- Advertisement -

Есірткі саудагерлерін есіртпеу керек

594

- Advertisement -

Нашақорлық дерті қай уақытта болмасын қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығына қатер төндіретін аса қауіпті кеселдің бірі ретінде өз маңызын ешқашан жоғалтқан емес. Сол себепті де, еліміздің арнайы қызметтері есірткі тасымалына қарсы аяусыз күрес жүргізіп келеді. Әртүрлі мерзімді басылымдар мен телеарналар күн сайын еліміздің әр аймағында ірі көлемдегі есірткі тасымалдаушылардың құзырлы орындардың құрығына ілінгенін көрсетіп жатады. Осындай мәліметтерден-ақ бүгінде бұл бағыттағы жұмыстың барынша жүйелене түскенін байқауға болады.

Оның үстіне облыстық наркологиялық диспансердің есебінде тұрғандардың саны да жыл санап кеміп келеді. Мәселен, 2016 жылдың алғашқы алты айында диспансердің есебінде 10 537 адам есепте тұрса, өткен жылдың алғашқы жарты жылдығында бұл көрсеткіш 7 328-ді құраған. Бұл есірткі тасымалына қарсы күрестің барынша күшейтілгенін білдірсе керек-ті. Нашақорлықпен күрес – ессіздікпен күрес екендігі баршаға белгілі. Себебі бұл жолда қаншама ғұмыр қыршынынан қиылды. Талай жас темір торға тоғытылды. Солай бола тұра, есірткі саудасының көрігін қыздыратындар ебін тауып, өз кәсіптерін барынша құпия түрде жүргізуге тырысып бағуда. Тіпті өз «тауарын» шекара асырып, өзге елдегі сыбайластарына жеткізіп беретін кәсіби қылмыстық ұйымдар кәсіптің дәл осы түрінде көшбасшы саналады екен. Өз кезегінде, қазақстандық құқық қорғау қызметі есірткі бизнесіне қарсы күресті барынша күшейте түсуде. Күрестің нәтижелілігі сол, арнайы қызмет өкілдері есірткі тасымалын ермек еткен жеке азаматтардан бөлек, қылмыстық ұйымдарды да құрықтауда.
Облыстық ішкі істер департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері есірткі тасымалдайтын ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау, жою шараларын мақсатты түрде жүргізіп келе жатқанын біліп те, көріп те жүрміз. Осындай жұмыстардың барысында олар өзге өңірлердегі есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармаларымен әріптестік байланыс орнатып, есірткі заты тасымалының жолын кесу бойынша бірлескен іс-шаралар да ұйымдастырып келеді.
Айта кету керек, облыстағы есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша өткізілетін шаралардың ішінде Шу ауданындағы «Көкнәр» жедел-профилактикалық іс-шарасының маңызы өте зор. Өйткені Шу өлкесі қарасораны жинауға, қайта өңдеуге жəне еліміздің аумағы мен өзге мемлекеттерге таралуына өте ыңғайлы жерде орналасқан. Сондықтан да бұл аймақ өңіріміздегі криминалдық жағдайға өз ықпалын тигізетін үлкен аудандардың бірі болып есептеледі. Бүгінгі есеп бойынша Шудағы қарасора өсетін алқаптың жалпы аумағы 140 мың гектарға жуықтаған. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Көкнәр» шарасы әр жылдың маусым айларында басталады. Нашақорлардың арқасында кәсібін дөңгелеткен қылмыстық топтар қалталары ортайып қалмас үшін нашақорлардың саны арта түсуіне мүдделі екені сөзсіз. Ал олардың алдын алу бойынша Ішкі істер департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы бүгінге дейін бірнеше іс-шараны қолға алып, жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Солардың ішінде жыл сайын маусым мен қазан айлары аралығында өтетін «Көкнәр» іс-шарасын ерекше атауымыздың да өзіндік себебі бар. Неге десеңіз, дәл осы үш айдың аралығы есірткі тұқымдас өсімдіктердің көбейетін жəне пісетін уақытымен тұспа-тұс келеді. Дәстүрлі «Көкнәр» шарасы Шу алқабынан каннабистік топтағы есірткі дайындаумен, шығарумен айналысатын адамдарды құрықтау, сондай-ақ «Ауған» есірткі арнасының транзитін жою, каннабистік топтардағы есірткінің алғашқы шығарылатын жері ретіндегі есірткі өндірісін жоюды мақсат етеді. Бұдан бөлек, қылмыстық жолмен қаржы табуды көздейтін топтарды түп-тамырымен ұстау да шараның басты міндеті саналады. Осы мақсатта аудандағы негізгі магистральдық жолда «Рубеж-Есірткі» деп аталатын 4 жылжымалы бекет құру арқылы өңірдегі нашақорлық жəне есірткі қылмысы деңгейін төмендету қолға алынған. Аталған бекеттер қазіргі кезде тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Түнде қолданылатын қазіргі заманғы техникалық құралдармен жабдықталған мобильдік жедел-іздестіру топтары да есірткі бизнесіне тосқауыл болу үшін барын салып жұмыс істеуде.
Қазан айының соңына дейін жалғасатын шара аясында, әсіресе Шу ауданында көптеген қылмыстық істің беті ашылып, есірткі тасымалдаумен айналысатындардың көбісінің жолы кесіледі. Мысалы, ағымдағы жылдың алғашқы бес айының өзінде 200-ден аса қылмыстық іс анықталған. Оның 50-ге жуығы Шу ауданында тіркеліп, барлығы 170 келіден аса есірткі заттары тәркіленген. Олардың қатарында 3 келі героин, 23 келі гашиш және 144 келі марихуана бар. Тағы бір айта кетерлігі, облыс тұрғындары арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында облыстық Ішкі істер департаменті арнайы жоспар бойынша көптеген іс-шараларды өткізуде. Мәселен, үстіміздегі жылдың алғашқы бес айында мемлекеттік және үкіметтік емес мекемелермен өзара әрекеттесу бойынша орта мектептердің оқушылары және жоғары оқу орындарының студенттері арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған 265 шара өткізілген. Оның ішінде 159 дәріс, 19 кездесу, 9 семинар, 12 байқау, 7 флешмоб және 15 дөңгелек үстел ұйымдастырылып, олар есірткі тәуелділігінен емделудің және психоактивті тәуелділіктің алдын алу бойынша қосымша метариалдармен таныстырылыпты.
Осындай мәліметтерге сүйене отырып, облыстағы есірткі бизнесіне қарсы күрес шараларының барынша қарқынды жүргізіліп жатқандығын байқау қиын емес, әрине. Әйтсе де Жамбыл облысының, оның ішінде Шу ауданының транзиттік мүмкіндіктері есірткі тасымалымен тынымсыз күрес жұмыстарының саябырсып қалмауын міндеттейтіні сөзсіз. Осы ретте, мұндай ауыр жауапкершілікті мойнына алып, өз қызметтерін мінсіз атқарып жүрген жауапты қызметкерлер алдағы уақытта да барынша қырағылық танытып, нашақорларды құрықтауда еш аянып қалмайды деген сенімдеміз.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support