Алғашқы ойын – алғашқы ащы сабақ

Қазақстан құрамасы Грузия футболшыларына жол берді

Өткен жылы ресми бекітілген футболдан ұлттар лигасы додасының алғашқы тарихи ойыны Қазақстан және Грузия құрамалары арасында өтті. «D» тобында сынға түсіп жатқан отандастарымыз қарымы шамалас Грузия футболшыларын қабылдап, өкінішке қарай, қарсыластарына есе жіберіп алды.
Бұл күні Станимир Стоилов жаттықтыратын ұлттық құрама оғландары қарсыластарынан ойын тұрғысынан кем түспеді, тең түсті. Тек мүмкіндіктерді сәтімен пайдалану тұрғысынан қазақстандық футболшылардың жолы болмады.
Ойынның бірінші кезеңінде екі құраманың футболшылары да жүз пайыздық гол соғатын мүмкіндікке ие болды. Кездесудің 26-минутында ұлттық құраманың капитаны Дмитрий Шомко қақпаға еніп бара жатқан допты дер кезінде қайтарып, жанкештілік танытты. Ал 32-минутта Грузия футболшысы Георгий Наваловский өз командасын 100 пайыздық голдан аман сақтап қалды.
Екінші кезеңді Қазақстан футболшылары жоғары қарқынмен бастады. Тіпті Алексей Щеткиннің есеп ашатын тамаша мүмкіндігі де болған еді. Алайда ұлттық құраманың шабуылшысы ұрымтал сәтті ұтымды пайдалана алмай, жүйкеге ши жүгіртті. Есесіне Грузия футболшылары гол соғатын мүмкіндікті қалт жібермей, ойынның 69-минутында Георгий Чакветадзе мергендігімен көзге түсті. Грузия құрамасының сапындағы екінші ойынында екінші голын соққан Чакветадзенің көңілі тоқ, әзірге қайғысы жоқ.
Бірінші болып гол өткізіп алған соң біздің футболшылар абдырай бастады. Есеп ашып, жеңіске деген жігер танытқан Грузия футболшылары жалғыз голмен тоқтап қалған жоқ. Қазақстан футболшылары ұйымдастырған шабуылға тойтарыс берген олар қарсы шабуылда есепті еселеді. Өкінішке қарай, ұлттық құраманың қорғаушысы Сергей Малый автоголдың авторы атанды.
Осылайша бас жаттықтырушы ретіндегі алғашқы ресми кездесуінде Станимир Стоилов жеңіліске ұшырады. Ал кезінде Алматының «Қайратын» жаттықтырған Владимир Вайсс Грузия құрамасының қоржынына үш ұпай салып берді.
«D» тобында Қазақстан мен Грузиядан бөлек Латвия және Андорра құрамалары бар. Олар өзара өткізген ойында есеп ашпастан тең тарқасты. Бірінші турдың қорытындысы бойынша Қазақстан футболшылары өз тобында ең соңғы орында қалып қойды. Енді қалған ойындарда ұлттық құраманың оғландары жіберген қателіктерінен сабақ алып, жеңіске бастар жолды жаңылмай табуға тырысулары қажет-ақ.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/