- Advertisement -

Жолаушыларым есірткіге елтіген «бәңгі» болып шықты…

135

- Advertisement -

Біз мінген такси жүргізушісінің әңгімесін осылай сабақтауы селт еткізген. «Иә, одан әрі не болды?» деп қоймай сұрап, еміне түстік.
– Күн батуға айналған. Шағын аудандардың бірінен қазақтың өрімдей екі жас жігіті міне қалды. Өздері асығыстау екен. Орталыққа баратындарын айтты да, артқы орындыққа жайғасты. Қол сөмкелерін ақтарыстырып, күйбеңдесіп жатқан. Алғашында мән бермеген едім. Сөйтсем, олар сол қолдарын мықтап таңып, бір-біріне уколмен есірткі егіп жатыр! Сөйтсем жолаушыларым… есірткі тұтынбаса қарға адым жер жүре алмайтын «бәңгілер» болып шықты. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген едім – оларға не айтарымды білмей, абдырап қалдым. Әлгі екеудің менімен шаруасы да жоқ. Қан тамырларын қуалай жөнелген уыты құрғыр әсер етті ме, көздері жайнап, көңілдері жайлана түсті. Ал мен олардан қалай құтылуды ойлап келемін. Ауыз ашуды айтасың, ілігісіп қалам ба деп, рөлде қу жаным отыр. Дес бергенде, орталық алаңға да жеттік. Олармен есеп айырысып береке таппасымды біліп, «ал жігіттер, жақсы» деп көлігімнен әуелі өзім созалаңдай түсе бердім. Әлгілердің бірі «братан» деп тілі күрмеліңкіреп әлдене айтуға оқталып еді, екіншісі қоярда- қоймай оның қолтығынан демеп түсіріп, көпшіліктің арасына сіңіп жоғалды.
Бұл мәселенің баршамызға қатысы бар. Қоғам қауіпсіздігі сақталуына көп болып атсалысуымыз қажет. Әсіресе біз секілді түнде де жатпай, жолаушылар тасымалдауды кәсіп еткендерге қиын болып тұр. Нашақорлардың арамызда алшаңдай басып жүруінен де күтілер қауіп мол. Осындайда такси жүргізушілеріне полиция қызметкерлері бес-он минут ішінде шұғыл көмекке келіп үлгеретіндей ахуал қалыптастырылса артықтық етпес еді. Не деп болады? Әлгі оқиғадан кейін өзімнің де рөлге қолым бармай, біраз уақытқа дейін сүле-сапа күй кешкенім бар, – деп әңгімесін аяқтады жүргізуші жігіт.
Көбінесе біз, жасыратыны жоқ «ғасыр дертіне» айналып үлгерген нашақорлықтың өзімізден ауылы әлі де алыс секілді көреміз. Ауғанстанмен, басқа да мемлекеттермен арадағы есірткі тасымалының транзиттік дәліздері, Шудың «қара сорасы» жөнінде әредікте айтылып қалып жатады. Пойызда, жолда, кеден бекеттерінде апиын, гашиш, марихуана, анаша, геройн секілді есірткілік заттармен тұтылып жатқандар қаншама! Бәрі де бізді жанамалай өтетіндей. Өңіріміз есірткілік заттарды әрлі-берлі алып өтетін өткел ғана, бізге мұның бірінің де қатысы жоқ секілді. Солай болса, жақсы-ау!
Бірақ нашақорлық дерті өз ішімізге де дендеп еніп, «бес қаруын асынған» дертті қоздырушылар босаға-босағадан батыл сығалай бастаған сыңайлы. Бұған бүгінде ауылдарда айтылатын әңгімелер, орын алған оқиғалар толық айғақ боларлықтай. Таңдап тиген жігіті нашақор болып шығып, ажырасып, қыздай жесір атанған аймаңдай аруларымыз қаншама! Әкесіз өсіп, жетілер ұрпақтың тағдыры не болмақ? Қазақтың санын көбейтер ұрпағымыз азып, жаңадан көтерілген шаңырақтары ортасына түсіп жатыр. Бұл қасірет емес пе? Қасірет болғанда қандай!
Кейбір бейресми дерек көздерінен өңірімізден есірткілік заттарды алып өтушілерді «қызыл жағалылар» оқта-текте жоспар орындау үшін ғана «тұтқындап», көбінесе тимей, еркіне жіберетінін алдын ала келісілетінін естіп жатамыз. Жалған болар. Алда-жалда мәселе шынында да дәл осы бағытта жалғаса берер болса, есірткі бизнесіне қарсы күрестің жуық арада тыйылмасы анық.
Біз, міне, осылай бірімізге туыс, бірімізге дос болып келетін нашақорлармен бірге, бір қоғамда етене өмір сүріп те жатырмыз. Оларды өмірімізден тыс қарастыра да, оқшаулай да алмаймыз. Олар неге осындай күйге түсті? Жастар бойына зардабы ауыр дағдыны телуші күш бар ма? Болса, кімдер? Есірткі тұтынушылар шоғырының қалада, ауылда болсын бұрнағыдан қаншалықты артқанын немесе азайғанын зерделеп, мониторинг жүргізіле ме? Қалай болғанда да есірткі бизнесіне үзілді-кесілді тоқтам салуға, алдын алуға, болдырмауға, нашақорларды арнайы тіркеп, қатаң бақылауда ұсталуы, олардың сауықтырылуына байланысты жоспарлы һәм жүйелі, пәрменді шаралар жүзеге асырылуға тиіс. Жасырып-жабатын ештеңесі де жоқ. Ал «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейтін» болады.
Айылымызды жияйық, бесігімізді де, есігімізді де түзейік, сөйтіп қасірет мұзтауы қалыңдай беруіне титтей де саңылау-сызат, жол қалдырмауға күш салайық, әлеумет!

Баймаханбет АХМЕТ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support