үшін жапон инженері Катсухиро Такахушиді шақыртты. Әрине, шейх пен инженер арасында пікірлер қайшылығы да болды. «О, ұлы мәртебелі падишаһым, сіздікі жөн» деп бас иіп тұратын биліктен именбей «сен мені осы жұмысты істеуге жалдаған екенсің, ендеше менің айтқанымды тыңда, өйткені менің бұл салада білімім мен тәжірибем бар, ал сенде ол жоқ» деп шейх Зайдты «жөнге» салған жапон инженері өз дегенін жасады. Шейх Зайд та әмірмін деп тыйым сала бермей, жапон инженерінің пікіріне құлақ асып, өзінің білімі мен көңіл көкжиегін де кеңейте түсті. Өйткені ол жаңа дәуірдің саясаткері болатын. Бұл, әсіресе 1968 жылы Ұлыбритания осы аймақтан кеткен кезде байқалды. Өйткені ағылшындардың күші оларды сол кездегі Иран мен Сауд Арабиясы сияқты басқыншылардан қорғап тұрған болатын.
Не істеу керек? Шейх Зайд Дубай әміршісі Рашид ибн-Саид әл-Муктуммен келіссөз жүргізіп, бір мемлекетке бірігуді пысықтады. Бұдан кейінгі жылдарда да ол үнемі бірігу саясатын ұстанды. Сөйтіп, 1971 жылы 2 желтоқсанда Абу-Даби, Дубай, Шарджа, Умм-ел-Кувейн, Аджман және Фуджейра әмірліктері Біріккен Араб Әмірлігі деген атпен тарихқа еніп, келісімге қол қойды. «Бұлар көп ұзамай тарқап кетеді» деген мысықтілеу бақылаушылардың жорамалы да теріске шықты. Мәмілеге келудің майын ішкен шейх Зайд әмірлермен тіл табысып, олардың арасындағы бірлік пен тірліктің дәнекері болып, тұтана бастаған барлық жанжалдарды басып отырды. Осындай ақыл-ойдың нәтижесінде 1972 жылы БАӘ билігінің жоғарғы органы – Ұлттық федералдық кеңес құрылды.
Сөйтіп БАӘ-нің жаңа дәуірі басталды. Оның Президенті болып шейх Зайд тағайындалып, өмірінің соңына, яғни 2004 жылға дейін халқы үшін абыроймен қызмет атқарды.
Ел есінде оның көптеген дана сөздері қалды. Соның бірі «Араб мұнайы арабтың қанынан бағалы болмауы тиіс» деген сөзі. Оның бұл сөзінің шындығын бүгінгі БАӘ-нің дамудың даңғыл жолына түскен кескін-келбетінен анық байқауға болады.
Шейх Зайд өмірден өткеннен кейін өзі салдырған ақ мәрмәрмен қапталған әлемдегі ең үлкен үшінші мешіттің оң жағына жерленді.

Тараз-Алматы-Дубай-
Абу-Даби-Алматы-Тараз.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support