- Advertisement -

«Халық жауының» қызынан мемлекеттік сыйлықтың лауреатына дейін

576

- Advertisement -

бүгінгі қонағымыз облыстық қазақ драма театрының әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрсифат Салықова

Нұрсифат САЛЫҚОВА,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері,
облыстық қазақ драма театрының әртісі:

«Халық жауының» қызымын»

– Сексеннің сеңгіріне шығып отырсыз, құтты болсын! Әңгімені алдымен балдәурен кезіңізден бастасақ. Сіз нәубетке толы ашаршылықтан кейін Ұлы Отан соғысының алдында дүниеге келдіңіз. Сондықтан балалық шағыңыз тәтті бола қоймаған шығар…
– Е, балам, мен жарық дүниеге келген 1938 жылдың өз қиындықтары баршылық. Әкемді 1937 жылдың қазан айында «халық жауы» деген екі желеу, бір сылтаумен қамауға алып кеткен. Сондағы таққан айыптары «әкең мешіт ұстаған, сен молданың баласысың» дегенге саяды. Бұл енді қазақшалап айтқанда ұстап беру ғой. Негізінде біреулер көрсеткен. Осылайша әкем Семейдегі абақтының ар жағына кете барған.
Сол кезде жалғыз ағатайым бар. Әкемді дүкеннен ұстап алғанын көрген сол ағам: «Әке» деп үн қатса керек. Сонда әкем: «Бар, бар, ана қарындасың мен анаңа ие бол» депті. Қарындасың деп отырғаны, ол кезде менің әпкем бар болатын. Ал өзім әлі өмір есігін ашпағанмын. Бұл оқиға сол кездегі Шар стансасында болған. Содан не керек, ағатайымды «халық жауының баласы» деп мектептен шығарып жібереді. Ағатайым кейін: «Ой, ол кезде менің көрген қорлығымды ешкімнің басына бермесін. Түн ішінде деподан барып, көмір ұрлап келетінмін», дейтін. Ағатайым әйтеуір әкемнің жоқтығын білдірмей, бір жыл бойы анам мен қарындасына қамқор болған. Әкем кеткен соң араға сегіз ай салып мен дүниеге келіппін. Кішкентай шақалақтың дүние есігін ашқанын ешкім елең қылмапты. Атымды да қоймаған. Қанша дегенмен «халық жауының» қызымын ғой. Ешкім үйге келмейді. Мен туғаннан кейін арада жиырма күн өткен соң әкем түрмеден шығыпты. Бұл дегеніміз бір тылсым сияқты. Оны әкем былай әңгімелейді: «Түрмеде жатқанбыз. Қымтырылып-қыстырылып отырамыз. Бірде қысылысып жатып ұйықтап кетіппін. Түсімде бір ақсақалды көрдім. Бөлмеге кіре бергенінде «Ассалаумағалейкум» деп амандассам, ол кісі бармағын ғана берді. «Саған осы да жетеді» деп айтты», дейді әкем. Арада үш күн өткенде әкем түрмеден шығады. Ол кісінің үлкен-үлкен кітаптары бар-тын. Сол кітаптарын ақтарып отырып, менің атымды Нұрсифат деп қойыпты. Әкемнің адам емдейтін қасиеті де бар болатын. Айтып-айтпай не керек, мен үйдің ерке қызына айналдым. Сөйтіп әкем: «Қой, мына арада күн көре алмаспыз. Сиырымыз, ат арбамыз бар. Бір ретін тауып күнелтерміз» деп Шардан алпыс шақырым жердегі «Жаңа ауыл» деген колхозға көшіп кетеді.
– Ол ауылда «халық жауына» жұмыс берді ме?
– Еһ (терең күрсінді)! Иә, «халық жауы» деп ол жақта да салқын қарсы алып, әрең дегенде бұзау бақтырып қойыпты. Бұқашоқы деген қыратта отырып бұзау бағады. Үйге келгенде бидай қуырып, шай ішеміз. Сөйтіп жүргенде бір күні ауатком дегендер мінетін ат-арба ауламызға келіп, бір қап ұн, бір қап тары, бір қап бидай тастап кетті. Біз түсінбей далмыз. Сөйтсек, бұл әкемнің емшілік қасиетінің арқасында келген дүние екен. Біздің отбасы «Жаңа ауылға» көшіп келе жатқан кезімізде жолда аялдап, бұлақтан су алып шай ішіп отырған ғой. Сол кезде бір ат-арба тоқтапты. Арба үстінде бала байлаулы жатыр екен. Сонда әлгі ат-арбадан түскен егде кісі: «Раха, мына баланы оқып беріңізші» деп өтініпті. Әкем болса: «Ойбай, атама. Көзім ашылып, түрмеден енді шығып отырмын, керегі жоқ», деп басын ала қашқан. Сонда әлгі кісі ешкімге айтпайтынын жеткізіп, ант-су ішіп әкемді көндіріпті. Әкем әлгі баланың қол-аяғын шешкізген. Сонда әлгі бала әкеме тұра жүгіріпті. Осы сәтте әкем дем салып, жақтан бір тартып жіберіпті. «Енді өзенге апарып жуындырыңдар. Болды, жазылады», депті әкем. Әлгі бала ауаткомның туысының ұлы болып шықты ғой. Мына олжа сол жақсылықтың қайтарымы екен. Ешкімге білдірмей, қыдырып жүргендей әкеп тастапты. Содан бастап көтеріле бастадық.
Әкем ақындар айтысына қатысады. «Халық ақыны» атағын алады. Сонда әкем: «Біздің мына қызымыз бақытты қыз болды, әкесін түрмеден шығарып алды. Осы қызым туған соң «Халық ақыны» атағын алдым», деп риза болатын. Шынын айтсам, мен қыз баладан гөрі, ер бала секілді өстім (күлді). Балаларға тән кекіл қоятын болыппын. Мектепке барғанда ол сәл өссе, қайырып тастап, балалармен «өй, әкең» деп қойып төбелесіп ойнап кетеді екенмін.
– Қанша дегенмен соғыс және соғыстан кейінгі кезең ғой. Ерке болғаныңызбен еңбекке бала күннен араласқан боларсыз…
– Дұрыс айтасың. Қанша дегенмен соғыс жүріп жатқан кезеңнің баласымыз ғой. Үшінші-төртінші сыныпты бітірген кезде-ақ бізді дереу әкетіп, жұмысқа жегетін. Шөмеле жинаймыз. Егістік даласына барып, арам шөп жұламыз. Қолымызға тікенек кіріп жылап та алатынбыз. Солай жылап отырған кезде қолында қолғабы бар бір орыс апай менің алдымды тазалап, елдің қатарына қосып жіберді. Есейе келе мен үйде ер баланың қызметін атқардым. Ат арбаны жегіп немесе атты ерттеп алып, өзім мініп кете беремін. Біздің тағдырымыздың кейбір тұстары Абай Құнанбаевтың өмірімен сәйкес келеді. Осы Шар деген жерге Абай үш мәрте атбасын бұрған екен. Болыс секілді ұлықтарды сайлау өтетін. Шар деген ат содан қалған болар деп пайымдаймын. Ол дәуірде дауыс бергенде қазіргі бюллетень орнына шар салатын болған.
Соғыс біткен 1945 жылы Абай Құнанбаевтың 100 жылдық тойы өткізілді. Әкем сол тойда айтысқа қатысып, бас жүлде иеленді. Осылайша Рахымбай Дүйсекеевтің аты дүркіреді. Әйткенмен әкем жарықтық «халық жауы» атанған соң әбден қаймығып қалса керек. Жай сөйлейтін. Үйдегі терезелерді саңылау қалдырмай бекітіп, жауып тастайтын. Осылайша біз еңбек даласында жүріп есейдік. Тек оныншы сыныпты аяқтаған кезде ғана жұмысқа апарған жоқ. Өйткені оқуға тапсыруымыз, құжат өткізуіміз керек қой.

«Дәрігер болам деп әбігер болдым»

– Мектеп бітіре салып, медициналық институтқа құжат тапсырып түсе алмай қалдыңыз. Сонда арманыңыз дәрігер болу ма еді, әлде тұла бойына емшілік қасиет дарыған әкеңіз осылай ұйғарды ма?
– Әкем қатты ауырды. Ол кісіні совхоздан аудан орталығына алып келді. Диагнозы қазір айтып жүрген жүрек талмасы екен. Бір қол, бір аяқтан қалды. Алайда анық сөйлейтін. Тұрып-жүруі қиынға соқты. Қарашада құлаған әкем ақпан айында бақилық болды. Әкем жарықтық тірісінде: «Осы қызым оқуды бітіре салысымен доктордың оқуына түсіремін», деп отыратын. Асыл әкем дүниеден озған соң ағатайым Семейге алып барды. Мектеп кезінде: «Алгебра, химия, қонбайды менің миыма» деп күліп жүретінмін. Сөйтсем, бұл медицина саласына түсу үшін биология мен химияны жақсы білу керек екен. Сол кездің бір кемшілігі, мектепте химиядан беретін мұғалім жоқ еді. Алгебрадан сабақ беретін ұстаз да жетінші сыныпта келді. Басынан дұрыстап оқымаған соң қиынға соғады екен. Емтиханды тапсыруын тапсырғаныммен үш деген баға алып, оқуға түсе алмай қалдым.
– Осылайша әке арманы орындалмай, мектепте мұғалім болып еңбек ете бастадыңыз ғой.
– Иә. Содан ауданға қайтып келген бетте білім бөлімінің басшысына кіріп, жұмыс сұрадым. «Неге оқуға түсе алмай қалдың?», деп сұрады. Химиядан өте алмағанымды түсіндірдім. Шардан жетпіс бес шақырым қашықтықта орналасқан Қызылжетек деген елді мекен бар болатын. «Сол жақтың мектебіне барып сабақ бересің», – деді ол кісі. Мен жағрапия мен тарихты жақсы білетінімді жеткіздім. Емтиханда да сүрінбейтінімді, математика мен үшін өте алмайтын әлем екенін тілге тиек еттім.
Баяғы еркелігіме басып: «Ойбай, аға, жетпіс бес шақырым жерге бара алмаймын, алыс қой», деп қиғылық салдым. Ол кездің ұстаздары да, адамдары да мейірімді ғой. Молотов колхозын сұрап едім, бірден келісті. Колхоздың орталығы Қараш деген ауылға жіберді. Сол жерде жүріп, бесінші, алтыншы, жетінші сынып оқушыларына тарих және жағрапия пәндерінен бір жыл сабақ бердім. Бір қызығы, кейбір оқушылар өзімнен үлкен. Бір шешеннің баласы оқыды. Өзі таудай. Сабақ оқымайды. «Әй, сен неге сабақ білмейсің?» деп қолымдағы «укаскамен» тартып жіберетінмін. Бірақ өзім балалар тосыннан қиын сұрақ қойып қалмасын деп кітапханаға барып, тарихқа, жағрапияға қатысты кітаптардың барлығын ақтарып, дайындалатынмын. Жездем маған сабақ кестесін, жоспарды қалай жазу керектігін көрсетіп беретін. Жездемнің ауылына сұранып келгенім жақсы болған екен деп қуанатынмын. Қарап жүрмей көркемөнерпаздар үйірмесін де құрып алдық. Түрлі көріністер қойып, іс-шаралар өткізіп, мерекелерде концерттер қойып жүрдік. Кейін тіпті ауыл шаруашылығы саласына да құжат тапсырып көрдім. Нем бар десеңші?! Менің өмір бойғы арманым – театр институтын бітіру. Кейін Жамбылға келіп, мәдени-ағарту училищесінен білім алдым ғой. Садыхан Әубәкіров, Яхия Шінәсіловтің дәрісін тыңдадық. Сол дипломның нанын жеп жүрміз ғой қазір.
– Сіз ұзақ жылдар бойы театрда еңбек еттіңіз. Әйткенмен «Құнанбай» фильміндегі Зере әженің рөлі бағыңызды ашып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атандыңыз. Бүкіл еңбегіңізбен емес, бір ғана рөліңізбен осындай марапатқа ие болуыңыз өзіңізге кездейсоқ бақ секілді көрінбей ме? Қанша дегенмен кино тез танытады ғой.
– Жоқ, олай деп айтпас едім. Кино мен театрдың айырмашылықтары бар. Мысалы, бір спектакльде жіберген кемшілігіңді сезесің, бірақ оны мезетінде түзей алмайсың ғой. Кинода олай емес. Бұл – мен бірінші рет түскен кино. Бұрын Тұрар Дүйсебаев аздап кино түсіргенде жай ғана көпшілік сахнасына қатысып қайтатынбыз.
«Құнанбай» фильміне кәдімгі кастинг, яғни іріктеу арқылы қатыстым. Шақырды, бардым. Кетерімде Досхан Жолжақсынов: «Апа, сіз жалғыз емессіз. Әлі талай апаларды шақырамыз. Кімнің бейнесі келеді, соны алып қаламыз», деп тұспалдады. Онысы енді «өтпей қалсаңыз, ренжімеңіз» дегені ғой. Бірден түсіндім де «Жарайды, қарағым» деп кете бардым. Содан не керек, сәуір өтті, мамыр аяқталды, маусымның да жартысы артта қалды. Сосын мен: «Ой, Жамбылдың драма театрындағы кемпірді не қылсын? Алматыда Халық әртістері көп қой. Мен жай ғана мәдениет қайраткерімін», деп ойлап, бұл мәселені жылы жауып қоя салғанмын. Бір күні маусым бел ортасына таяғанда екінші режиссер қоңырау соғып тұр. Амандық-саулықтан соң: «Апа, он екісі күні Семейде болыңыз. Түсірілім басталады. Көркемдік кеңестің шешімімен сіз лайық боп танылдыңыз», деді. Кастинг өтіп жатқанда Досхан: «Апа, егер өтіп жатсаңыз, атқа мінесіз», деген еді. Сол кезде мен: «Ат мен үшін таңсық емес қарағым. Ауылдың адамымын. Бірақ атқа соңғы рет 1965 жылы мінгенмін. Содан кейін атқа отырып көрмеппін», деп мән-жайды жайып салдым. Досхан қорқынышымды басып, тоқсан беске келген адамды да атқа мінгізгендерін айтты.
– Ол кезде, қателеспесем жетпіс алты жастасыз…
– Иә,сол жылы жетпіс алты жаста болатынмын. Жарайды деп келістім. Атқа мінесің деген соң іштей дайындалып жүрдім. Егер өте қалсам, «Апа, мына атқа мінесің» деп көрсетеді ғой деген ой құшағында болдым. Қалтама қант салып жүрейін деп шештім. Сөйтсем, алғашқы күні-ақ түсірілім Құнанбайды Омбыға әкететін сюжетпен атқа мінуден басталды ғой. Қатты қорыққанымды жасыра алмаймын. Содан атқа мінер алдында «О, Қамбар атам менің, аруағыңмен демей, жебей көр» деп жылқы малының пірінен өзімше көмек сұрап алдым.
Абай ауданынан он екі шақырым жердегі Қарашоқы деген жерге таңғы тоғыздан бардық. Түсірілім күні бойы жалғасты. Көп болса 4-5 дубль жасалды. Мен киноға бұрын түспегенмін, көп жайтты білмеймін. Кимешектің астыңғы жағына микрафон қойып қойған екен. Оны ойлап жатқан жоқпын. Құнанбайды әкетіп бара жатқан жерінде «Құнаааш, Құнаааш» деп айқайға бастым ғой. Сөйтсем қасымдағылар: «Апа, мойныңызда микрафон бар. Ондай айқайдың керегі жоқ» деп күледі. Осы кезде кәдімгідей қиналып қалдым. Әйтеуір бәрі сәтімен жалғасты. Бәрі біткен соң аттың үстінде тұрғанмын. Бір кезде Досхан келіп: «Апа, рахмет! Көп рахмет!» деді. Досхан да, мен де өкісігімізді баса алмай жылап тұрмыз. Аттан түскенім сол еді, сол жерде жүргендер: «Апамызға суық тиіп қалмасын» деп бәйек болып жатыр. Мен болсам: «Мені қымтамаңдаршы, жіберіңдерші, ана таудың арасына барып, айқайлап жылап-жылап келейін», деп жатырмын. Осы сәтте Нұрсифат емес, Зере болдым ғой деймін. Рөлге әбден кіріп кеттім. Жалғыз бала, халықтың адамы дегендей. Сол рөлге әбден берілгенімнен шығар, лауреат атанғаным деп пайымдаймын.
– «Құнанбай» фильмінің түсірілімі кезінде қандай қиындықтар болды?
– Алпыс жылға жуық театрда еңбек еткен тәжірибем бәріне жетеді. Тек, бөлек бір күй кештім. Қиынға соққан кадр болмады емес, болды. Ол – намазымды оқып отырып, ойымды бөлетін шағым бар ғой, бәрінен де сол ауыр тиді. Намаз үстінде селк етіп «Е-е-е, омырауымды жумай, дәрет алмай емізбеуші едім, құлыным. Орыстың түрмесінде асыл сүйегің шіритін болды-ау!» деп тебіренемін. Негізі намаз үстінде ой мүлде бөлінбеуі керек. Түсірілімнен соң намазымды жалғастырып, аяқтадым.

«Қарауыл боп жұмыс істедім»

– Сіздің өміріңіздің өзі драма сияқты. Қырық жасқа жетпей отағасы Мақсұттан айрылдыңыз, ол аздай ұлыңыз бақилық болды. Тағдырдың түрлі тауқыметін біркісідей тарттыңыз. Бірақ морт сынған жоқсыз…
– Бәріне жәрдемші бір Алла ғой. Ұлым қайтыс болған кезде қатты ауырдым. Тоқтай алмай жылап-сықтадым. Қайтып келмейтініне көзім жетті. Сол кезде қасымдағылар: «Әй, Нұрсифат, жылай берме. «Жылағанға жас беремін» деген бар. Құдай береке берсін. Не істейсің Алланың жазғанына», деп жұбатты. Балам ауырмай-сырқамай кетті ғой. Докторлар да көмектесе алмады. Алланың сынына Алла берген күшпен қарсы тұрдым. Осы күнде елдер: «Крышаң бар ма?» деп жатады ғой. Мен ешқандай «крышасыз» таза өзімнің еңбегіммен келе жатқан адаммын. 1959 жылдың он үшінші сәуірінде мені театрға жұмысқа қабылдады. 42 сом, 50 тиын айлық алатынмын. Сосын осы жылдың күзінде оқуға түсейін десем, директорым Төлебаев деген кісі: «Сен оқуға түсетін болсаң жұмыс істей алмайсың. Жаздай іссапарда жүргеніңді ескеріп, штатқа алайын деп отырғанбыз. Онда біз сені штатқа қабылдамаймыз», деп кесіп айтты.
Ол жылдары біз бұрынғы көк базар маңындағы екі қабатты үйде шағын ғана бір бөлмеде тұрып жатқанбыз. Негізі бір бөлмелі пәтерлерде ас үй болады ғой. Ал ол жерде түк жоқ. Жай ғана бір бөлме бар еді. Жолдасымыз екеуміз ақылдасып, оқу мәселесін кейінге шегердік. Мақсатым екі жаста болатын. Іссапарларға кеткен кезде оны ауылға атасы мен апасына апарып тастайтынбыз. Айтып-айтпай не керек, жұмыс істейік деп шештік. Содан театрға қабылданған бетте мен ең алғаш Шолпанның, «Бөлтірік бөрік астында» қойылымындағы Марфуғаның рөлдерін сомдадым. Сөйте-сөйте көптеген рөлдер бұйырды.
Театрдың іргетасын қалаған Халық әртісі Шәріпбай Сәкиев, Халық әртісі Алтын Ружева, еңбек сіңірген әртістер Мұқаметқали Табанов, Гүлжамал Батырғалиева бастаған мықты әртістермен бірге еңбек еттім. Осы кісілер менің қателескен жерлерімді түзеді. «Бұл жерде былай істейсің, мына жерде былай етесің» деп бағыт-бағдар беріп отырды. Шәріпбай Сәкиев «сахнада бір аяғың, денең бос тұрмауы керек» деп сахнаның өмірін үйретті. Міне, сол кісілердің арқасында театрда жұмыс істеп жатқаныма алпыс жылға таяды. Келесі жылдың он үшінші сәуірінде Алла қаласа алпыс жыл толады. Осындай театр майталмандарының қасында жүріп еңбек еткенім үшін өзімді бақытты адам санаймын.
– Мақсұт ағамыз дүниеден озған кезде басқа да жұмыстар істегеніңізді білеміз…
– Ой, ол кезде не істемедік? Мен тұрған үйдің астында облыстық сауда орталығы басқармасы болды. Сол жерде жұмыс істейтін бір келіншек үйге кеп шай ішіп жүретін. Бір күні қоңырау шалып: «Апай, ты будешь у нас работать?» деп тұр. Өзі орыс тілді еді. Қандай жұмыс екенін сұрап едім: «Техничка» деп жауап берді. Түнде мені кім көріп жатыр? Келістім. Үйдің астына түсе салып, жинап қоямын. Бір-екі сағатым кетеді. Ол маған қиын болып па? Кейін сол жердің бастығы болған Жандарбекова қызмет ауыстырды. Орнына келген орыс кісі қысқарту жұмыстарын жүргізді. Жаңа басшы маған: «Апа, сіз түнгі қарауыл болуға келісесіз бе?» деп сұрады. Келісім бердім. Осылайша түнде мекемені тазалаймын әрі қарауыл боп еңбек етемін. Одан бөлек театрда бутафор секілді көптеген жұмыстарды қосымша атқардым. Кейде тік жүруімнің себебі тынымсыз еңбектің, қозғалыстың арқасы деп білемін. «Адал еңбек – бәрін жеңбек» деген рас-ау.
Бәрі Алланың рақымының арқасы деп білемін. Түбінде бәрі жақсы болады деп жүргенде баламнан айрылдым. Отағасы ұзақ ауырды. Бағып-қақтым. Амал қанша, ол кісінің кететіні белгілі болды. Себебі отағасы жаман ауруға шалдықты. Тері ауруы ақыры алып тынды.
Соғысқа ап кетеміз деп аудандық әскери бөлім ертіп әкеткен кезде сол жерде жұмыс істейтін нағашысы алып қалған. Сөйтіп Шығыс Қазақстандағы Канайка деген жердегі вольфрам шығаратын шахтаға апарып, жұмыс істеткен. Бір жыл сонда еңбек еткен. Оның да әсері болған шығар. Әйткенмен біздің докторлардан да ағаттық кетті-ау. Арқасына бармақтай қара сүйел шыққан еді. Қазақ сүйелге тимейді ғой. Емханадағылар оны кесіп алып тастапты. Түбінде сол сүйел отағасын алып кетті деп ойлаймын. Егер докторлар қанын тексеріп, зерделегенде тағы бір бес жыл өмір сүретін бе еді? Кім білсін. Баласы оқу бітірмеді, үйленбеді. Былайынша айтқанда, жер ортасында қалдым ғой.

«Табановтың үйін он бес күн паналадық»

– Мақсұт ағаны Тұрар Дүйсебаев жағдайын жасаймын деп жұмысқа шақырды. Келдіңіздер. Бірақ ол кісі жұмыстан кетіп қалған. Осы хабарды естігенде қандай күй кештіңіздер?
– О-о-о, ол кезде қанша дегенмен халықтың пейілінің кеңдігін көрдік қой. Мұқаметқали Табанов ақсақал бізді үйінде он бес күн тұрғызды. Ауылдан қамсыз келгенбіз. Болмаса қайтып кетерміз деп ойлағанбыз. Бірақ келген соң отағасына Бекежанды, Ертарғынды ойнатты. Сөйтіп, театрға алды. Енді артқа жол жоқ. «Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман» деген сөзге қалмайық дедік. Не болса да көрейік деп театрда қалдық. Құдайға шүкір, Әулиеата жері топырағы қасиетті өлке ғой. Таяқ ұстап келгенге тай мінгізетін өңір екеніне көз жетті. Үйдегі кісі қайтқан соң ағатайым келіп, елге қайтуымды өтінді. Бірақ мен қара шаңырақтың түтінін өшірмейтінімді, киелі Әулиеатаның тек жақсылығын көргенімді айтып, осы жерде жүріп жетілетінімді жеткіздім. Ол жақта мақұл, ағатайым жұмысқа орналастырар. Бірақ онда үйренген ұжымым жоқ қой. Оны да ойладым.
– Кез келген актер немесе актриса өмір бойы бір рөлдерді ойнамай кеттім деп жатады ғой. Сіз де кезінде мына рөлдерді сомдауым керек еді деп ойлайтын боларсыз?
– Мен Баян, Еңлікті ойнадым. Шіркін-ай, «Ай тұтылған түндегі» Таңқабикені сомдасам деп армандадым. Бірақ болмады. Өйткені қойылмады ол кезде. Қойылым қойылған кезде мен Шафақ рөлін сомдадым. Жасым соған сәйкес болған-ды.
– «Құнанбай» фильмі арқылы Мемлекеттік сыйлықты Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында алдыңыз…
– Иә, шүкір. Тәуелсіздіктің арқасында осындай фильмдер түсіріліп жатыр. Сондықтан Аллаға тәубе деймін.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support