- Advertisement -

«Ауылға кіреберіс жол» атандырмай

289

- Advertisement -

«Нұрлы» көшесі деген атау берілсе

Нұрлыкент ауылдық округі әкімінің 13 ақпан 2015 жылғы №6 шешімімен Нұрлыкент ауылының көше атаулары түгелдей дерлік өзгертілген болатын. Алайда ауылдың ежелден бергі, басын орталық Е.Байғазиев көшесінен алып, ауылдың 8 көшесімен қиылыса отырып, қазіргі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралімен түйісетін, бұған дейін «База» аталып келген негізгі көше аты негізсіз жойылып, «Көктем» көшесінің жалғасы болып бірігіп кеткен.

Бұл жөнінде қабылданған шешім дұрыс емес деп санаймын. Оның бірнеше себептеріне тоқталып өтейін: «Көктем» көшесі – Ломоносов орта мектебі мен «Таза су» мекемесінің бетонмен қоршалған дуалдарына келіп бітетін, батыс-шығыс бағытындағы жалпы ұзындығы 250 метрден аспайтын қысқа-тұйық көше.
«База» көшесі арқылы ауыл тұрғындары әр жаққа барып-келіп тұрған, оның үстіне «Нұрлы-Солар» күн электр стансасының демеушілігімен көшенің өнбойы түгелдей асфальтталған және ерекше жарық беріп тұратын шамдар орнатылған, оңтүстік-солтүстік бағытындағы жалпы ұзындығы 1,5 шақырымға таяу болатын ұзын да негізгі көше.
«Көктем» мен «База» көшелерінің ортасындағы бетон қоршауды айналып барып жалғасатын арақашықтығы 300 метрді құрайды. Ортада үй-жай жоқ. Байқаған боларсыздар, көшелерді біріктіретін ешқандай параметрін көріп тұрғаным жоқ. Керісінше, қай жағынан алсақ та сәйкессіздік, бір-біріне кереғар жүйесіздік сонадайдан көрініп, ел наразылығын тудыруда.
«База» туралы аз-кем дерек бере кетейін. Заман өзгерген сайын көше аты (жоғалғанға дейін) 2 рет өзгерген. Ал енді дерек көздеріне жүгінсек. Біріншісі, 1930 жылы Бурно-Октябрь (Нұрлыкент) ауылында «Каучукпромхоз» жұмыс істеген, одан кейін де 1960 жылдардың ортасына дейін көше «КСХ №2» деп аталған екен. 1940-1942 жылдары осы көшенің бойында барак (сол тұстағы тәуір үйлер) үйлерде 21 отбасы тұрыпты. Бұл қазіргі «Гамбург» ЖШС жоңышқа еккен алаң орнында болған, ал көшенің қарсы бетінде әрқашанда дәл қазіргідей өндіріс зонасы, соның ғимараттары болған.
«Бурненский» әскери совхозы орнаған соң мал шаруашылығымен де айналысып, қазіргі «Гамбург» ЖШС тас, саманнан қоралар салған. Жұмысшылары екі ауысыммен жұмыс істеген. Олар бір-біріне қайда барасыз, «Базаға барамын» деп жүріп көше 1964 жылдан бастап «База» аталып кеткен.
Селолық Советтің 1972-1974 жылдардағы шаруашылық кітабында «База» көшесінде 26 отбасы – 98 адам тұрған деп жазылған.
«База» көшесі ауылдық округтің кітапшасында 1995-2000 жылдарға дейін болғанына сенімдімін.
«База» көшесінің тұрғын үйлері кемігеннен соң ескерусіздік, жауапсыздық салдарынан жойылып отыр. Қазірдің өзінде бұл көшеде бірлі-жарым жеке тұрғын үйлер де, көптеген өндірістік ғимараттар да баршылық. Бұлардан бөлек «Гамбург» ЖШС-ның ғимараттарын қосыңыз.
«База» көшесінің аты жойылған соң, ауыл тұрғындары да, ауылға келіп-кететіндер де, керек десеңіз газет беттерінде де бұл көшені «ауылға кіреберіс жол» деп атап та, жазып та жүр. «Көктем» көшесі деп ешкім айтпайды, себебі «Көктем» көшесі қайда, бұл қайда?
«База» көшесі туралы нақты тарихи дәлелдермен жойылуына ешқандай негіз жоқ. Ауыл іргесіне жаңадан кемінде 100 жылдық есеппен орналасып жатқан Орта Азияда теңдесі жоқ, бүкіл еліміздің мақтанышына айналып отырған «Нұрлы Солар» күн электр стансаның Нұрлыкент ауылына тигізер демеушілік көмегінің бергенінен әлі алда берері көп екенін де ескере келе және іргелес отырған оларға деген төмендегідей үлкен ризашылық құрметімді қоса отырып өз пікірімді ұсынғым келеді:
«Көктемге» жалғанғанымен жанаспай, «ауылға кіреберіс жол» атандырмай, бұрынғы «Базаны» қайта тірілтіп, өз алдына дербес көше дәрежесін қайтаруын, қалпына келген дербес көшеге лайықты «Нұрлы» көшесі деген атау берулеріңізді өтінем. Бұл ұсыныс атау, сол аймақ атауларымен үйлесімділік тауып тұр. Ұсыныс ауыл тұрғындарының көңілдерінен шығатынына сенімдімін.
Осы ісіміз Президентіміз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының ауылымызда нақты іске асырылып жатқанының жарқын бір көрінісі болмақ.

Нұржігіт БӘЙДІБЕКОВ,
ауданның Құрметті азаматы.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support