- Advertisement -

25 орындық қайда?

117

- Advertisement -

Илья Ильф пен Евгений Петровтың әйгілі «Он екі орындық» деген романындағы орындықтардың «тарихы» туралы жақсы білеміз. Ал біз сөз етіп отырған «25 орындық» қайдан шықты?
Тараз қаласындағы «Тәжібай» базары мен «Дос-Нар» сауда орталығы аралығында ескі аллея бар. Әйтсе де бұл жерді демалыс орны деп айтуға ауыз бармайды.
Себебі Төле би көшесінің осы тұсынан жаяу жүре қалсаңыз, қанша шаршап тұрсаңыз да отырарға орындық таппайсыз. Дамылдағыңыз келсе аялдамаларға немесе су жағасындағы үйсіз-күйсіз жүрген немесе ішімдікке сылқия тойып алғандардан босай қоймайтын, босаса да қаулаған шөптен көріне бермейтін кішірек орындыққа таласып-тармасып отыруыңызға тура келеді. Өйтпесеңіз, бұрынғы «Мәңгілік алаудың» ескі ескерткіші маңына барып бір-ақ аялдайсыз. Егер кері беттеген болсаңыз, алдымен осында әбден аяқ суытып алғаныңыз абзал. Бұлай етпесеңіз, жарты шақырымға жуық қашықтықты еңсеру барысында қатты қалжырап қалуыңыз бек мүмкін. Алайда абыржымаңыз, серуендеушілер сияқты сіз де субұрқақтардың жиегіне жайғасып, демала аласыз. Төңіректе басқа орындық атаулы жоқ дегенім емес бұл. Ондай дүние бар. Нақтырақ айтсам, болыпты. Тіпті о баста 26 орындық тұрған. Бүгінде оларды сыңарынан айырылып, жалғызсыраған аққудай менмұндалаған қоқыс жәшіктерінен және «асылдың сынығындай» боп жатқан орындарынан аңғару еш қиындық туғызбайды.
Тұрғындардың айтуынша, 2016 жылғы қазанның өзінде мұнда бар-жоғы 4-ақ орындық тұрса, желтоқсан айында соның небәрі 2-еуі қалған.
Бұған иланбасқа шара жоқ. Өйткені біреуінің жалғыз ағашы қалған, ал екіншісінің отырғышы мүлде жоқ, құр жақтаулары сақталған қос «сарқыншаққа» мамыр айында ғана өзіміз куә болған едік. Бүгінде соның темірі түбімен жоқ. Әйтеуір бар салмақ әлгі «жаны сірі» бір-ақ ағашқа түсіп тұр. Атақты романның соңында 12 орындықтың қызығын ел көретін еді. Ал мына жоғалған 25 орындықтан кім пайда тапты екен? Немесе кімнің көзіне күйік болды екен?
Сөздің тоқетері, былғары комбинаты аумағының көркіне айналған аллея бүгінде сәні кетіп, құты қашқан мекенге айналған.

Альмира Омарова
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support