- Advertisement -

Білім мен ғылымның бірегей ордасы

263

- Advertisement -

М.Х. Дулати атындағы тараз мемлекеттік университетіне – 60 жыл

Биыл М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің құрылғанына алпыс жыл толып отыр. Ең алғаш 1958 жылы оқу ордасы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты ретінде алғашқы студенттерін қабылдаған еді.
Тарихы 1939 жылдан тамыр тартатын облыстағы алғашқы ашылған жоғары оқу орны десек, қателеспейміз. Оны ұйымдастыру жұмыстарының оңай болмағандығын айтпасақ та түсінікті. Оқу ғимараттарын дайындау, алғашқы ашылған мамандақтарға пәндерді жүргізетін оқытушыларды іздестіру секілді жұмыстар табандылықпен жүргізілгені анық. Бұл жұмыстардың басы-қасында жуырда 100 жылдық мерейтойын атап өткен Ұлы Отан соғысының ардагері, институттың алғашқы ректоры Хамза Сейітовтің тұрғандығын атап айту керек. Ол кісі институтты 1972 жылға дейін басқарды.
1972-1987 жылдар арасында институтты өте іскер Т.Мұхаметқалиев басқарды. Бұл жылдарда оқу корпустарының 5 ғимараты, 5 жатақханасы салынып бітті. 1991-1998 жылдарда институттың ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, осы институттың түлегі, студенттен Ұлттық ғылым Академиясының академигіне дейін жеткен Ө.Мадиев басшылық жасады. Сол жылдарда институт жеңіл және тамақ өнеркәсібі саласы бойынша Қазақстан мен Орта Азия республикаларына мамандар даярлайтын негізгі оқу орнына айналды.
Мамандарды республиканың басқа аймақтарында даярлау мақсатында институттан Алматы, Семей қалаларында филиалдары ашылды. Кейіннен олардың өздері іргелі оқу орындары болып бөлініп шықты. Орталық оқу орындарымен байланыс орнатып аспирантура арқылы ғылым докторлары даярлана бастады. Нәтижесінде ғылыми дәрежесі бар профессорлар, оқытушылардың үлес салмағы 50 пайызға дейін жетті.
Институт қабырғасында шыңдалған мамандардың алды ірі кәсіпорындарда басшылық қызметтер атқарады. Олардың қатарында А.Мұнатаев, К.Ахаев, К.Рахметбаев, З.Мұзаппаров, П.Буланов, У.Мадалиев, К.Мышбаев, Г.Жайшибеков тағы басқалар бар. Институт түлектерінің ішінен мемлекет-қоғам қайраткерлері өсіп шықты. Олардың қатарларында Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықованы, А.Самақованы, А.Нұралиевты, А.Савченконы айтуға болады.
Институт басшылығы Мәскеудегі, Ленинградтағы, Новосібірдегі, Киевтегі, Ташкенттегі, Балтық жағалауы елдеріндегі алдыңғы қатарлы оқу орындарымен тікелей байланыс орнатып, әрбір кафедрадан тәжірибе алмасу, біліктілікті арттыру мақсатында профессор-оқытушыларды тұрақты жіберіп отырды. Соның нәтижесінде институт қабырғаларында еңбек еткен жас мамандардан, түлектерден көптеген ғылым докторлары шығып, еліміздің жоғары оқу орындарында басшылық жасады.
1998 жылы Тараз мемлекеттік университеті құрамына кіргенде Жамбыл технологиялық институтында 35 кафедрада 400-ге жуық профессор-оқытушылар еңбек етті. Оның ішінде 15 ғылым докторы, 165 ғылым кандидаты болды, 15 мамандық бойынша студенттер саны 5000 мыңнан асты, оның ішінде 3200 күндізгі бөлімде оқыды. Ал 1998 жылы қаладағы үш жоғары оқу орнын біріктіру нәтижесінде бүгінгі Тараз мемлекеттік университеті құрылды.
Көрнекті ғалым, қолбасшы М.Х.Дулати атын алған Тараз мемлекеттік университеті алыс-жақын шетелдің жетекші университеттерімен байланыс орнатып, оқытушылар, бөлім басшыларын біліктілігін арттыруға жіберіп, заманауи білім беруге ерекше көңіл бөлді. Соның нәтижесінде елімізде алғашқылардың бірі болып кредитті білім беру жүйесі енгізілді. Ұжымның атқарған еңбегі мен жинақтаған тәжірибесі арқасында университет еліміздегі жоғары оқу орындарында кредитті білім беру жүйесін енгізудің консалтингті орталығына айналды.
Университет Халықаралық сапа стандартының сертификатын алып, сапа менеджменті жүйесін енгізді. Балон процесіне қатысып, Халықаралық университеттер Хартиясына мүше болды. 2007 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен жүргізілген Қазақстанның жетекші оқу орындарында ғылыми-зерттеу зертханаларын ашу бойынша аймақта алғашқылардың бірі болып наноинженерлік зерттеу зертханасы жұмысын бастады.
2012 жылдан бері университетті білім беру саласының білікті басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор М. Сарыбеков басқарып келеді. М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің білім беру жүйесі толықтай қалыптасты. Бакалавриат – магистратура – докторантура, қазіргі таңда университет көп бағытты болып табылып, 103 мамандық бойынша дайындық жүргізеді. Оның ішінде, 60 бакалавриат, 39 магистратура, 4 PhD докторантура бар. Қазіргі таңда университеттегі 9 факультетте (әскери кафедраны қосқанда) 45 кафедра жұмыс істеуде.
Биылғы университеттің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында алғаш рет 23 PhD докторлық білім беру грантына ие болып, үлкен жетістікке қол жеткіздік. Университет білім беру саласында соңғы жылдарда тәуелсіз аккредиттеу агенттігінің рейтингі бойынша көп бағытты университеттер арасында 6-орынға тұрақтады. «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығы зерттеу жұмыстарын бірлесіп жүргізу мақсатында Үндістанның, Иранның және отандық ғалымдармен байланыс жасауда.
Сонымен қатар еліміздегі оқытушылардың деңгейін бағалайтын басты бағдарламалардың бірі – «Жылдың үздік оқытушысы» білім гранты бойынша жыл сайын 5-6 оқытушы жеңімпаз атанса, өткен оқу жылында 7 оқытушы сол атақты жеңіп алды. Университет басшылығының жұмысты тиімді ұйымдастыруы нәтижесінде биылғы оқу жылында, алғашқы рет бакалавриат бағдарламасы бойынша 500-ге жұық студент грант иегері атанып, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-да оқуға қол жеткізді.
Университетте студенттерге өздерінің шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуға көркемөнер, би, вокал, домбыра үйірмелері жұмыс істейді. Спортпен шұғылданып, үлкен табыстарға қол жеткізуде. Университет командасы Универсиадада тұрақты жүлдегер қатарында. Жекелеген студенттер ел біріншілігінде, Азиадада топ жаруда. Студенттерге білім алумен қатар, жатақханада тұруға, жаз айларында «Жасыл ел», «Студенттердің құрылыс отряды» бағыттары бойынша еңбек етуге толықтай жағдай жасалған. Осы кезде өңірдегі әлеуметтік нысандарда, құрылыста жұмыс істеуге 118 студент жұмылдырылып, 10 құрылыс компанияларында еңбек етті.
60 жылдық мерейтой қарсаңында университет құрылған 20 жыл ішінде қанаты қатайып, еліміздегі алдыңғы қатарлы университеттер қатарынан толықтай орын алды. Болашақта да ұжым табысты еңбек етіп, толағай табыстарға жетіп, биіктен көріне берер деген сенімдеміз.

Дүйсен Ділдәбек,
М.Х.Дулати атындағы
ТарМУ доценті.

Совет ҚОЖАБЕКОВ,
Экономика және бизнес факультетінің деканы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support