- Advertisement -

Жас отау иелерінің сән салоны

259

- Advertisement -

Бір қуанатыны, соңғы жылдарда өңірімізде қызмет көрсету саласы жақсы дамып келеді. Әсіресе шаштараз, сұлулық салондары, шағын жаттығу залдары көбейді. Бұрын мұндай орындарға бара қалсаңыз, шаш кесіп, тырнақ әрлейтін шеберлердің бәрі өзге ұлт өкілдері болатын. Қазір бұл кәсіпке қазақ жастары да ден қоюда. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке кең қолдау көрсетіле бастағалы тұрғындар да өз ісін ашуға ынталы. Оның үстіне қазір қоғамда арнайы қызмет көрсететін орындарға деген сұраныс та артқан. Ал сұраныс бар жерде ұсыныс көбейе түсетіні белгілі. Оған Тараз қаласының әр көшесінде 300-400 метр сайын орналасқан сұлулық салондары дәлел.
Көпшілік сұранысын қанағаттандыру мақсатында ашылып, облыс орталығындағы сұлулық салондарының қатарын толықтырған «Brilliant» сән салоны – ерлі-зайыпты Абай мен Тұрсынайдың отбасылық кәсібі екен. Бұл салонның өзгелерден ең басты ерекшелігі – тұрғындарға тәулік бойы қызмет көрсететіндігінде.
Жас отбасы бұған дейін өз кәсіптерін ашуға бірнеше рет ұмтылыс жасағанымен, еш реті келмепті. Бұл істің орайы Президенттің әлеуметтік бес бастамасы жарияланғанда ғана келген. Төртінші бағыты бойынша «Шағын несие беруді көбейту» бастамасы арқылы өз мақсаттарына қол жеткізу мүмкіндігіне ие болған.
Анығырақ айтсақ, осыдан үш-төрт ай бұрын несие алуға белгілі бір банкке бас сұққанда олар Елбасының бес бастамасынан, оның шағын кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағытынан хабардар болады. Содан төмен пайызбен он төрт миллион теңге несие алып, өз жұмыстарын жандандыра түседі. Бізге бұл туралы сән салонының директоры Тұрсынай Байғабылова айтып берді.
– Мен әу бастан осы салаға қызығатынмын. Дос-жаран, туыстарым: «Сенің ұйымдастырушылық қасиетің жоғары» дейтін. Бұл жұмысты бастамас бұрын визажист болып түрлі салондарда жұмыс істедім. Өзімнің жеке салоным болса деп армандадым. Астанаға барып, кәсіби біліктілігімді жетілдіріп келген соң, жеке салон ашуға ұмтылдық. Жолдасым Айдар қолдап, көмек көрсетті. «Махатова» жеке кәсіпкерлігін құрып, Елбасының бастамасы арқылы жеңілдетілген жолмен несие алдық. Содан алдында сатып алған үш бөлмелі пәтерімізді күрделі жөндеуден өткіздік. Сән салонына сай етіп жоғары деңгейде безендіріп, әрледік. Қажетті барлық құрал-жабдықтарды түгендедік. Біз секілді талапты жастарға зор мүмкіндік берген Елбасына рахмет! Төртінші бағыт «Шағын несие беруді көбейту» бастамасының бір тиімділігі – кәсібіміз аяқтан тұрғанша берешегімізді төлемейтіндігімізде. Несиені алты ай өткеннен кейін ғана төлей бастаймыз. Бұл да үлкен қолдау деп білемін, – дейді ол.
Қаладағы Төле би даңғылының орталық алаңға таяу тұсындағы «Brilliant» сән салонының ашылғанына көп уақыт өте қоймаса да, ондағы шеберлердің көрсететін қызметіне алдын ала жазылып қоятын тұрақты тұтынушылары бар екен. Иә, сырт келбетінің әдемі, тартымды болуын қаламайтын әйел жоқ шығар. Солардың бірқатары бүгінде Тұрсынайдың сән салонының тұрақты тұтынушысы. Салонда онға жуық қыз жұмыс істейді. Олар – визажист, тырнақ, шаш, бет әрлеушілер. Күнделікті табыстары орта есеппен 2-3 мың теңге екен. Тұрғындарға тәулік бойы қызмет көрсететін салонға келушілер де аз емес. Бағасы да қолжетімді.
Бізді таңғалдырғаны – Тұрсынай Байғабылованың негізгі мамандығы дәрігер екен. Астанадағы медициналық институтты «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша қызыл дипломға бітірген білікті жас маман ақыры жаны қалаған іспен айналысуға бел буыпты.
Абай мен Тұрсынайдың армандары асқақ. Жас отбасы алдағы бар жоспарларын кәсіпкерлік саласымен байланыстырады. Екі ұл-қыз тәрбиелеп-өсіріп отырған олар мемлекет қолдау көрсетіп тұрған кезде аянбай еңбек етуге, сол арқылы еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуға ынталы.

Жанғазы АХМЕТ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support