- Advertisement -

Мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметте қай деңгейде қолданып жүрміз?

101

- Advertisement -

Елбасы Н.Назарбаев халыққа Жолдауында мемлекеттік тілге айрықша мән беріп, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп атап көрсеткен болатын. Осыған байланысты мемлекеттік қызметкер болғысы келетін әрбір азаматқа мемлекеттік тілді білу керек деген талап қойылды. Әрине, бұл бәрімізге де қатысты. Біріншіден, мемлекетіміздің абыройы, екіншіден, өз тіліңе деген құрмет. Бүгінде Елбасы тапсырмасымен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында түрлі бағдарламалар жасалып, заң қабылданды. Барлық мемлекеттік атқарушы органдар осы бойынша жұмыс атқарып, мемлекеттік тілді толық меңгеруді қолға алған.
Қазіргі таңда орталық және жергілікті атқарушы органдардағы құжат айналымының 91 пайызы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Сонымен қатар елімізде қазақ тілін оқытатын 87 орталық жұмыс істейді. Дегенмен статистикалық есеп және қаржылық құжаттамалардың мемлекеттік тілге ауыспау фактілері де кездесіп тұрады.
Аудандық сот тарапынан мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, оның мәртебесін арттыруға үнемі көңіл бөлініп келеді. Мемлекеттік тілде құжат айналымының пайыздық үлесі туралы ақпарат облыстық сотқа тоқсан және жарты жыл сайын беріліп тұрады. ҚР Жоғарғы Соты тарапынан бұл мәселені жоғары деңгейге жеткізу мақсатында көптеген тапсырмалар берілуде. Мәселен, өткен жылы аудандық сотта мемлекеттік тілді оқыту бойынша ұйымдастырылған арнайы курстан үш судья мен сегіз мемлекеттік қызметкер өтті. Аталған оқу курстары Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен жылғы мамыр айында өткен «Рухани жаңғыру – Мәңгілік Ел болудың кепілі» атты дөңгелек үстел қарарын іске асыру аясында бекітілген іс-шаралар жоспарының 5-тармағын орындау мақсатында жасалған.
Сонымен қатар аудандық сот тілдерді оқыту орталықтарымен бірлесіп, қазақ тілін оқыту курстарын ұйымдастырды. Курсты оқыту барысында сот ісін және іс-қағаздарын жүргізу бағыттарына, сот-құқық терминологиясын дұрыс қолдану, сөйлеу мәдениетіне, аударманың түпнұсқамен сәйкестігін қамтамасыз ете алуына, ауызша және жазбаша коммуникация дағдыларын меңгеруіне баса назар аударылды. Соның нәтижесінде судьялар мен мемлекеттік қызметкерлерге оқу курстарын сәтті аяқтағаны үшін сертификаттар берілді.
Қазақстан Республикасының тіл саясаты мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған. Мұны, яғни мемлекеттік тілді білуді әр азамат өзіне парыз санап, қолдауымыз қажет. Сонда ғана мемлекеттік қызметтегі қазақ тілінің мәртебесі жоғарылайды.

Берік ИМАНАЛИЕВ,
аудандық сот кеңсесінің жетекші маманы.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support